«Қалада оқығаннан бізде білім алған тиімді»

(0 Votes)

- дейді облысымызға танымал колледждің басшысы.

- Болатбек Тағанқожаұлы, алдымен өзіңіз басқаратын оқу орны туралы қысқаша айтып өтсеңіз?

- Биылғы 2017-2018 оқу жылынан бастап «1201000- Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету жөндеу және пайдалану», «1504000 - Ферма шаруашылығы», «0508000-«Тамақтандыруды ұйымдастыру», «1401000-Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «1304000-Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша «Баршаға арналған кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында 135 студент қабылданды. Студенттеріміз қазіргі уақытта колледждің материалдық-техникалық базасын,инженер-педагогтар әлеуетін тиімді пайдалануда. Бекітілген стандарттарға сәйкес сапалы білім алуда. Бір құптарлығы, кәсіптік білім беру мекемелерінде білім беру ісі әлеуметтік серіктестіктер мен жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен жүргізілуде. Осы ретте колледжде «0508000- «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «1114000-Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша «Дуальды оқыту технологиясы» негізінде білім беру тәжірибеге енгізілген. 2017-2018 оқу жылында бюджеттік негізде 6 мамандық бойынша 231студент білім алып, оқу жылын аяқтады. Оның ішінде қабылданған 135 студенттің 25-і «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде оқуда. Мамандарды дайындауда қазіргі уақытта 41 инженер педагог қызметкерлер жұмыс жасайды. Олардың ішінде жоғары және бірінші санатты педагогтардың үлесі 42%-ды құрайды. 2018 жылы Атырау облыстық «World Skills Kazakhstan-2018» жұмысшы мамандықтары арасындағы чемпионатына №20 топ «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығының студенті Аделия Зинетуллаева және №30 топ «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығының студенті Андижан Набидулла қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленді.

Алдымызға мақсат етіп 420 орындық колледжді толықтай пайдалану, яғни, оқушылар контингентін көбейту, ауданға қажетті мамандарды дайындау, ауыл шаруашылығы мен тұрмыстық қызмет мамандарын кері бейімдеу мәселелерін қойып отырмыз. Сонымен бірге 2017-2021 жылдарға арналған еңбек бағдарламасына сәйкес қысқа курсты мамандықтарға оқытуды қолға аламыз. Былтырғы жылы аудандық жұмыспен қамту бөлімімен бірлесе отырып кеме жүргізушілерді дайындадық. Негізгі мақсаттардың бірі оқу сапасын арттыру, оған модульдік және дуалдық бағдарламаны енгізу. Барлық мамандықтарда осыны іске асыруды жоспарлаудамыз. Күзде 140 бала қабылдаймыз деп отырмыз. Оның ішінде 25 студентті 052 бағдарлама, ауыл шаруашылығының шебері мамандығы бойынша қабылдаймыз. Жаңа бағдарламамен оқытылатын студенттер білім сапасына қарамастан толықтай шәкіртақымен, жол ақысымен, бір мезгіл ыстық тамақпен, тегін жатақханамен қамтамасыз етіледі. Осыған қоса биылғы оқу жылында электрмен дәнекерлеуші, автокөлік жүргізушісі және фермер мамандықтары бойынша қабылдауды жоспарлап қойдық. Біз алдағы уақытта жастарды ауыл шаруашылығына қажетті көкөніс, жеміс-жидек өсіруші, техник, электрик мамандықтарына оқытып, орта буын мамандар дайындап, қажетті құжаттарын, лицензия табыс етеміз.

- Қазір сіздерде қандай шешімін күткен мәселелер бар?

- Дуальдық оқыту жүйесіне ішінара көштік. Оған себеп ауылдық жерде үлкен кәсіпорындардың болмауы. Ауылдағы бар шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтер дуальды оқытуға толықтай жағдай жасай алмауда. Базалары біздің студенттерге өндірістік тәжірибені ұйымдастыруға толықтай сай келмейді. Бір-екі, әрі дегенде бес студентке дейін ғана қабылдайды. Ал, дуальды оқыту үшін олар топтағы студенттермен түгелдей немесе жартысымен жұмыс жасаулары қажет. Екінші мәселе материалдық-техникалық базамызды жаңарту. Өткен оқу жылында облыстық білім беру басқармасынан бюджеттік сұраныстар арқылы 140-қа жуық партамен, фермер мамандығына қажетті автобуспен қамтылдық. Алдағы оқу жылында да қауіпсіздікті толықтай қамтамасыз ету мақсатында 5 млн. теңгеге жуық қаржыға оқу шеберханасы мен колледждің аумағына бейнебақылау орнатуды жоспарлап отырмыз. Негізгі ғимаратымызда ол бар. Былтырғы оқу жылында жатақхананы да онымен толықтай қамтыған болатынбыз. Тағы бір мәселе 2013 жылдан бері бітпей келе жатырған күрделі жөндеу жұмыстары. Қазір ол аяқталуға таяды. Жобалау-сметалық құжаттарының бәрін бітірдік, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Осы айдың аяғында қорытындысын береді. Содан кейін колледжге жөндеу жұмыстары жасалып, аббаттандыру басталады. Президентіміз алға қойған міндеттердің бірі студенттерді жатақханамен қамту бойынша да жұмыстанудамыз. Салқын, жылы суы келіп тұрған, сантехникалық жүйе орнатылған 100 орындық жатақханамыз бар. Бірақ, оның қазіргі безендірілуі заманауи әлеуметтік талаптарға сәйкес келмейді. Еурожөндеуді қажет етеді. Оның жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға облыстық білім басқармасына сұраныс жібердік. Қаржы бөлінсе бұл жұмыстар жасалады деген ойдамыз. Үшінші мәселе, ол контингент қалыптастыру. Соңғы жылдары ауыл жастары қалаға кетеді. Қаладағы колледждердің де оқытатыны біздегі мамандықтар. Базасы бізден кем болмаса артық емес. Сол себепті мектеп бітірушілермен жыл басынан бері кәсіптік бағдар жұмыстарын ұйымдастырудамыз. Бүгінде де ол жалғасын табуда. Мектеп ұжымы мен ата-аналарды бірлесіп жұмыс жасауға, Үкіметтің қазіргі бағдарламасына сәйкес ауылдағы 9 немесе 11 сынып бітірген жастарды кәсіптік білім алуға шақырамын. Ауыл жастарына айтарым қалада оқығанның тиімсіз тұстары, тұру шығыны бар. Қаладағы колледждердің көпшілігі жатақханамен, асханамен толықтай қамтылмаған. Ауылда оқыса біріншіден үйінен кіріп-шығады, екіншіден шығын аз болады. Былтыр қаланың колледжінде оқитын екі студент бірінші семестрден кейін бізге ауысып, оқуын жалғастырды. Оның алдыңғы жылдары да осындай жағдайлар орын алды. Соған қарағанда қалада оқу қазіргі күні қиындау екенін ата-аналар дұрыс түсінсе екен. Мектеп директорлары мен ұстаздары тоғызыншы сынып бітіргендерге кәсіптік бағдар бергенде осыны ескерсе екен дейміз. Үлкендеріміз, ардагерлер кеңесі жастарды кәсіптік оқуға бағыттауға үлес қосқанын қалаймыз. Жасыратыны жоқ, кейбір жастар қалада оқысақ мамандығымыз бойынша шетелдік фирмаларға жұмысқа тез орналасамыз деп есептейді. Қаладан бітірсең де, ауылдан бітірсең де олар әуелі жұмысшы етіп алады, бірден инженер немесе механик етіп қоймайды. Сертификаттап, тестіден өткізеді. Бізде де кәсіптік білімін бағалау үшін дипломмен бірге нешінші дәрежелі маман екені көрсетілген сертификат беріледі. Шетелдік фирмалар кейде бізден оларға мінездеме де сұратады. Әрине, жаңа айтып өткенімдей оларды бірден дәнекерлеуші етіп алмай, әуелі оның көмекшісі етіп жұмысқа қабылдайды. Өзін көрсетіп жатса жоғарылатады. Компанияларда тракторшы, эксковаторшы, аспаз болып жасап жатырған түлектеріміз де жеткілікті. Аспаздықты бұрын қыздар оқыса, қазір ер балалар да қызығушылық танытуда. Былтыр үш жігіт аспаз мамандығы бойынша бітіріп, қаладағы тамақтандыру орындарына жұмысқа орналасты. Ауылда да бірден аспаз болмағанымен оның көмекшісі болып жұмыс жасап жүргендер жоқ емес. Колледж бітіргеннен кейін жұмыс жасай жүріп сырттай оқып, білімін көтеруге болады ғой. Кезінде біздің колледжде оқып, қызметін тракторист болып бастап профессор, академик, Сенат депутаты болып кеткендер бар. Әлі де бізді ұмытпай, байланысып отырады. Елбасымыз бірінші кәсіптік білімді дамыту қажеттігін айтып, сол мақсатқа үлкен қолдау көрсетіп, қаржы бөлуде.

- Мамандармен қамтылу, материалдық-техникалық базаларыңыз қандай дәрежеде?

- Біздегі 38 инженер-педагог қызметкерлердің 50 пайызы жастар. Былтырдың өзінде колледжімізге 6 жас маманды қызметке алдық. Бәрі де Батыс Қазақстан Ауыл шаруашылығы институтын кәсіптік-техникалық сала бойынша бітірген түлектер. Бірлі-жарым қажетті мамандық иелеріне сұранысты өзіміздегі мамандарды қайта бейімдеу арқылы да толықтырудамыз. Колледжде 480 студентке арналған оқу кешені, 4 қабатты бас оқу корпусы, қоғамдық-тұрмыстық корпус, оның ішінде 120 орындық асхана, 200 орындық мәжіліс және спорт залдары, оқу өндірістік шеберханасы, автотрактродром, стадион, әскери дайындық алаңы және үлкен оқу шаруашылығы бар.Оқу кешенінде 23 теориялық оқу кабинеті, 5 зертхана, 2 шеберхана, 6 оқу цехтары орналасқан. Жақсы жабдықталған 100 орындық жатақхана, кітапхана,оқу залы және дәрігерлік пункт жұмыс істейді. Оқу үрдісінде 71 дербес компьютер, 8 интерактивтік тақта студенттер игілігінде. Әрбір компьютерге орташа есеппен 3 студенттен келеді.

Оқу жылы ішінде оқу кабинеттеріне 170 парта алынып, жаңартылды және ПАЗ-32054 автобусы алынып, колледж кітапханасы бірнеше жаңа кітаптармен толықты. Колледждің оқу шаруашылығында ірі қара және қой малдары бағылып күтілуде, онда студенттер ауылшаруашылығы саласы бойынша өндірістік тәжірибеден өтеді.

- Сіздерден бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы қандай деңгейде? Мамандар дайындау жөнінде отандық және шетелдік кәсіпорындардан тапсырыс бар ма?

- Ол 70-80 пайызды құрап отыр. Алған мамандықтары бойынша ауылдан жұмыс таппай қалаға кетіп, басқа жұмысқа тұратындары да жоқ емес. Жылына екі рет бітірген түлектеріміздің қызметке орналасуы туралы мәліметтерді алып отырамыз. Урбанизация мәселесі жастарға зор әсер етуде деп айтуға болады. «Мақаш», «Құрманғазы» ӨК-і өздеріне қажетті мамандар дайындау жөнінде бізге тапсырыс береді. Жұмыспен қамту орталықтары да бос жүрген жастарды кәсіпкерлікке оқытуға және басқаларына сұраныстар жібереді. Сонымен бірге аудандық білім бөлімі базасында нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша құрылған мобильдік топпен де жұмыс жасаймыз. Аталған топ түлектерді қабылдап, оқығысы келгендердің тізімін жасап жолдамамен бізге оқуға жіберіп отырады. Мұндағы негізгі критерияда әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы, жағдайы төмен, шалғайдан келген отбасыларының балалары бірінші орында тұрады. Олар өздері таңдаған мамандыққа, қалғандары тізім бойынша комиссияның шешімімен қабылданады. Сөз соңында айтарым сапалы білім беруді алға қарай да жалғастыра береміз.

-Әңгімеңізге рахмет!

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521