Тау тұлғалы Боран батыр

Тарих

Жанарында жасын ойнап керемет,

Қарсы шапқан жауған оққа, себелеп.

Санаң болса қалай ғана айтарсың,

Нысанбаев тау емес ед, төбе деп... Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың «Жанарының жарқылына» батыр Боранның ерлігі осылайша ілініпті. Иә, шейіт болған боздақтың денесі майдан даласында төбе болып қалғанымен, ақын оның биік рухты бейнесін тауға балайды.

«Ерлігі елге – мұра, ұрпаққа – ұран» атты оқырмандар арасындағы облыстық байқауға қатыспақ ниетпен ауылдағы кітапханаға бас сұқтым. Демалысқа келгенде рухани азық алар орын ғой. Жалпы Ұлы Отан соғысы, оның батырлары жайлы тарих пәні кітабында біраз мағлұматтар берілгенімен, біз білмейтін тұстар өте көп екен. Қолыма тиген «Мәңгілік мінәжат» кітабы осы олқылықтардың орнын толтыра түскендей. Мен іздеген батыр жайында анықтама беріліпті. 1918 жылы Индер ауданы, Қаңбақты ауылдық кеңесінде туған Нысанбаев Боран 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, майданға аттанған. 1943 жылдың ақпанында 137-ші атқыштар дивизиясының 771-ші атқыштар полкі, минометшілер ротасы құрамында соғысқан. Орел облысы, Лески деревнясы түбінде өзінің соңғы ұрысына кіреді. Қырық минуттық атқылаудан соң қайта-қайта шабуылға шыққан батальон көп шығынға ұшырап, алға жылжи алмайды. Оған кедергі болған тас үйдің тасасындағы пулемет атқышы еді. Боран командирдің рұқсатымен ажал оғын сепкен нүктеге екі граната лақтырса да үні өшпейді. Тек ДЗОТ-қа жақындап барып, оның аузын кеудесімен жапқанда ғана, батальон «уралап» лап қояды. Ұрыстан соң бекініс ішінен жайрап жатқан жаудың 28 солдаты мен офицерінің және Боранның өлі денесі табылады. Осы ерлігі үшін оған 1943 жылы 23 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Кеңестер Одағының Батыры» атағы берілген. Арада 75 жылдай уақыт өтсе де Дендер тауының етегінде туылған батырдың көзсіз ерлігі қанша ұрпаққа патриоттық рух бермеді дейсіз?! «Борандай болсам» деген сезім қаншама албырт жүректе лауламады десеңші!?

Мен туған, ата-анам тұратын Қошалақ құмында тағы бір Мұқат Мусаевтай батыр туылыпты. Ол туралы да шағын кітапханада мәліметтер жетерлік. Ардагер ұстаз, өлкетанушы-тарихшы Сара Алпысова апайымыз көршілес Ресей жерінен майданға аттанып, ерлікті жолдан өтіп, еліне дін аман оралған Мұқатты көпшілікке танытуға көп еңбек сіңірді. 1980 жылдары екі елге ортақ ұл болған батырдың екі жақтағы тумаларымен таныстырып, табыстырған еді. Менің даңқты жерлесім Жұмекен Нәжімеденов те қан майданға атанып оралмаған әкенің ұлы. Оның да шығармашылығынан сұрапыл соғыс тақырыбын да кезіктіреміз.

Қара дауыл, құлағымда тұр үнің,

Қара түтін, көз алдымда бұрымың.

Найзағайлар сермегенде сырығын,

Тірі қалдым, тірі қалдым – тірімін!

Жат өлкенің найзасынан андаған

Қалды өмірім, қалды Отаным – калды аман.

Алды бірақ көп досымды көр жұтып,

Сол өлімдер шашыратты қан маған.

Сөнді талай адам деген шын шырақ,

Мезгіл тұрды сол адамға құн сұрап.

Өшкен көздер жанарының түбінде

Ақырғы үміт қатып қалды жылтырап, - болып келетін ақынның «Қарт жауынгер сөзі» өлеңін тебіренбей оқу мүмкін емес.

Жалпы сол бір отты күндердің баянаты қазақ әдебиетінің қай жанрында да мол қамтылғаны белгілі. Ол өлмес шығармалар өз заманымен үндес болса, келер ұрпаққа да керек дүние болмақ. Соғыс қасіретін сезіну бейбіт күннің қадірін арттыра түсері анық. Бар болғаны ширек ғасыр ғана ғұмыр кешкен Боран Нысанбаевтай батыр ұлдарды ұмытпауымыз қажет. Ұлы рухты өшірмей, санада жаңартып отыру өскелең ұрпақтың парызы.

Назерке Сәлімжанова,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті