Елдегі тыныштық шекарадан басталады

(0 Votes)

Кездесу барысында шекара бойындағы шетелдіктердің қозғалысы жайлы түсінік берген ҰҚК аудандық бөлімшесінің қызметкері:- Өздеріңізге мәлім қазір Сирияда халықаралық террористік ұйым соғыс жүргізіп жатыр.

Олардың қатарында әр елдің азаматтары бар. Жат пиғылды адамдар Қазақстан Республикасының аумағын іргелес елдерде лаңкестік әрекеттер үшін транзиттік дәліз, өтпелі пункт ретінде пайдалануға тырысуда. Биыл Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандық бөлімшесі тарапынан аумақта жүрген шетел азаматтарының арасынан дәстүрсіз діни ағымды ұстанатын және террористік ұйымдарға қатысы болуы мүмкін бірнеше тұлғалар анықталды. Оларға қарсы тәртіптік іс-шаралар қолданылды. Екінші мәселе заңсыз көші-қон арнасы. Былтыр қонақ үйлердің басшыларымен, қызметкерлерімен жиналыс өткіздік. Бүгін тағы да айтып өтейін, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен шекара қызметімен бірлесіп 2015 және 2016 жылдары 2 заңсыз көші-қонмен айналысып отырған құқық бұзушылықтар анықталған болатын. Екеуінде Қазақстан Республикасы аумағынан Ресей Федерациясына шетел азаматтарын заңсыз өткізіп отырған. Бірінші топ біздің Құрманғазы ауданының тұрғындарынан құрылған. Яғни, шекара маңында тұратын жолаушы тасымалымен айналысатын адамдар мен жеке кәсіпкерлер алдын - ала сөз байласып әрекет еткен. Екінші топ бұл Ауғанстан каналы деп аталады. Бұл топқа атыраулық және алматылық тұрғындар бірігіп, ауғандықтарды ауданымызға әкеліп, Ресейге шығарған. Бұлар Ауғанстаннан қашып біздің елге өткендер. Әкелушілер олардың бәріне де құжаттар жасақтаған. Айтайын дегенім, соларға көмектескен бірнеше қонақ үйлер бар. Шетелдіктерді 2-3 күн осында жатқызып, одан әрі шекарадан асырған. Сонымен қатар шекара бойындағы туыстарын да пайдаланып, солардың үйлеріне де қонғызған. Осындай екі қылмыстық топ бізбен және шекара қызметкерлерімен анықталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 392 және 194-ші бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар 7 және 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Қазір ауданымызда заңсыз шетелдік жұмысшы күшін пайдалану жиі байқалуда. Рейд кезінде оларды қызметке алған кәсіпкерлер де жауапкершілікке тартылған. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық, осы жерде аудан орталығындағы кафенің бірінде шаруа қожалығында жұмыс жасайтын Өзбекстан Республикасының азаматы көші-қон бөлімшесіне тіркелмеген, тексергенде ешбір құжатсыз жүр екен. Өзіміздің базалық мәліметтеріміз арқылы ол азамат Волгоград қаласының көші-қон қызметкерлерімен іздестіруде жүргенін білдік. Қандай мақсатпен іздеу жарияланғанын айтпай-ақ қояйын. Міне, осындай заңсыз жүргендер тарапынан қоғамға қауіп төнуі мүмкін. Әріптестерімізбен жүргізген жұмыс барысында Ресей Федерациясының аумағына кіруге тыйым салынған Әзірбайжан Республикасының азаматы Байда ауылдық округінің маңында орналасқан қонақ үйлердің біріне жайғасып, одан кейін аудан орталығында жұмысқа орналасып, заңсыз жүргені де назардан тыс қалмады. Шекара аумағында болуға рұқсат құжаты жоғына қарамай кәсіпкер оны жұмысқа алған. Қонақ үйде ол 20 күн жатқан. Заң бойынша қонақ үйлер өздеріне келген шетелдіктер 3 күннен артық болса, көші-қон қызметіне хабарлауға міндетті. Тағы бір айта кететін жайт, рейд кезінде кәсіпкерлер тарапынан: «Неге біз шетелдік жұмысшы күшін пайдалана алмаймыз?», - деген сұрақтар туындайды. Заңды тұлғалар шетелдік жұмысшы күшін пайдалана алмайтыны заңда көрсетілген. Бұл жеке тұлғаларға ғана рұқсат етілген. Бірақ, ол үшін бір демалыс бұрын көші-қон қызметіне хабарласып, рұқсат алуы тиіс. Елімізге кірген шетелдік үш күн ішінде тіркелуге міндетті. Алға қарай осындай түсініспеушілік болмас үшін cіздерге заңның нақты талаптарын, ережелерін түсіндіру мақсатымен бүгінгі жиналысты өткізуді жоспарладық, - деді.

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі 2016 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, учаскелік шекарашы Едіге Мұхамедин: - Құрманғазы ауданы шекаралық аймақ болып есептеледі. Бірінші шекаралық бекеттен бастап 196-шысына дейін орналасқан. Яғни Кудряшов ауылдық округінен бастап Балқұдық ауылына дейін созылып жатыр. Шекараны қорғау бәрімізге ортақ іс деп ойлаймын. Себебі, Ата Заңымызда: «Шекараны қорғау әрбір азаматтың борышы», - деп жазылған ғой. Құрманғазы ауылына кіре берісте «Шекаралық аймақ», - деген жазу тұр. Сондықтан оған ауданымыздың территориясы түгел кіреді. Сол себепті мұнда әрбір шетел азаматының қозғалысы, жұмыс істеуі заңмен белгіленген түрде жүзеге асырылады. Біздің шекара қызметі шетел азаматтарын тексеруге міндетті. Қазіргі таңда басты мәселе – өзге елден келгендердің жұмысқа орналасуы. Бұл істе заңдылық сақталуы тиіс. Мен сіздерге болған жағдайды айтып кетсем, біздің шекара қызметі көші-қон қызметі полицияларымен бірге Атыраудағы балық аулаумен айналысатын «Надежда» ЖШС-ін тексергенде 25 Өзбекстан азаматының заңсыз жұмыс жасап жүргенін анықтады. Олардың құжаттары дұрыс емес, жұмыс берушімен ешқандай келісімшарт жасалмаған. Мекеме серіктестік болғаннан кейін оларға 1 млн.300 мың теңге айыппұл салынды. Заңдылықты сақтамасаңыздар мұндай жауапкершілікке сіздер де тартыласыздар. Құрманғазы ауданында 2017 жылдың қорытындысы бойынша шекара қызметімен заңсыз жүрген 156 Өзбекстан, 12 Тәжікстан, 2 Қырғызстан, 24 Ресей азаматы ұсталды. Шетел азаматы жаңа айтылғандай шекаралық аймаққа кіру үшін көші-қон органдарына 7 күн бұрын арыз береді. Рұқсат берілген соң бір аптадай жүре алады. Биыл, 1 қаңтардан бері 96 Өзбекстан, 7 Тәжікстан, 12 Ресей азаматтары ұсталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 510 бабының 1-ші бөлігімен айыппұл салынды, - деп шекарада қандай құжаттар талап етілетінін түсіндіру үшін сөзді көші-қон полициясы қызметкеріне жолдады.

Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімі Көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Елдана Қараева: - Ауданымыз теңізден де 25 шақырым қашықтықта жатырғаннан соң шекаралық аймақ саналып шетелдіктер рұқсат қағазын алуы керек. Алдымен арыз тапсырады, оны ҰҚК-не жолдаймыз. Егер ешқандай қылмысқа қатысы немесе басқа да заң бұзушылықтары болмаса рұқсат қағазын береміз. 2018 жылдың басынан бері 734 шетел азаматы рұқсат қағаздарын алды. Оның ішінде 3 адамға қарсылық білдірілді. Көптеген шаралар өткізіп, аудандық «Серпер» газетіне мақалалар беріп жатсақ та нәтижесі аз болып тұр. Шетел азаматтары рұқсат қағаздарын алмай жеке тұлғаларда, кәсіпкерлерде жұмыс жасап жатыр. Мысалы, Ақкөл ауылдық округінде орналасқан «Ерлан» кірпіш зауытында шетел азаматы келіп жұмыс жасап, мекеме өкілімен қоса жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде көрсетілген 517 және 519 бабтарда шетел азаматы да, жеке кәсіпкер де әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айтылған. Біздегі стандарттарға байланысты жеке тұлға, ЖШС, кез келген мекеме өзіне шетел күшін пайдалана алмайды. Жеке тұлғаға үй салуы, басқа да жұмыстарға алуына болғанымен, пайда табуға қолдануына тыйым салынған. Мысалы, Көптоғай ауылында учаскелік пункт салынып жатыр. Оның құрылысымен айналысатын жеке кәсіпкер шетелдік жұмысшы күшін пайдаланғаны үшін тамыз айында әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 72 мың айыппұл салынып, 7 күн жеңілдетілген әдісі қолданылып, 24 мың теңге өндірілді. Шетел азаматтары Қазақстан Республикасы шегінен 5 жылға алыстатылды, - деді.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521