«Алтын бесігімнен ғана айналдым»

(0 Votes)

Жол жүрем, бармасам елге болмайды,

Тынысымды ашам, тіреймін елге маңдайды.

Ет жақындарым аттанып кеткен келмеске,

Көз көргендер де азайып қапты, сол қайғы... - деп әсем әнде шырқалатындай, туған жеріне сағынышын алып жеткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлшара Есетқызына ауылдастары ықыласты құрметін аямай көрсеткенінің тағы да куәсі болдық.

Асыл азаматы, атақты әнші Биғали Әбдірахмановтың кіндік қаны тамған, балалық шағы, бозбала күндері өткен киелі Қошалақ өңіріндегі бұрынғы «Жаңа жол» ұжымшарының қырдан ойға ойысқан бүгінгі ел-жұрты Орлы мен Еңбекші ауылдары бөлек-бөлек қошеметтерін жасады. Алқалаған әлеуметтің бірі тыпыршыған тұлпардың жалынан сипатса, енді бірі боз інгенді бұйдасынан жетелетті. Екі округтің де мәдениет ошағында ауыл тұрғындары зор қошеметпен қарсылап алып, төрлерін ұсынды.

i

img_7290

Еңбекші ауылдық округінде өткен «Өнер дарыған ұлағатты ұстаз» атты шараны ауылдың атқамінерлері, ардагерлері, елжанды азаматтары, өнерпаздары қызу дайындалып, есте қаларлықтай қылуға тырысты. Мұны өз сөзінде ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ғаділхан Қалиұлы елжанды азамат Қамат Ғаббасов бас болып ұйымдастырғанын атап өтті. Сахна төріне шығып төгілдіре сөйлеп өткен шаққа шегініс жасап, естеліктің қоламтасын қоздырғандардың әсерлі сөздері баршаны ұйытты. Ата-ананың аялы алақанын аздау көрген ағайынды Әбдірахмановтар нағашы атасы, көрік басып, ұсталық еткен шебер Имамұрат Кәрімұлының қолына келгенде балалардың үлкені Биғали онда, Қадірғали алтыда, Серікқали бар болғаны екіде болыпты. Нағашы жұртынан тек пана көрмей, тәрбие де, өнеге де жиыпты. Шетінен өнерлі балалар жайында айтылған есті әңгіме жетерлік. Соның ішінде алысқа ұзап, гастрольдік сапармен бүкіл Кеңестер Одағын, бауырлас Польша, Чехословакия, Германия елдерін аралған Биғалидың ән әлеміне ауыл сахнасында алғаш қанат қағуын жадыға оралтты. Өнер айдынында табысып, өмір айдынында қатар жүзген Гүлшараның да автоклубқа жетекшілік етіп, мәдени-үгіт бригадамен малды өңірде, дала қосында қосыла шырқаған думан күндерді еске алды.

img_7292

img_7334

Тілек-сөздің де көбесі сөгілді, барлығына тоқталмай, алыстан аңсап жеткен ағайынның ақжарма хатқа түсірген сөздерінде үлкен мағына жатыр. «Туып-өскен ауылды ұмытпағаныңыз үшін, өнер дертіне шалдығып, Алатаудан ән оздырған өмірлік серігіңіз Биғали марқұмның жан рухын жайдары мінезіңізбен желпіп жеткеніңіз үшін де мың-сан рахмет сізге! Сөз жоқ, сағынып келдіңіз, жүрегіңізге сол аңсар сезімнің мөлдір моншағын тағынып келдіңіз. Сіз оған әбден лайықсыз. Зәуімен жүздесе қалсақ, ындыныңмен ақтарылып, көркем мінезіңмен көлдей шайқалып, жастығың өткен топырақтың жасын да, жасамысын да, кейуанасын да, диуанасын да талдап сұрап, тапжылмай түгендейсіз. Жанарыңда, жамалыңда, атакүлдік қасиетті жеріңе, өскен ортаға, бабалар рухына, туыс-бауырға деген махаббат шоғы маздайды. Туған жеріне ылғи да ойша тағзым етіп, туған жерін бір адам шексіз сүйер болса, шіркін, өзіңізше сүйсе екен!» деген жауһар сөздер құрмет иесінің жүрегін толқытып, көзіне жас алдырды.

img_7344

img_7352

Бұл кездесуде де кәусар жырға кезек берілді, қасиетті Қошалағын киесіндей көріп, жырақ кетуге қимайтын Есмұхан(Жанизин) ақын құмаршық иісі аңқыған арнау өлеңін оқыды. Сахнада Биағаның бейнетаспадағы әні тыңдалып, ауылдық клубтың өнерпаздары өнерлерін көрсетті.

img_7363

img_7368

Гүлшара Есетқызы ел-жұрттың осындай риясыз ықыласына басын қайта-қайта иіп ризашылығын білдірді. «Мен баяғы Гүлшарамын ғой, сол тұлымшағы желбіреген қара қызбын» деп сөзін бастаған ол алыстағы Алатау баурайында, Жетісу өңірінде жүрсе де жүрегі де, тілегі де елмен бірге екенін тебірене жеткізді. – Екеумізді алыстағы өнер ордасына артынан алдырған Бақаңа(атақты күйші Бақыт Қарабалина, Биғалидың әкесінің қарындасы) қарыздармыз. Қазақ мәдениетінің бір уығы болып шаншылуымызға сол апамыз себепкер болды. Өнермен өрілген өмір жолымызды баршаңыз да білесіздер. Бүгінде зейнет жасына шықсам да үйреншікті жұмысымнан қол үзбей ұстаздық етемін. Солардың жетістіктеріне марқайып, өзімді бұл қоғамға керек екендігімді сезінгендеймін. Ара-тұра театр студиясында жас өркенді сахна шеберлігіне баулитыным бар. Арысым өмірден озса да одан қалған шаңырақты шайқалтпауға, ол бардағыдай базарын тарқатпауға тырысамын. Бәріне шүкір деймін, Біржанымыздың мезгілсіз кеткені болмаса, бәрі жақсы. Ол да өнерлі еді, «Сүйрік» атты балалар фильмін көрсеңіздер сондағы Марат деген баланың ролін сомдады. Артында оны ұмыттырмайтын Әділет атты немерем бар, балалар байқауының лауреаты. Бұдан басқа бес бірдей жиен, екі шөбере көрдім. Қызым Дина Президент телерадиокомпаниясында жауапты қызметте, Айкенім «Хабар» агенттігінің бөлім басшысы. Қазір екеуі де Елордада тұрады. Мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын, артымда сіздердей қалың ел-жұртым бар, сағынсам мауқымды басып кетемін. Алтын бесігімнен ғана айналдым, көл-көсір пейілдеріңізге көңілім марқайды. Алда жарқын жүзбен көрісетін күндеріміз көп болсын, айналайындарым!

img_7381

img_7389

Аста-төк пейіл ағайын-бауырлары арнайылап жайған ақ дастархан үстінде де кемерінен асты. Осындай дархандыққа мақаламның басындағы әннің «Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта, Аңқылдайды олар, қарамайды олар бар жоққа» деген қайырмасы да дәл келетіндей.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521