«Ақботаның» айтары бар балаға

(0 Votes)

«Жұлдыз» журналының қызметкері, жазушы жерлесіміз Заря Жұманованың жаңа кітабы «Ақбота» деп аталыпты.

276 бетті құрап, төрт бөлімнен тұратын шығарманың негізі балалар әдебиетіне жатады.

Жазушы балаларға төрт ертегі, шап-шағын үш мысал әңгіме арнапты. «Жалмауыз кемпір қайдан шықты» ертегісінің тақырыбы таныс болғанымен, мазмұны жаңаша түрленген туынды. «Кішкентай балалар өзінің қателігін қайталамаса екен», деген жалмауыз кемпірдің өкінішімен аяқталады. «Көбелек қуған балақайда» жәдігөй Жансеріктің сабаққа да, тамаққа да зауқы жоқ. Еркелігі шектен шыққан бала. Бар ермегі көбелек қуып, «мультик-пультик» қарау. Ақыры мультиктен дос таппаған Жансерік қателігін түсініп, өмірдегі достарының ортасына оралады.

Мысал әңгімелердің оқылуы жеңіл басталып жетектей жөнеледі. Ал, аяғында санаға салатын салмақ бар. «Тамшы» атты әңгімесінде жайшылықтағы мақтаншақ тамшының күн қызғандағы күйі адам аярлықтай. Оны байыптаған атасы баласына салт-дәстүрдің ұлттың бастау бұлағы екенін, тамшыдай жоғалып кетпеуі керектігін айтады. Сондай-ақ «Тауық балапаны мен қарға» тақырыпты әңгімеде еліктегендер мен селтеңдегендердің күлкіге айналарын ұққан қарға өзінің қарқылы, тауық қыт-қыты, қаз «га-га» деген жаратылыс берген үндерінде қалғанын қалайды. Астарында ана тілін сақтау ұғымы жатыр. Бірінші бөлімдегі бірінен соң бірі қаланған кірпіштей әңгімелер қатары балалар базарлығы болары хақ. Тақырыптары тартымды, көлемі қысқа, мазмұны нұсқа дүниелер.

zarya-kitap

Екінші бөлім «Хош бол енді, бала – көктем», аталыпты. Бұл бөлімде он бір әңгіме, екі хикая, бір философиялық новелла берілген. Әңгімелер мазмұны ересектерді еліткенімен балалар әлемінен алыс кетпеген. «Жаңбыр исінде» автор өзі өткерген студенттер өмірінен әңгіме өрбітеді. Пәтер жалдау, қожайынның қас-қабағына қарау бәрі де өмірде болатын жағдайлар. Осы әңгімедегі лирикалық өлеңдер кейіпкер Шәкенді пысықтап, қыздарға қырындаудың шебері шеңберіне жеткізеді. Талғат болса ғылым жолын таңдаған жас жігіт. Барар жері, бас сұғар орны – кітапхана. Кітапханадан рухани азық та алады, Жанарды да жолықтырады. Талғат та, Шәкен де Жанарды ұнатады. «Шынжыр баулы сағат немесе ұмытылмас үш кездесу» жорналшы Саматтың үш қоғамда көргенін баяндап береді. Солтүстіктегі ағасын іздеп барғанда көргені от көсеген ағасы мен қабырғаға ілінген шынжыр баулы сағат. Белсенді жеңгей Кеңес кезінде депутат, нарық заманында үйдің асыраушысы, Тәуелсіздік тұсында іскер әйел. Сол арқылы қоғамдағы болған өзгерістер бой көтередді.

Әңгімелерде әдебиет теориясына тән көркемдеу құралдары молынан қолданылған. Мысалы «Сыңар аяқпен секіре ойнаған кішкене сәбилер құсап, жаңбырдың ірі-ірі тамшылары тас көшеге ыршып-ыршып түсе бастады», және т.б. Жалпы алғанда «Ақбота» жинағының балаларға айтары мол.

Есмұхан Жанизин,

кітапханашы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521