«Асқақ ордам, ару қалам – Астана»

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Алты алаштың абыройына айналған еліміздің бас шаһары Астананың 20 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиын өтті.

Алдымен зал толы көрермен «Лед» экран арқылы күн санап қарқын алған алып та сәулетті құрылыстарымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып жатқан инновациялық жобаларымен көпшілікті тамсандырған Елорданың бүгінгі бет-бейнесі жайындағы бейнероликті тамашалады.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов құрманғазылықтарды жалпыұлттық мерекемен құттықтап:- Осыдан 20 жыл бұрын Арқаның кіндігінде орналасқан облыс орталығы болып келген Ақмола қаласы Астана атауын иемденіп, ұлан-байтақ Қазақ елінің Елордасына айналды. Қазіргі Астана – әлемдегі әсем қалалардың бірегейі. Ол тек Орта Азия мен Қазақстанның ғана емес, әлемдік саясатқа ықпал ететін халықаралық басқосулардың алаңына, еліміздегі әр саладағы жетістіктердің символына айналып отыр. Биылғы жылы «Елорданың 20 жылдық мерейтойына сый» акциясы аясында өңірлерден сый ретінде 10 жаңа нысандар тарту етілуде. Олардың арасында Атырау облысының тарту-таралғысы тіптен ерекше. Аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы бастаған бір топ делегация 1 шілде күні бас шаһарда болып, өңіріміздің символы саналатын су маржанына ұқсайтын «Атырау көпірінің» ашылу салтанатына қатысып қайтты. Көпір қаланың саябақ аймағындағы жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайды. Оның дизайны сәулет өнерінің әлемдік үрдісіне сәйкес келеді. Сырт келбеті заманауи үлгіге сай, ал жаяу жүргіншілерге арналған ішкі жағы жарық пен көлеңкенің қызықты көрінісін бейнелейді. Көпірдің салмағы 1920 тоннаны құрайды. Оны аралаған Елбасы зор ризашылығын білдіріп, Атырау облысының тартуы өте лайықты екенін және көпірдің Елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет ететініне сенімін білдірді.

Тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі – Астанамыз асқақтай берсін! Бас қаламыздың мерейі үстем болып, еліміздің абыройы үстем болсын! – деді. Салтанатты шарада «Астана 20 жыл» мерекелік медальдары «Құрманғазы» сервистік дайындау орталығының төрағасы Бержан Кенжебаев, «Қибашев» шаруа қожалығының жетекшісі Темірболат Қибашев, «Сүйіндік» асыл тұқымды қой зауытының бригадирі Серік Түкестаевқа табысталса, аудан экономикасын дамытудағы және мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы елеулі еңбегі үшін бірқатар жеке кәсіпкерлер, дәрігерлер мен мемлекеттік қызметшілер облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен ұлығыланды. Шараны жүргізушілер Р.Исмагулов пен Г.Жұмалиева ару қала Астананың ел дамуының тарихындағы маңызына тоқталып өтті. Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлы қысқа мерзім ішінде салынған айбынды мегаполис, Тәуелсіздіктің символы атанған Елорда жөнінде орамды ойын алға тартып, заманауи Астананы зор мақтан тұтатынын жеткізді. Сұлу да әсем шаһарға арнаған «Киелі Ордам» деген өлеңін шабыттана оқып берді. Астананың құрдасы Алматы технологиялық университетінің студенті Маржан Идаят жастар мен болашақтың қаласы болып табылатын Еуразия кіндігіндегі сәні мен салтанаты жарасқан әсем шаһарды туған күнімен құттықтап, туған елінің көркеюіне одан әрі өз үлесін қосқысы келетінін айтты. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Е.Құлшаров, Г.Ермұратова, Ж.Сәрсенғалиева Елордаға деген елінің шексіз махаббатын айшықтайтын өлеңдерді нақышына келтіріп оқыса, Д.Абайқызы, Қ.Хасанов, Н.Омарова, Е.Сағынғали, Г.Кенжешова, Ж.Кенжеғалиев, Т.Қажыгереев, М,Мәмбетов сынды өнерпаздардың орындаған «Астана» туралы әндері шараның шырайын аша түсті. «Айна», «Қарлығаш» би топтарының қойылымдары да көрермендер көңілін толқытқаны анық. Осылайша, Астана күніне арналған айтулы шара құрманғазылықтар үшін баға жетпес мерей-мәртебеге айналды.

Айнагүл ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521