Адам отырған жерде бөтелке қалады, оны жинап кету деген мәдениетті меңгеретін емеспіз

(0 Votes)

Сәуір - мамыр айлары тазалық мерзімі болып жарияланатыны жылдағы дәстүр. Биыл да солай. Өткен жылы бұл іске аудан әкімі бастап өте жоғары маңыз берді. «Ауылдарға бөлінген уәкілдердің бірі етіп мені де бекітіңдер, тазалыққа араласқанның несі айып?» - деген де Бибоз Байдәулетұлының өз сөзі.

Ганюшкин ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғалімнің де мәселеге орай тынбай жүргенінің куәсіміз. Жұмысты жақсы ұйымдастыра білді. Қоқыстарды шығаратын автокөліктерден, басқа да техникалардан, т.б. қажеттерден ешқандай кідіріс болмады. Аудан орталығындағы тазалықты бұрындары мекемелер, түрлі ұжымдардағы үлкен-кіші, мектептердегі ұстаздары мен балапан саусақ шәкірттері ғана жүргізетін еді. Өткен жылғы көктемде тұңғыш рет ауыл – ауылдардағы түсінігі бар адамдар да бұл шаруаға белсене араласты. Ақсақалдар өнеге көрсетіп, қолы бос – ау деген отбасы мүшелерін жіберіп көше – көшелердің, жалпы маңайдың тазарып қалуына зор үлес қосты.

О бастан дау- дамайға, біреуді мұқатып қалуға үйір жетесіздер кері тартқанымен, тазалығымыздың сақталуына, сөйтіп жалпы денсаулығымыздың жақсаруына үлес қосқан ауыл –ауылдардағы белсенділерге «Серпер» газеті арқылы ризашылық тілегімізді білдіргеніміз жұртшылықтың есінде деп ойлаймыз. Ганюшкин ауылдық округі әкімдігі «тазалық айлығы» аталатын мерзімді қорытындылап, аудандық мәдениет үйінде үлкен жиналыс өткізді. Қанша тонна қоқыс шығарылды, қай жерде қалай болды, орталықтың қай бөлігінде жоғары саналылық орнады, кімдердің ортақ мүдде үшін жаны ауырды, осының бәрі – баршасына толық талдау жасалынды. Тазалық науқанының өтуі сәтінде белсенділік көрсеткен ауылдастар мен осының өз дәрежесінде жүруі үшін атсалысқан уәкілдердің бірқатары Алғыс хаттармен ұлығыланып, есімдері көпшілікке таныстырылды. Ганюшкин ауылдық округінің бұл мәселедегі ерекшелігін астын сызып айтқанның артықшылығы болмас.

Тазалық жұмысы ауданның өзге округтерінде де жоғары қарқын алды. Өздері тұратын мекендердің түрлі қоқыстардан арылып, әктеліп, сырланып, жаңарып, жас теректермен молығып, жайнап шыға келуіне округтер әкімдері бастап, тұрғындары қолдап, көп шаруалар атқарылғаны аудан әкімдігіндегі мәжілісте салиқалы сөз болып, «Серпердің» бетінен көрініс тапты. Жұртшылыққа жария етілді.

Дұрыс, үйің қандай таза болса, ауыл маңдары, өзің тұратын көшең де солай болуы шарт. Тәуелсіздіктің бастапқы тұсында бұл шаруада берекесіздік орын алғанымен, ел еңсесі тіктелгелі бері қайтадан назар аударылды. «Тазалық – денсаулық кепілі», «Көше көркі – өз көркің», «Лас жерге – ауру үйір», «Жол тазалығын сақтағаныңыз үшін рахмет!» сынды тіркестер жиі алдан шығып, санаға орнығуда.

Әр адам, мейлі ол егде жастағы немесе жасөспірім жеткеншек болсын, өзі туған мекеннің патриоты, жанашыры болуы керек. Ел, ұрпақ осы рухта тәрбиеленуі тиіс. Бұл мемлекеттік саясат. Елбасының алдымен ауызға алар лебізі. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, өзімізге жайлы қоныс болған, қара шаңырағымыз орын тепкен ауыл орталықтарының азып - тозбауы, теректерінің сусыз көктей солмауы, мал түспейтіндей қоршалуы, кір – қоқыс, лас қалдықтар басып тастамауы – біздің әрқайсысымызға игі борыш, ортақ міндет демекпіз.

Өкінішке орай, бүгінгі жағдай алаңдайтындай дәрежеде. Округтерде де, аудан орталығы маңында да судан қорғаныс бөгеттері бойы түрлі қалдыққа толы. Малдың тезегі де бей – берекесіз төгілген. Целлофан қапшықтар, баклажкалар, түрлі қағаз, қоқыстар көшелер бойында жиі кездеседі. Әсіресе, жаға бойлары асқынып кеткен. Аудан орталығындағы көпірлердің асты – үстінен адам арылмайды. Себебі балық аулаушылар қатары сиреп көрген емес. Ал , бүгіндері сол маңдағы бос бөтелкелер мен түрлі ыдыстар, қалдықтарды көрсең төбе шашың тік тұрардай. Шипажай маңындағы, Орлы ауылынан бергі көпірді мысалға алып отырмыз.

Қысқасы, өз үйіміздің ғана емес, көше бойларының, ауылдардың ішкі–сыртқы тазалығын қаліпке келтіретін уақыт жетті. Көп сұрап, әрең қол жеткізген контейнер – ыдыстардың айналасы кей жерлерде адам көргісіз жағдайға жеткен. Түрлі аурулардың ошағына айналмасына кім кепіл?! Ганюшкин ауылдық округі әкімдігі, округтер әкімдіктері тазалыққа байланысты белгіленген шараларға немкетті көзқарас танытпай, жұдырықтай жұмылып іске кірісейік, ағайын!

Т.ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521