Балаларға қуаныш сыйлады

(0 Votes)

Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов бастаған бір топ депутаттар аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің жанындағы тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балаларды оңалту орталығында болды.

Халық қалаулылары аталмыш бөлімнің басшысы Абдуррахман Муса, орталық басшысының орынбасары Ардақ Қаржауовамен бірге ғимаратты аралап, жай-күйімен танысты. Оңалту орталығы басшысы орынбасарының айтуынша мұнда бұрын жүрмеген екі баланың тұсауы кесілген. Сурет салуды үйренгені де бар. Тамақ іше алмайтындары қасық ұстауды үйренген. Қозғала алмайтыны аунайтын дәрежеге жеткен. Біреуі «Жұлдызай» байқауына қатысып, жүлделі орын алған. Осыдан-ақ, орталық қызметкерлерінің тәрбиеленушілерге көбірек көңіл бөліп, барлық жағдайды жасап, сауығып кетулері үшін жұмыстанып жүргендерін байқайсыз. Мұнда 3 жастан 14 жасқа дейінгі 20 бала тәрбиеленуде. Олар төрт мезгіл тамақпен қамтылған. Осында ұйымдастырылған «Гүлдей жайнап көңілің – балдай тәтті өмірің» атты мерекелік шара ауданға танымал әнші Жанболат Кенжеғалиевтің «Бағала» әнімен ашылды. Орталық тәрбиеленушілері мен тәрбиешілері вальс биледі. Одан әрі жас әнші Балауса Нұрланова «Жайық сазы» әнін орындады. Салтанатты шарада сөйлеген сөзінде оңалту орталығы директорының орынбасары Ардақ Қаржауова:

- Біздің мекеме 2017 жылдың 4 маусым күні заңды тұлға ретінде тіркеліп, алғаш жұмысын бастап, 22 тамызда 4 баланы орталыққа қабылдадық. Бұрын мұндай балалармен жұмыс жасап көрмеген мамандар бастапқыда сасқалақтап қалай олармен тіл табысамыз деген қиындықтар артта қалды. Ата-анамен психологымыз анкеталық сауалнама жасап, біртіндеп жұмысымызды әрмен қарай жалғастырып кеттік. Балалар ортаға үйренді, бір-бірімен достық қарым-қатынаста. Көрмесе іздеп тұрады. 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесін биыл бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. «Жасмин» тобының жетекшісі, жас кәсіпкер Дәурен Садиховтың, жастар ресурстық орталығының және тағы басқа да кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен 18 мамыр күні «Жасмин» ойын-сауық орталығында осы балаларға арналған үлкен шара өткізілді. Оған балаларымыз бен олардың ата-аналары қатысып, сыйлықтарын алып, мерекелік дастарханда болып қайтты. Бізге көбіне аудандық мәдениет үйінің мамандары келіп, шараларды өткізуге атсалысады. Нұржау ауылынан келген, тәрбиеленушіміз Нұрайдың әжесі, мәдениет қызметкері Бақыт Ахқмұханова апамыз осы шараны көтеріп алып жатыр, - деп ризашылығын білдіріп, аудан орталығындағы шараға төрт баланы апарғалы отырғандарын жеткізді.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов қатысушыларды Рамазан айымен құттықтап:

- Елбасымыз, Үкіметіміз, облыс басшылығы балалар үшін барлық жағдайды жасауда. Соның бір көрінісі осы орталықтың құрылуы. Бұған осында қатысып отырған Абдуррахман Рахметұлының көп еңбегі сіңді. Көптеген қағаздарын тіркеуден өткізді. Оның бәрін біз жақсы білеміз. Ауданымызда осындай орталықтың болғанына қуаныштымыз. Себебі мұндай балаларды Атырауға апаруға көп күш жұмсалады. Жаңа Ардақ қарындасымыздың әңгімесінен бірнеше баланың сауығып келе жатқанын, тұсауы кесіліп жүргенін естідік. Бұл ата-аналарға үлкен көмек. Олар үйде болса, өзімен-өзі тұйықталып, дамуы шектеледі. Мында келсе, ортаға бейімделеді. Балалар – біздің болашағымыз. Сіздердің шипалы қолдарыңызбен, жылы сөздеріңізбен балаларымыз оңалып келе жатыр екен. Осылай дені сау, жақсы болып өсіп кетсін. Жаңа аралағанда салған суреттерін көріп жатырмыз, қазір өнерлерін тамашалайтын шығармыз. Облыс әкімі осында келгенде өлең айтқан баланы танып отырмыз. «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді халқымыз, ата-аналар сіздерге осы балалардың қызығын көруді Алла нәсіп етсін, - деп мәслихат депутаттары атынан сыйлықтарын ұсынды. Шара барысында оқушылар мен тәрбиеленушілер орындаған әндер мен билер тамашаланды. Ата-аналар атынан, мәдениет қызметкері Бақыт Ақмұханова сөйлеп, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Мусаға, аудандық мәслихаттың хатшысы Б.Жүгінісовке ризашылығын білдіріп, қатысушыларға арнап «Немерем» әнін орындап берді.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521