Адасып қалған шабақтар құтқарылды

(0 Votes)

Жылдағы дәстүрге сай ауданымыздағы «Каспий таңы» өндірістік кооперативі балық қорының қорғалуы мен өсімін молайтуды қамтамасыз етуге бір кісідей жұмылып, олардың уылдырық шашу кезеңінде су арналарынан бөлініп қалған шабақтарды құтқарып, арналарға тазарту жұмыстарын жүргізеді.

Биыл да олардың тарапынан аталған игілікті іс жалғасын тапты. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, Сафон ауылдық округі әкімі аппараты бұл жұмысты дер кезінде қолғау алу жөнінде қатынас қағаздарын жолдаған болатын. Кооперативтен 10 және округ әкімі аппараты жанынан 7 адам шығып, бригада жасақтап, шаруаға дереу кірісті. Оларға арнайы тіркемелі трактор бөлініп, бригада қажетті құрал-саймандар және шабақ ауымен толықтай қамтылды.

s

Жұмыстың басына кооператив төрағасының шешімімен Айболат Хабиденов бригадир болып тағайындалды. Күні бүгін ол бастаған топ Сафон өзегі, Богатцентр, Черта, Чехов учаскелерінде ерінбей еңбек етуде.

Биыл су кеш келіп, тез қайтып жатқандықтан көптеген шабақтар тіпті өсіп те үлгермей қала ма деген күдік туындауда. Сондықтан, бригада жігіттерінен бұл жұмыста ұйымшылдық, ширақ қимыл талап етіледі. Әрине, күннің ыссылығы, жаға бойында маса мен сонаның, батпақтың көптігі қолбайлау болады. Әйтсе де, оған қарамастан ертеңгі байлығымызға айналар кіп-кішкентай шабақтардың еркін өсуіне жол ашып, қорғау шараларын бір кісідей жұмылып, жар жағалап жүрген бригада мүшелерінің өнімді еңбектері атап өтуге тұрарлық.

Құрманғазы аудандық балық инспекция бөлімінің басшысы Нұрболат Қаратекеев, ихтиолог Таңатар Қуанәлиев, инспекторлар Марат Тұяқпаев, Есбол Арыстанов кооператив төрағасы Бақытжан Теміровпен бірге жұмыс басынан табылып, атқарылған істерге куә болды.

Айта кетейік, күні бүгін су арналарынан 1 млн. 800 мың шабақ құтқарылып, айдындарға жіберілді. Бұл жұмыс алдағы уақытта енді басқа арналарда жалғасын табады.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521