Арманым – ата кәсіпті алға шығару

(0 Votes)

Елбасының «Жастар жылын» ашу салтанатындағы әр саладан жастар өкілдерінің жігерлі сөздерінен, Президентіміздің биылғы жылы қамқорлық шараларына бұрынғыдан да гөрі басымдық бергелі отырғанын өз құлағыммен естіп қуанып қалдым.

Жүргізуші басталар сәтте айтқанындай менің де жүрегім елім деп соғады. Бабалардан басты аманат ретінде аман-сау қалған туған жер төсінде абыройлы еңбек ету үстіндемін. Екі бірдей оқу орнын, атап айтқанда: Алматы ауыл шаруашылығы университетінің мемлекеттік жергілікті басқару бөлімін және Атырау мұнай-газ институтын тәмамдадым. Жас маман ретінде түйіндеме жіберген жерлерден «тездетіп кел» деген хабар да түсті.

Бірақ, бүйрегім ауыл шаруашылығы саласына бұрды да тұрды. Өйткені, үлкен атам Сұлтан Мұхамбетқалиев соғыс жылдарында жылқы малын өз төлі есебінен көбейтіп, кеудесіне Алтын жұлдыз тағып «Социалистік Еңбек Ері» атанса, оның ұлы, әкемнің әкесі Қыдырсиық Сұлтанов өмір бойы мал шаруашылығы саласында абыройлы еңбектенген адам, қазір зейнеткерлік шағында. Өз әкем Сабыржан Сұлтанов Құрманғазы өндірістік кооперативінің төрағасы, ғалым-зоотехник, шаруаның қыр-сырына әбден төселген жан.

«Екі бірдей жоғары оқу орынын жақсы тәмамдадың, бақытыңды басқа саладан іздесең қайтеді» деген ата-ана, ағайындардың ақылына қарамастан өз дегеніммен жүріп, кооперативке алғашында жай маман болып жұмысқа орналастым.

Біраз мезгіл өткенде әкемнің маған көңілі толатынын байқадым. Сынап көрді, айлар бойы сайын қырда малшылар арасында ұстады. Бар шаруаға араластым. Құдық қазыстым, мал қайырыстым, қора жөндестім, тауаным шағылмады.

Бұл күндері жылқы-түйе фермасын басқарамын. Табыс көрсеткішіміз жылдан-жылға жоғарылап келеді. Ата-анаға иек артпай үйлене қалсам, үй салсам, автокөлік алсам өз қаражатым өзіме әбден жетеді. Мал шаруашылығына келем деген замандастарыма қандай көмегіміз де әзір. Абай атам айтқандай «есектің артын жусаң да, мал тапқанның ұяты жоқ». Өйткені, адал еңбегің, табанақы маңдай тер жемісі.

Елбасымыз айтқан «Біздің 40 мың гектар егіндік, 180 млн гектар жайылымдық жеріміз бар, ата-бабамыздан қалған...». Осы жерді халқымыздың игілігіне өзіміз айналдырайық, егін егейік, мал бағайық, құрылыс салайық. Бұл күндері мал шаруашылығына ғылыми технологияны енгізу бағытында жоспар-жоба жасақтау үстіндемін. Өзім қатарлы жастарға бос жүрісті қойып, бізге арналған жылда елімізді өркендетуге үлес қосайық дегім келеді. Арманым – ата кәсіпті алға шығару.

Сұлтанов Батырхан Сабыржанұлы,

Құрманғазы өндірістік кооперативінің жылқы-түйе фермасының меңгерушісі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521