Диана – үздік студент

(0 Votes)

Х.Досмұxамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «журналистика» мамандығының 4-курс студенті Болатова Диана Асанқызы «Бөбек» жалпыұлттық қозғалысы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен «Үздік студент – 2018» жобасының жеңімпазы атанды.

Оған арнайы төсбелгі мен дипломды қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров өз қолымен табыстады. Диананың мақалалары республикалық талантты жастардың «Жас қыран» атты кітабының екінші жинағына енді. Жобаның мақсаты еліміздегі барлық жоғары оқу орындары студенттерінің ғылыми-зерттеу және шығармашылықпен жұмыс жасау бағытында, өзін-өзі басқаруы ісінде, салауатты өмір салтын қалыптастыруда, студенттік жасақтар қозғалысын дамытуда және басқа да оқудан тыс қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқандарды анықтау болды.

Талапты жас Диана Теңіз ауылдық округінің тумасы. 2015 жылы Ю.Гагарин атындағы орта мектепті тәмамдап, жүрегі қалаған журналистика мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсті. Түрлі қоғамдық жұмыстардың, мәдени-көпшілік шаралардың белсендісі университет жанынан шығатын газеттің тілшісі. «ЭКСПО – 2017» көрмесіне орай ұйымдастырылған «Инновациялық ойлар мен техникалық ұсыныстар» апталығына үздік жоба ұсынып, жеңімпаз атанды. Өлең шығарумен де айналысып, түрлі жыр мүшәйраларына қатысып жүр. Өнерімен, жан-жақтылығымен танылып, «Университет аруы-2017" байқауында бас жүлде иемденді. Алматы қаласында өткен «Наука и молодежь: новые идеи и решения» ІV халықаралық студенттер мен магистранттар конференциясында І орынды жеңіп алды.

Диана отбасының кенжесі. Әкесі Асан мен анасы Баян ойы ұшқыр, талабы таудай қыздарының болашағынан зор үміт күтеді. Жастайынан өнер-білімге құштар қыз ата-анасы мен ұстаздарының өзіне артқан үмітін ақтау парызым деп біледі.

«Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биікте болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты болса - ол елдің еңсесі биік болады» деп Елбасы айтқандай, егемен еліміздің болашағы Дианадай өнерлі, білімді, белсенді жастардың қолында. Қанатың талмасын, өнердің биік шыңына өрлей бер!

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521