Жауапсыз мердігер, сапасыз жұмыс

(0 Votes)

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының біріккен отырысы өтті.

Оны аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев ашып, күн тәртібімен таныстырды.

Бірінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Әжіғалиев хабарлама жасап, салынып жатқан ауылішілік жолдар, жазғы су құбыры және тұрғын үймен қамту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Хабарлама тыңдалғаннан кейін қоғамдық кеңестің мүшесі Қадырбай Жармұхамбетов: - Осы салынып жатқан жолдарда техникалық бақылау деген бар ма? Самаркиндегі жасалған жұмыстардың сапасы нашар. Салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолы талапқа сай емес. Астынан шөп жарып шығуда. Бүгін бақыламаса ертең комиссия қабылдағанда кеш болады. Басында жақсы бастады. Біз қадағаламағаннан кейін «бұларға осы да жарайды» деген сыңаймен істеп жатыр. Мына орталықта жатқан жолды ауданның 80 жылдығына орай жасады. Жұмыс жылдам жүрді, бірақ сапалы шықты. Қазіргісін қараңыз, беті тегіс емес. Осы арадан Самаркинге дейін жүріп өтсеңіздер, оны өздеріңіз көресіздер, - деді. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров та мердігер мекеменің жұмыс барысына көңілі толмайтынын жеткізіп, жолдарға суағар салынбағанын мысалға келтірді.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев: - Мен де ол жолдармен талай мәрте жүрдім. Құрылыс қалдықтары шашылған. Суағар бар дейсіз, арғы жағына топырақ үйілген ол қалай ағады? - деді. Партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы Ұлмекен Сапарова Котяев ауылының тұрғындары өздері тұратын көше жол құрылысы жобасына енбей қалғанын айтып арызданғанын жеткізді. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан аудан орталығындағы жолдың да сапасыз жасалғаны тілге тиек етілді.

Берген жауабында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Әжіғалиев: - Жол жөнінде мердігер мекемеге ескерту берілді. Кей жерлерін қайта жасаттық. Қазір арнайы топырақты (пгс) 15, қиыршық тасты 15 см қалыңдықта салып жасауда. Котяев ауылындағы кірме және ауыл ішілік автомобиль жолы құрылысын өз көзіммен көрдім. Қалып қойған жерлерін жеткіздірдім. Округ әкіміне қосымша жоба жасауға ұсыныс бердім. Қазір біз жол құрылысы басына жиі барып, қарап жүрміз, - деді.

«Бекет Сәт Строй» ЖШС-інің ауданымыздағы өкілі Талап Иманғалиев: - Аудан орталығында жұмысты бастағанда белгілі себептермен басында болмадым. Келгеннен кейін ол бригаданың жұмыс жасай алмайтынын білдім. Бұрынғы асфальттың үстінен жүріп өткеннің өзінде дұрыс шығармаған. «Мыналарың ұят қой, жігіттер! Бұлай жұмыс жасағанша істемегендерің жөн еді» деп ренжідім. Қазір басқа бригада келді, асфальт төселімін ауыстырамыз. Енді шөп жарып шығып жатқанына келсек, жантақ деген өсімдікті мен зерттедім. Ол тіпті бетонды да тесіп өтеді екен. Жаяу жүргіншілер жолының ондай бүлінген жерлерін реттейміз. Бізге де оңай тиіп отырмағанын түсініңіздер. Барлық материал Ақтөбеден тасылады. Сіздердің аудандарыңыз тұйықта тұр, - деді.

Келесі кезекте Нұржау, Манаев, Алтынсарин, Д.Нұрпейісова атындағы мектептерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың жайы тыңдалды. Мектеп директорлары мен шаруашылық меңгерушілері өз хабарламаларында келісімшартта көрсетілген мерзімі бітуге жақындаса да әлі де жасалмаған жұмыстарды тізіп шықты. Аталған округтердің әкімдері бәрі бірауыздан атқарылған жұмыстардың көңіл көншітпейтінін айтты.

Нұржау ауылдық округінің әкімі Қайрат Исмағұлов: - Төрт мектепке күрделі жөндеу жүргізуді жеңіп алған «Экспресс Строй» ЖШС біздегі жұмысты уақытында бітіреді дегенге сенбеймін. Бұлардың қоймасына қажетті материалдар 100 пайыз әкелініп қойылған жоқ. Оқушыларға қиын болып тұр. Олардың бір бөлігі әкімдікте, екінші бөлігі мәдениет үйінде оқуда, - деді қынжылыс танытып. Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Еділ Баяров: - Материал келгенше 10 күн бос отырады. Бәрін Шымкенттен алдырады. Бар-жоғы бір «Камаз» материал келеді, соны 4 мектепке бөледі. Жүйелі жұмыс жоқтың қасы. Бұл кісілерге жұмыстың басында қажетті қаражат берілген болатын. Енді біз өз тарапымыздан орындалған жұмыс көлеміне қарай ақша төлейміз. Ертеңнен бастап мерзімінде бітпеген мектептерге өсімақы жүреді. Бір айда бітпесе сотқа береміз, - деді.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров: - Мердігер мекеменің тағайындаған жалақысымен жұмыс жасауға бірде-бір адам келіспеген. Дыңғызылға барғанда құрылыс басынан жалғыз адамды таптық. Мектепке сапасыз есіктер салынған. Аяғыңызбен түртіп қалсаңыз, опырылып кетеді. Жапсырған плиталары жөндеу бітпей жатып түсіп қалуда. Жұмыс кестесі жасалмаған, қай жерде не істеу керектігін ешкім білмейді. Басында жүрген Фархат Абдуғалиев өзіне алған міндеттемелердің бір де бірін орындамады. Біз өз тарапымыздан бұл кісілердің жұмыс жасауына мүмкіндік туғызып тамағын, жататын орнын құрылыс басында тегін ұйымдастырып отырмыз. Басқа не керек? Порталмен жеңіп алғаннан кейін жөндеу жұмыстары мерзімінде орындалмаған жағдайда сотқа беруден басқа амал жоқ. Төрт мектептің атынан тексерушілерге арыз жазамыз, - деді.

Партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрайымы Ұлмекен Сапарова: - Біз бір мектепте болғанда қабырғаның сырын қырмай үстінен бетонит жағып кеткенін көрдік. Техникалық бақылау келіп қайта қырғызған. Жалпы жұмыстың 60 пайызы кері жасалып жатыр, - деп бұл жөнінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке хабар жіберетінін мәлімдеді.

Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах: - Бүгін қаралып жатқан мәселе өте орынды. Мердігер мекеме 2 қорап болт үшін әуелі Атырауға, одан кейін Шымкентке телефон соғады. Бұлар құрылыстан мүлдем хабары жоқ, жұмыс жасап білмейтін мекеме. Бізде де балалардың оқуына қиындық тууда. Алған ақшаларын қайда жіберетінін білмеймін, дүкеннен нанды жаздыртып алып, берешектерін күні кеше төледі. Жалпы «Экспресс Строй» ЖШС сияқты құрылыстан жауапкершілігі жоқ мекемелерді нарықтан қуу қажет. Ертең тағы бір жерде конкурсты жеңіп алып, тап осылай істейді, - деген ұсынысын ортаға салды.

Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Болатбек Сайыпов та жұмыс баяу жүруде екенін айтса, Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Олжас Тәжібаев: - Материал жоқ деп қарап отырады. Әуелі мектеп қабырғасының сылағын соқты. Енді келіп электр желісін жүргізу үшін кері бұзуда. Бір сынып бөлмесінде жылу батареясы терезеден қашық орнатылса, екіншісінде астынан еден жүргізуге мүмкіндік жоқ. Басынан бір прорабты көрмейміз, - деп ренішін білдірді. Д.Нұрпейісова атындағы орта мектептің директоры Бауыржан Бекжанов: - Бұлардың қабырғаны дұрыс қырмағанын фотоға түсіріп алып, чатқа салып көмек сұрадық. Облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова комиссиямен бірге көріп қайта жасауды тапсырды. Қазір 19 өзбекті әкелді. Олар жұмысты еуро стандартымен атқаруда. Қол байлау болып тұрған мәселе, жаңа айтқандай материалды жергілікті жерден алмайтыны. Жұмыс кестесі жасалғанымен ол сақталмауда. Кейбір материалдарды өзім көлігіммен жеткізіп берудемін, - деп, қандай жұмыстар атқарылмағанына тоқталды.

Айта кетер жайт, өз атына айтылған осыншама сынға мердігер мекеменің өкілі дұрыс жауап бере алмады. Біріккен отырысқа қатысушылар өзара ақылдаса келе төрт мектепке күрделі жөндеу жүргізіп жатқан «Экспресс Строй» ЖШС-іне кемшіліктерді түзетуге 10 күн уақыт беріп, ойдағыдай жасамаса экономикалық сотқа жолдау қажет деген шешімге тоқталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521