«Егемен елдің еңселі ұстаздары»

Білім-Ғылым

Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектепте «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының» Құрманғазы аудандық комитеті мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Егемен елдің еңселі ұстаздары» атты мұғалімдер арасында байқау-фестивалі өткізілді.

Мақсаты – білім беру мекемелеріндегі қызметкерлердің шығармашылық мүмкіндіктерін ұштау, өнерлерін шыңдау, дарынды өнерпаздарды анықтау, кәсіподақ ұйымдарының беделін арттыру.

Байқауға 16 мектептен 51 педагог қатысып, өзара сынға түсті. Үміткерлер 4 номинация бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Алдымен оларға сайыстың шарты мен өткізу тәртібі түсіндірілді. Одан әрі, қатысушыларға әділ баға беретін қазылар алқасының құрамы таныстырылды. Шәкірт тәрбиелеп, оларды білім нәрімен сусындатып келетін қадірлі де қастерлі мамандық ұстаздықтың ауыр жүгін арқалаған мұғалімдер өнерден де құр алақан емес екендіктерін көрсетті. Әсіресе, бұл байқауға жас педагогтардың белсенділік танытуы бізді ерекше қуантты. Бірі шалқыта ән салса, екіншісі мың бұрала би билеп, шараның шырайын келтіріп, көрермен көзайымына айналды.

Байқау қорытындысымен «эстрадалық ән» номинациясы бойынша бас жүлде А.Амирова (Ақкөл о/м), І орын Г.Ниғыметоваға (Бегәлиев о/м) тиіссе, «хореография» жанрында А.Рапихова (Алтынсарин о/м) жеңімпаз атанды. Көркем сөз оқудан Ж.Өтешова (Д.Нұрпейсова о/м) өзгелерден озық шықса, «Дәстүрлі ән» жанры бойынша Н.Оразжанов (Гагарин о/м) бас жүлдені иемденді. «Ана» туралы монологын оқыған Қ.Мақсотованың туындысы терең мазмұнымен ерекшеленіп, қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Қатысушыларды «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының» Құрманғазы аудандық комитеті Ә.Ізжанов, аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Арыстанова диплом, алғыс хатпен марапаттады. Байқаудың жеңімпаздары осы жылдың 20 сәуірінде өтетін облыстық байқауға жолдама алды.

А.Шакупова.