Үш қабатты 300 орындық жаңа мектеп 305 оқушы мен 42 ұстазға есігін айқара ашты

(0 Votes)

Теңіз ауылдық округінде заманауи оқу құралдармен жабдықталған Гагарин орта мектебінің жаңа ғимаратын пайдалануға беруге арналған салтанатты шара өтті.

Оны мектеп директоры Жамал Хасанова ашып, қонақтарды таныстырып, білім сапасынан, ұстаздар құрамынан хабардар етіп, құрылыс жұмыстарымен айналысқан «Бек и Ко» ЖШС-нің өкілі Асхат Елеуовке ризашылығын білдіріп, Алғыс хатын ұсынды.

Жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған аудан әкімі Бибоз Шаяхметов:

- Осы игілікті істердің қай-қайсысының басында да облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың жүргенін, ауданымызға жиі іссапармен келіп, 4-5 күн болып әлеуметтік нысандардың, соның ішінде мектеп, балабақшалардың жағдайымен танысып, көмегін жасағанын айта кеткеніміз дұрыс. Өткен жылы «Нұршуақ» балабақшасы тапсырылды. Енді міне 300 орындық Гагарин атындағы орта мектеп пайдалануға берілсе, 1 желтоқсанда 80 орындық Лабай, Ғизат Әліпов, Уәлиханов атындағы орта мектептер оқушыларын қабылдайды. Сонымен бірге келесі жылы Ақкөл ауылдық округіндегі 290 орындық балабақшаның құрылысы аяқталады. Бұл жаңа мектепті білім саласына көрсетілген үлкен қамқорлық деп қабылдаймыз, - деп мердігер мекеме «Бек и Ко» ЖШС-не ризашылығын білдірді.

Мектептің ашылуында облыстық құрылыс басқармасының бөлім бастығы Нұрлыбек Сақпаров: - Биылғы пайдалануға берілетін білім беру нысандары халықтың сұранысын қамтамасыз етіп, ауданның әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында қолға алынып отыр. Қазіргі күннің талаптарына сай салынған бұл ғимараттың құрылысында Асхат Елеуов пен Ризабек Дайынов бастаған мердігер мекеменің учаске басшылары, прорабтары, жұмысшылары екі жыл бойы жұмыс жасап осы тамаша нысанды уақытында бітіруге өз үлестерін қосты. Бүгін жаңа мектептің табалдырығынан аттағалы тұрған шәкірттер сіздер жақсы білім алып ата-аналарыңызды қуанта беріңіздер, - деді.

Келесі кезекте облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Злиха Дүйсекенова облыс әкімдігі, облыстық білім беру басқармасы атынан құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі. Мектептің ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Абзалұлы, ата-аналар атынан Аманжол Гайсин сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді. «Бек и Ко» ЖШС-нің өкілі Асхат Елеуов жаңа мектептің кілтін оның директоры Ж.Хасановаға табыс етіп,аудандық білім бөлімі мен Гагарин орта мектебіне әкелген сыйлықтарын ұсынды. Сонымен қатар облыстық бюджеттен қаржы бөлініп сатып алынған ішінде белдіктері, төбесінде жыпылдауық шамы бар автобус та тарту етілді. Биылғы 2018-2019 оқу жылында білім ұясының табалдырғынан 54 бүлдіршін аттап отыр. Округ әкімі Анарбек Баймұханов бізбен әңгімесінде мұндай жаңа үлгідегі білім ұясының ауылда салынғанына қуанышты екенін айтып, оның қажетті құралдары бар сыныптармен, робототехника кабинеті, ағаш және темір шеберханалары, асхана, спорт алаңдарымен қамтылғанын, оқушылар мен ұстаздарға барлық жағдай жасалғанын жеткізді. Ауыл тұрғыны, ардагер азамат Ұзақ Жәдіғұлов әлемге танымал қаламгер Рахымжан Отарбаевтың осында екі жыл ұстаз болып жасағанын жылы лебізбен еске алып, оның де көмегі тигеніне, осындай құрылыс салынуына қолдау білдірген бұрынғы облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовке, өңірдің қазіргі басшысы Н.Ноғаевқа риза екенін айтты.

Алғашқы қоңырау сыңғыр қаққаннан кейін ғимараттың алдына керілген лентаны аудан әкімі Б.Шаяхметов пен мектептің ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Абзалұлы қиып, шараға қатысушалар ғимарат ішін аралап көрді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521