«Жанам деген жүрекке от берейік!»

Білім-Ғылым

Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектепте ІV дарындылар форумы көркемсөз оқу шеберлерінің Махамбет, Абай, Шәкәрім, М.Жұмабаевтың жастарға күш-жігер берер рухты өлеңдерімен ашылды.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева аудан бойынша 150-ден астам оқушы облыстық байқаудан І орын алып, республикалық, халықаралық додаларға жолдама алғанын хабардар етіп, аталмыш білім ошағының дарынды балаларын марапаттарымен құттықтады. Сахна төріне «Бурабайфест», «Бақытты елдің ұрпағы» жас домбырашылар халықаралық сайыстары, республикалық «Театрдың ғажайып әлемі», «Алтын қазына», ақындар байқауы, Яссауи олимпиадасының жүлдегерлері шақырылды.

Облыстық ғылыми жобалар, жалпы білім беретін пәндік олимпиадасы, "Ақберен", "Фариза" оқулары, «Менің өлкемнің құстары», «Отбасымның бағы – елімнің мәртебесі», «Мұхитты кешіп өтем десең, кемеңді өзің жаса» , «Қазақстан балалары шексіз әлемде!», «Асыл мұра»фестивалінің байқау жеңімпаздарын құттықтау құрметі Құрманғазы ауылдық округі әкімінің кеңесшісі Қуанғали Ихсановқа ұсынылды.

Аудандық ғылыми жоба, пәндік олимпиада, түрлі шығармашылық байқаулардың үздіктерін ардагер ұстаздар Меңдіхан Бақтыгереев, Оралбек Ғарифолла, Жәннат Құрманғалиева, Мүлкәт Шафхатова, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Нәйля Хасанова ұлығылады.

Шарада оқушылар мен жас мұғалімдердің дайындаған концерттік бағдарламасы тамашаланды.

А.Шакупова