Қайталанбас прозасына поэзиядан келген еді...

(0 Votes)

Бірегей дарын, белгілі жазушы, драматург жерлесіміз Рахымжан Отарбаевсыз өткен күндерге үстіміздегі жылғы 17 ақпанда екі жыл толды.

Әбу көкеміз сияқты абыз ақсақал, кең дүниеге даңқын жайған жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Атыраудан шыққан қазақтың Чеховы» деп бағалаған менің бала күннен досым Рахымжаным әдепкіде «мен қазақтың №1-ші ақыны боламын» деп жалын атты. Институтында оқыған Оралда да осал болмапты. Ауылға келген соң аудандық «Ленин жолынан» («Серпер») бастап түрлі жоғары газеттерге шыққан өлеңдерімен жұртшылықты өзіне жалт қаратты. Ол уақытта Рахымжанның төрт аяғын тең басқан тұлпардай дікілдеп, жұлқынып тұрған жырларын жаттап айтатын әдебиетқұмар үлкен де, кіші аз болмайтын осы төңіректе.Ауылдан Алматыға мен азулы ақындармен арпалысқа түсемін деп аттанды. Онда да жасын жырларымен көк тұңғиығына қырандай биіктеп көртышқан көңілдердің әп, дегеннен мысын басты. Бірақ, ол ақын болған жоқ, оның себебін өз сөзімен кейін түсіндіремін.

«Ленин жолының» сары майдай сақтаған Рахымжанның, өзімнің балауса күндерде жазған өлеңдерім бар нөмірлерін саралап, жасанды жанарымнан жас тамыза отырып, оның ақындық жолымен кете бергенде де жыр аламанында суырылып алға шығарына әбден көзім жетті.

Әскердегі жастар айтпақшы, оны арамыздан оқыс жұлып әкеткелі «екі жыл екі айдай болмай» өте шықты. Сол 2018 жылдың 17-і қаралы ақпаны. Ажалдың сарт етіп қапты оған деген қақпаны... Өзі айтпақшы, қайтейік енді...

Әлімізше, ақындығына мысалдар іздеп көрелік:

«Алды ма құшағына қиыр далам,

Болып ең талай уақыт үйір маған.

Тап келдің қандай жерге, айналайын,

Құсым ең ұшып кетіп бұйырмаған.

 

Түсті кеш, кешті түнмен алмастырып,

Өтсе де сағынышым қалмас тұнып.

Сен жақтан ұшпай қалды қарлығаш – хат,

Жүрек пен жүректерді жалғастырып.

 

Бұл күнде жоқ, ғой жаным, тілге сенім,

Ұзын сөз тигізді ме бір кеселін.

Түсімде жабырқаулы сені көріп,

Аймалап елесіңмен тілдесемін...»

«Қоштасқан махаббатқа хат» (Ленин жолы») №123. 11 қазан, 1980 жыл. (Қазіргі Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бұрынғысы). Осылай жұлқына наз төгеді. Жас жүректің өкініші мен сағынышын жеткізеді.Дариға жүрек сонда да бұйырмай кеткен ғашығының бақытты болуын тілейді. Бар болғаны бес шумақтан тұратын қып-қысқа өлең өмірге іңкәр жанның лапылдап жанған жалынына орайды.

Сол 1980 жылдың қазан айындағы Құрманғазы аудандық «Ленин жолының» 130-шы нөмірінде іле-шала бес шумақтан тұратын «Жігіт сөзі» деген өлеңі жарық көрген екен. Кімге арналғанын оқырман өзі шамалар.

«... Бәрі дайын: асың, суың – бәрі әзір,

Қалай кінә таға аласың, жаза бір.

Қылыш беріп қылшылдаған өсектен,

Шабыстырып қоймасын тек әзәзіл...

... Айтарымды айтып салам қайда да,

Көңілдегі түйткіл шығар жай ғана.

Сапар шексем жастығымды құшақтап,

Күліп түскен суретімді аймала...

«Ленин жолы» («Серпер») газетінің 1981 жылғы 9 мамыр күнгі 56-ы нөміріне «Соғыстың соңғы әні» поэмасынан үзінді берілген.

«Жеңешем!

... Сұр бұлттар көшкен келеңсіз күздің кешінде,

Шығарып салдың ағамды жолға бесінде.

Оралдың үнсіз, жеңешем менің ат мінген,

Дел-сал боп жүрдің келе алмағандай шешімге.

Батылым жетпей, жұбата алмай жаттым мен,

Сол күні түнде жылағаның да есімде.

Жұмысқа кеттің, көңілсіз ғана ертесін,

Бұлыңғыр ойды басыңнан қалай серпесің,

Кішкентай кетпен қолыма беріп «үйрен» деп,

Кей күні, жеңге, жаныңа мені ертесің.

Қарт әкем ұста, ал анам жүрер күйбеңдеп,

Үй ішін бағып, келіннің жинап көрпесін.

Буынып белді, түрініп алып білекті,

Құлаштай сілтеп кетпенді жерге, күректі...

Қазушы едің... батысқа қарай елеңдеп,

Балапан жүрек байқады соны, дір етті.

Жазбаған болар ағалар жылдам келем деп,

Жол тосу бірақ көңілге демеу, тірек ті.

Қаһарын төкті сол жылы бізге кәрі күз,

Жабылды мектеп, оқылмай қалды пәніміз...

Көп шаңырақтардың, жәудір көз ұрпақтың басына ортақ картина осылай сорғалап жалғасып, қасіретті күннің айна-қатесіз бар шындығын көз алдыңа елестеді. Кедір-бұдыры жоқ, келісті жыр соғыста аталарымыз, бүкіл ел бастан кешкен ауыртпалықты, қисапсыз төгілген қан мен көз жастың қасіретін шерлене баян етеді. Атасы сірә елге белгілі көрікті Отарбай ата, ал, «анам жүрер күйбеңдеп» деп отырғаны Гүлбағила әже, сол қайсар жеңгесін, соғысқа алынған оның ерін топшылай алмадық. Дастандағы жеңгесінің жанынан қыл елі қалмай жүретін баланы Рахымжанның әкесі Қасымғали Отарбаев көке деп шамалаймыз.

Тағы да ортасынан ойып мысалдар келтірсек:

«Қыс келді қатал, ақ әлем аппақ, айналаң,

Борандар дүлей, ер еңбек қызу қайнаған.

Кештетіп үйге кіріп те келді бір адам,

Жеңешем айтты «басқарма, шолақ қайнағам»

Қорлыққа мұндай шыдар ма айтшы тірі адам?

Арыстай жігіт бос жеңін кері байлаған.

-Бір отар қойды бақсаңыз қалай ағасы,

Уақыт мынау, шопанды қайдан табасың?

Бейбіт кез болса жүрер едіңіз дем алып,

Өлшеңіз соның қазіргі кезбен арасын.

-Тәуекел,-деді тынысын әкем кең алып,

Сезген де шығар аталы сөздің бағасын.

Кешікпей аға, үзілді сенен хат деген,

Пошташы күнде айтады,-ертең ап келем.

Жазбайсың бірақ... сағынсын әлде деді бе?

Тағдыр – ай, сенің тәлкегің сондай қатты екен?!

Алау боп жатқан батысқа қарап менің де,

Сыздайды жаным соғысты кімдер тапты екен!...

Міне, соғыс лаңы, сол кезгі ауыл суреті. Соғысқа кеткен ұлы орнына белді бекем буып, ақ сақалына қырау қатырып ай далада, еңбек үстінде сүрінген әкелер аз ба еді? Ерінің орынына іс басынан табылып, ертеңді-кеш белдері үзілген, алақандары ойылған аналар қанша ма? Балалық шақпен ерте қоштасқан ашқұрсақ, жамау-жыртық киім киген ұрпақтың өкілдері әлі де арамызда жүрген жоқ па? Сырлы да сұлу поэма не бір ойларға бастайды, біз көрмеген соғыс лаңының бел ортасына жетелеп әкеледі. Міне, Рахымжанның ақындық құдіреті деген осы!

Сұлулықты жырлаған, сезімге суарылған өлеңдері де аз емес. «Ленин жолының» («Серпер») 1983 жылдың 28 сәуіріндегі 51-ші санынан «Венера Милосскаяға» деген өлеңін кезіктірдік.

... Жанар, мойын,

Мықын түгел үйлесіп,

Анар қандай,

Сусып түскен жамылғы,

Толықтырған таңшолпанның бейнесін.

Көз көрместен талып жеткен қымбат үн,

Самал сүрткен,

Уақыттың мың татын.

Толқымасаң,

Сезімсізсің, ғапу ет,

Көріп тұрып

Қыз құдайдың сымбатын...

Ал, осыны шынайы поэзия емес деп кім айта алар еді? Венера Милосская бейнесін көрмей тұрып көргендей боласың. Сөзбен салынған сурет дегеніміз сірә, осы болса керек. Сол бозбала күндердің бірінде оның өлеңдеріне разылықтан «Досқа сыр» деген өлең жазыппын. (Ол «Ленин жолының» («Серпер») 1981 жылғы 13 маусым күнгі 71-і нөмірінде жарық көрген екен. Мен онда жаным сүйген поэзия әлімінен жырақтау жүргенмін, тағдыр ғой...

«Жан емеспіз дейтұғын өткенді қой,

Өзің жайлы толғаймын көптен бір ой.

Есіңде ме, досым-ау, мамыр жазда,

Қол алысып танысқан өткен бір той.

Армандар-ай, көздеген бір мақсатты,

Кімдер жетті межеге, кімді ақсатты.

Заңдылық та шығар-ау, өмір ғой бұл,

Қалыс қалу кімдерге, кім жақсы атты.

Ал сен болсаң тұрдың да сөзге берген,

Бөлектедің үніңді өзгелерден.

Қызғаныш деп ойлама, дос көңіл ғой,

Бір жан болса сен болдың, сөзде мерген.

Кәусарыңа келіпті қанатын күн,

Сезді жүрек, ондайға жанатын мың.

Ұзағынан болғай тек оқшау ұшқан,

Талпынысы қарлығаш қанатыңның».

Шынымен де ол сол күндердің өзінде өлең өлкесінде өзіндік жол іздеп, оқшау ұшты. Пейіліме разы болғанын сезіндірді. Ілкіде айтқанымдай Алматыға ақын боламын деген арманмен аттанды. Тұяғымен жер тарпыған сәйгүліктей өз-өзіне сеніп, кекілін желге тарап аттанды. Бірақ, «Қазақ әдебиеті», «Жалын» сияқты белді басылымдарда жырлары жамырай жарияланып жатса да өмірін өлең жалғай алмай бұру кетті. Арада біраз жылдар өткенде әлемді мойындатқан, шығармалары жаһанды шарлаған күркүрі күндей қазақ жазушысына айналды. Өкінері жоқ, әдебиеттің қос арнасының қайсысын таңдаса да Рахымжан Отарбаев даңқымен дараланды. Жұртына «бәрекелдіні» көп айтқызды. Ал, поэзиямен қош айтысу себебін оны қадірлейтін оқырманның Рахымжанның өзі жазып қалдырғанынан білгенді жөн санадық.

Өткен 2019 жылдың желтоқсан айында шыққан республикалық «Мәдениет журналының №12 (160) саны түгелге жуық Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевқа арналды. Онда талантына табынушы, сөз киесі жұққан қарындасы Бағила Сағындыққызының да «Балалық шағыма ойша жиі ораламын» атты ағасынан көзі тірісінде алып қалған сұхбаты жарық көрген. Мына сұрақтың жауабынан оқырманы көңілін көншітерліктей түсінік алар деген ойдамыз.

- Жас кезде әдемі өлеңдер жазыпсыз. Неге тастап кеттіңіз?

- Себебі қызық айтайын. 1982 жылы «Жалын» журналына «Киіктер» деген өлеңім басылсын.

«Тағыға әсте балама,

Жанары қандай тұп-тұнық.

...Алдыңды туған далада,

Кестірмей жүрсең мықтылық!» -деген жолдар бар.

Журналдың бас редакторы Тұманбай Молдағалиев. Поэзия бөлмінің меңгерушісі Жұматай Жақыпбаев. Өлең шыққан бетте біреулер жоғарыға арыз айдапты. Жоғары болғанда ҚКП Орталық Комитетінің хатшысы Саттар Имашевқа! Идеологияға жауапты сол кісі еді. Айқай көтерілді. Тұмағыңды «Мынау алдыңды орысқа кестірме деген сөз. Киік те жай киік емес. Ұлтшылдықтың иісі аңқып тұр. Саяси сауаты кем»,-деп Имашев қысады. Тұмаға түсініктеме жазып әрең құтылады. Келе Жұматайға «Ана пәлеңді енді жолатпа. Шатылып кетуге шақ қалдық» деп тапсырма береді. Сөйтіп, өзім құрметтейтін екі ағамның амандығын ойлап өлеңді тастап кеткем...

Сонымен, біз үшін, оны қадірлейтін қалың оқырманы, әдебиет сүйер қауымы үшін Рахымжансыз сағынышқа толы екі жыл өте шықты. Көңілге медет қылар жай, шығармалары кең дүниені дүбірге бөлеп, қайтасын-қайта баспа жүзін тауып, дуалы ауыздардан әділ бағасын алуда. Жауһар туындыларының жатып қалмай жарық әлеммен қауышуы жолында жанталаса жағаласып жүрген жары Сәуле Отарбаеваның, жүрегі таза, ниеті түзу өзге де азын-аулақ тілеулестерінің жәрдемшісі Алладан болғай!

Таңатар Дәрелұлы,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521