Ғасыр жасаған әже

(0 Votes)

Ақкөл ауылдық округінде Ұлы Отан соғысы жылдары темір жол табанын төсеуге, қираған Сталинградты қалпына келтіруге қатысқан тыл ардагері, «Алтын алқа» иегері Нұрсұлу Сұлтанованың 100 жасқа толуына орай салтанатты шара ұйымдастырылды.

Нұрсұлу Исахатқызы 1918 жылы 29 тамызда Нұржау ауылдық округінің Кіштай түбек ауылында өмірге келген. Ауылдан 7-8 шақырым қашықтықтағы төрт жылдық бастауыш мектепте оқып сауатын ашқан. Соғыстан кейін балықшы Қабдыжәлел Сұлтановпен отбасын құрып, ауданымызда түрлі қызметтер атқарды. Өмірге 8 бала әкеліп, 27-ден аса немере мен жиендер, 50 шақты шөбере, олардан басқа шөбшегі мен неменесін сүйіп отыр. Барлығын қосқанда 107-ден аса ұрпақ бар. Балаларының алды 70-ке аяқ басса, кенжесі 60-тың алқымына шыққан. Ұлы Отан соғысының 60, 65, 70 жылдық мерейтойлық медальдарымен ұлығыланған.

Салтанатты шарада аудан әкімі Бибоз Шаяхметов: - Нұрсұлу анамыз жаңа өмірбаянында айтқандай қиын кездерде еңбек етіп, өмірлік жарымен ел дамуына үлесін қосып, сегіз бірдей ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, ержеткізді. Өткен жылы Асан ауылдық округінде соғыс жесірі Уағиса Мұхтарова анамыз 100 жасқа толған болса, бүгінгі күні Нұрсұлу әжеміз өздеріңіздің орталарыңызда аман-есен Алланың берген жасына жетіп отыр. Әжемізге құдай қуат беріп алға қарай да балаларының, немерелерінің, шөберелерінің қызығын көріп ортамызда осылай жүре берсін дегім келеді. Осындай жүзге толған аналарымыз, аталарымыздың қатары көбейе түссін, - деп кейуананы «Ғасыр әже» атануымен құттықтап, Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасын, Құттықтау хатын, сый-сияпатын табыс етті. Нұрсұлу Исахатқызы әжеміз аудан басшысына қош келдіңін айтып, ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев: - 1942 жылы жау Сталинградқа таянғанда Гурьев-Астрахань темір жолын салуға ұйғарым шығады. Сол жылдың қараша айында басталған жұмыс 1943 жылдың маусымына дейін жалғасады. Оған біздің ауданнан екі жүз елудей адам қатысады. Олардан қазір ауданымызда он жетісі бар. Алды 100, соңы 94 жаста. Солардың бірі осы анамыз. Сондықтан ұрпақтарының тірегі, сүйеніші Нұрсұлу Исахатқызына әлі де аман-есен отыра беріңіз деген тілегімді айтамын, - деп аудандық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатын табыстады.

Одан әрі ақ тілектер легін Ақкөл ауылдық округінің әкімі Бисембай Рамазанов, ауылдық мәдениет үйінің директоры Самат Қапизов, ағайындары мен балалары атынан Ержан Ғайнетов, ұлы Қайырболат пен қызы Тілекші жалғастырып, сыйлықтарын ұсынды. Ақкөл ауылдық мәдениет үйінің өнерпазы Қуаныш Әжіханов, «Ақкөл әуендері» аналар ансамблінің көркемдік жетекшісі Светлана Бердешова «Анашым», «Көз көргендер» әндерін орындады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521