Қаржыгерлер құрметтелді

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында 15 қараша – Теңге күніне орай «Ұлттық нышан – ел мақтанышы» атты қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекелік салтанатты жиын өтті.

Үлкен экраннан атаулы күнге арналып түсірілген бейнеролик көрсетіліп, сала ардагерлері Абдрахим Абдуллин, Күләш Нұғыманова ізбасар әріптестерін мерекемен құттықтады.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Хасанова жасаған баяндамада ауданымызда қаржы қызметінің қалыптасуы түгелдей қамтылып, аға буын ардагерлердің, кейінгі толқын сала мамандарының есімдері аталды.

img_7215

– Қаржы бөлімі алғашқы кезеңдерде мемлекеттік сақтандыру, қамсыздандыру, салық қызметін біріктіріп атқарып жүрді. Кейіннен бұл қызметтер өз алдарына бөлініп дербес бөлімдер болып құрылды. Ал, 2013 жылдың қазан айында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі аудандық қаржы бөліміне қосылып, қазіргі аудандық экономика және қаржы бөлімін қалыптастырды. Осы кезең ішінде бөлім ауданның тұрақты экономикалық өсуіне және бәсекелестік қабілетінің сапалы деңгейіне жетуіне себепкер болатын әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ, бюджеттік қаражатты жоспарлау және тиімді пайдалану, оның орындалысын қамтамасыз ету, ауданның коммуналдық меншігін тиімді басқару сынды жауапты жұмыстарды атқаруда. Өткен жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мәселелерін шешудегі ауыл әкімдерінің дербестігін кеңейту мақсатындағы жұмыстарына, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда, - деген баяндамашы аудан бюджетінің табыс бөлігіне түсімдердің түсуі, шығыс бөлігінің мақсатты орындалысы, бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асырылуы, жергілікті атқарушы орган резервінің жұмсалуы, әлеуметтік қолдау шаралары жайында қысқаша мәліметтерді назарға берді.

img_7230

Құттықтау сөзін арнаған аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров бұдан 26 жыл бұрын өмірге келген төл теңгеміз ел тарихында Қазақстанның дербес даму жолына түскендігін айғақтаған елеулі оқиға болғанын атап өтті.

– Мемлекетіміздің қаржы саясаты отандық экономиканы дамытудың теңдессіз құралына айналды. Бұл қадам бізге әлеуметтік және саяси мәселелерді оңтайлы шешіп, мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделін арттыра түсуге мүмкіндік берді. Қаржы жүйесі қызметкерлерінің басты міндеті экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету болса сала мамандары ел дамуына өлшеусіз үлесін қосып келеді, - деп бірқатар аға буын қаржыгерлерге аудан әкімінің Құттықтау хатын табыстады.

img_7240

Сондай-ақ, қазіргі уақытта жемісті еңбек етіп жүрген аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Б.Олжабаеваға, «Атырау шағын несие беру ұйымы» ЖШС кредиттік сарапшысы А.Көшекбаеваға, Мақаш ауылдық округінің бас есепшісі Р.Байғазиеваға, аудандық ветеринария бөлімінің есепшісі Г.Есенғалиеваға, аудандық қазынашылық басқармасының бас маман-қазынашысы А.Нұржановаға, «Қазақстан Халық банкі» АҚ аудандық басқармасының бақылаушы кассирлері Э.Азатоваға, Д.Абишеваға, «Қазпошта» АҚ аудандық пошта торабының жетекші мамандары Н.Тыныштықовқа, М.Қабдоловаға аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

img_7241

Сала ардагерлері атынан сөз алған Света Әмірова ізбасар әріптестеріне ізгі тілегін арнап, банк жүйесінде ұзақ жылдар жұмыс жасап, тәлімін үйреткен Қати Суфалдияров, Нұрлығайын Зияшев ағаларының жарқын бейнесін тебіреніспен еске алды.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521