Ұстаздың орны қашанда төр

(0 Votes)

Мұғалімдер қауымы, олардың қоғамдағы беделі туралы әңгіме жиі қозғалып жүргені белгілі.

Оған себеп те жоқ емес. Жасыратыны жоқ, бүгінгі ұстаздардың қабілет-қарымы, біліктілігі, жаңашылдығы бұрынғы педагогпен салыстырғанда төмен еместігі баршаға аян. Жалпы педагогтар қауымына деген халықтың бағасы белгілі, алайда соңғы уақытта олардың қоғамдағы орнына лайықты құрмет көрсетуді ұмытып кете беретініміз жасырын емес. Қазіргі ата-аналардың да мектепке деген шектен тыс талапшылдығы, баласы нашар оқыса, оның тентектігіне ескерту жасаса мұғалімді кінәлауы, өз тарапынан үйде бақылау жасамауы осының бәрі жас ұрпақтың санасына кері әсер етуде. Бүгінгі мұғалім оқушыға талап қойып, «неге сабақ оқымай келдің?» деп дауысын қатайтып сұраудан қорқатын болды. Енді қабылданғалы отырған заң осы мәселелердің түйінін тарқатады деген сенімдеміз. Өйткені, осыдан шығар бүгінде бала оқытып, педагог болудан кейінгі буын басын алып қашады. Өзі мұғалімнен тәлім алса да, келешегін білім-ғылым саласымен байланыстырып елестете алмайтындар қатары көбейгені жасырын емес. Себебі, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс көңіл көншітпейтіні рас. Әр педагог өз ізбасарын дайындап шығарғысы келеді. Бірақ, жастар арасында осы жолға бет бұратындар саны жылдан-жылға азайып барады. Олар өз ойын ұстаздық ету «болашақта қажетсіз мамандық » дегенмен түсіндіргісі келеді. Уақыт өзі көрсеткендей, денсаулық, білім сияқты әлеуметтік сала қай заманда да қажеттілігін жойған емес. Керегі сол, енді қоғамда мұғалімнің беделін көтеру міндеті қойылуда. «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасында 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздарды зейнетке шығару жөнінде ұсыныс айтылды. Білім және ғылым министрлігі әзірлеген заң жобасы шамамен ақпан айында депутаттардың қарауына түседі. Яғни, жоғары оқу орындарында оқыған жылдар еңбек өтілі болып саналатындықтан, мұғалімдер бұл әлеуметтік кепілдікке ие болуы үшін 26 жыл үздіксіз мұғалім болып жұмыс істесе жеткілікті. Бәлкім, 47 жасында зейнетке шығуға толық мүмкіндігі бар. Президенттің тапсырмасымен әзірленіп жатқан заң жобасы ұстаздардың ұсынысымен қамтылып, мемлекеттік органдарға жіберілген. Ондағылардың қабылданып-қабылданбайтыны уақыттың еншісінде.

Міне, бұл көптен күткен жаңалық мұғалімдер қауымын қуантты. Осының арқасында білім сапасы да артпақ. Педагог мәртебесі туралы жаңа заңда мұғалімдерді қоғамдық жұмысбастылықтан түбегейлі арылту да қарастырылатыны қуанышты жағдай. Бұған дейін мұғалімдерді мейлі сабағы қалып жатса да хорда ән айтқызып қою, сайлауларда көпшілік міндетті соларға артып, бірнешеуіне бюллетень таратқызып, кейбірін тапжылтпай учаскелердегі жұмстарға жегу, т.б. көпшілікпен бітетін шараларда тек соларға ғана көз салу бұдан әрі тоқтатылып, мұғалім мәртебесі шынымен де биіктер деген ойдамыз. Әрине, бұл арада өз құқығын біліп, өзін қол жаулыққа бермеу мұғалімнің өзіне де байланысты.

«Ұстаздың беделін көтеру» десе, қазір көпшілік оған сый жасау жағын меңзеп тұрған сияқты түсінеді. Ең бастысы бұл жерде ата-ана мен ұстаз арасында түсіністік, бір-біріне деген сыйластық, тығыз қарым қатынас орнауы қажет. Сонымен қатар, қазіргі заманғы мұғалімдердің заманауи келбеті анықталуы тиіс деп ойлаймыз.

Болашағымыздың жарқын болуы, қоғамның дамуы тікелей біліммен байланысты болса, ал сапалы білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие беріп, бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастыру ұстазға жүктелетінін естен шығармайық. Сондықтан, оның мәртебесі туралы Мағжан Жұмабаевтың: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деуінің астарында терең мән жатыр деген ойдамыз.

А.Шакупова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521