Есірткіден аулақ жүр, есті ұрпақ!

(0 Votes)

Есірткі бизнесіне қарсы жүргізілген күрестің нәтижесінде жыл сайын Қазақстан аумағында 30-40 тонна есірткі заттары тәркіленеді.

Заңсыз айналымнан алынған апиын, героин, кокаин, синтетикалық наркотиктер жоғары концентрацияланған, адам өміріне өте қауіпті. Соңғы оншақты жылда қазақстандық нашақорлар есірткінің осы ауыр түрлеріне көше бастады. Дерек көздері бойынша, біздің еліміздегі есірткі сауда айналымының 80 пайызын героин құрайды. Бұл жартылай синтетикалық есірткі таза апиынға қарағанда адамды өзіне тез тартып алып, «тұңғиыққа» батырып отыратын көрінеді. Героинге тәуелді болған адамды емдеп, сауықтыру өте қиын, көбіне көп ол мүмкін емес. Алдыңғы жылдары Қазақстанның оңтүстігінде өсетін қарасорадан дайындалатын гашиш, марихуана ғана саудаланылса, соңғы он-он бес жылда оған халықаралық наркотрафикпен өтетін ауған героині қосылып отыр. Ауғанстанда дайындалатын героин әлемнің түкпір-түкпіріне кеңінен таралған. Өткениеті озық саналатын Еуропа елдерінің өзіне жылына ауған апиынының 150-200 тоннасы жеткізіледі екен. БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының мәлімдеуінше, ауған героинінің ең ірі базары да осы елдер болып саналады. Одан кейінгі орында жылына 120 тоннаға сұраныс жасайтын Азия мемлекеттері тұр. Ал, Африкаға Ауғанстаннан жылына 45 тонна героин жеткізіледі. Осылай ауғандықтар дүниежүзін есірткі уымен «қамтамасыз етіп» жатыр.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, елді мекендерден 100-150 шақырым қашықтықтағы құмның ішіндегі есірткі плантациясын табу қиын. Қарасораны 3-4 метрлік сексеуілдің ішіне жасырып, 20 сотыққа дейін егуге болады екен. Мұндай плантацияларды полиция қызметкерлері тікұшаққа мініп, спутник немесе дрон арқылы төбеден бақылап іздестіреді. Әккі болғандар есірткіні жаз айларында жинап, жерге көміп кетеді де қыста келіп алады. Сондықтан есірткіге қарсы күрес жазғы уақытта ғана емес, қыста да тоқтамайды. Есірткіні таратушы бұл қылмысы үшін ұзақ жылға сотталатынын біледі де аса сақтықпен жұмыс жасайды. Шағын ауданнан гөрі ірі қалаларды жағалайды. Жастар есірткіні түнгі клубтарда, басқа да көңіл көтеру орындарында көп қолданатыны белгілі. Әрине, есірткіні кез келген адамға көшеде жүріп сата салмайды. Арнайы делдалдар арқылы сату да қазіргі кезде өте тиімді болып барады. Есірткі тұтынушы сатушыға жақсы танитын адамнан келгенін айтады, өздерінің құпия парольдері болуы да мүмкін. Сонда ғана оның сеніміне кіріп, есірткіні сатып ала алады. Есірткінің қолдан қолға өтуі көбіне көп адам аз жүретін көшелерде жүзеге асырылады. Кейбір кездерде есірткіні тапсырыс берген адамның көлігіне жанамалап тоқтаған көліктен береді. Шабарманның рөлін көп жағдайда әйелдер, тіпті жасы келген әжелер де атқарады. Не сатып жүргендерін олардың өздері де білмеуі мүмкін, бірақ, қылмыс үстінде ұсталып, сот үкім шығарған кезде оған қарамайды.

Бұл бүкіл әлемді жайлаған қауіпті кесел. Сондықтан да оның зәр шашқан ошағын уақытында анықтап, ұрпағымыздың азбауына құқық қорғау органдары ғана емес, баршамыз мүдделі болуға тиіспіз. Алайда, қоғам әлі де болса бұл міндетін дұрыс атқара алмай отыр деп ойлаймын. Әрине, бар кінәні қоғамға жаба салуға болмайды, себебі әр адам алдымен өзінің, ұрпағының дені сау болғанына қам жеуі қажет. Олай болса, зиянды нәрселерден, жаман әдеттерден аулақ болған абзал. Тәуелсіз мемлекетіміздің нығая түсуіне қызмет ету тек қана дені сау жастардың қолынан келеді. Нашақор жандардан дүниеге дені сау перзент келуі екі талай, себебі, есірткі дүние есігін әлі ашпаған, іште жатқан сәбидің ағзасын улайды, тіпті қаныңмен жалғасар үрім-бұтағыңды улайды. Көріп отырсыз, бұл кім-кімді де мың ойландырып, сан толғандырар өзекті мәселе. Оның өзегін суырып, түйінін шешу сіз бен біздің қолымызда!

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521