Жазушының дара жолы

Аудан тынысы
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Құрманғазы ауданының 90 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, бірнеше кітаптардың авторы Өмірзақ Қажымғалиевтің «Дара жол» шарасы өтті. Шараны аудандық орталықтандырылған кітапхананың оқырман қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова жүргізіп кеш қонағына қызықты сұрақтар қойды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев өз жауабында: - Анам «Керек тастың ауырлығы жоқ», өзіңе қажет нәрсені тастамай алып жүр. Бірде болмаса, бірде керегі болады», - дейтін. Солай қалыптасқанымнан шығар мен дүниелерімді өзгертпеймін. Бәрі керек сияқты көрінеді.Балалар: «Тәте, мынаның не керегі бар?», - деп ескі нәрселерді далаға тастаса, мен қайтадан жинап аламын. Содан әйтеуір маған көрсетпей жоқ етіп жібереді. Екінші сұрағыңызға жауап берсем қай қазақ та етті жақсы көреді ғой. Бала кезімде қатты ауырып, жылап жатқанымда анам берген сүтке, қаймаққа мойын бұрмай етті жеп терлеп, сауыққаным есімде. Ол кезде көп тамақ та жоқ қой. Мен ауырғанда оның бір түнде шашы ағарып кетті. Жұбайым Мүслимат екеуміз жақсы сыйластық. Жұмыс жасауым үшін барлық жағдайды жасаған ол мен үшін өмір сүрді, - деп асыл жары, алғашқы еңбек жолы жайлы әсерлі әңгімеледі. Замандасы, Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны, ардагер ұстаз Рахмет Ниетқалиев: - Біз Өмірзақ екеуміз мектепте бірге оқыдық. Математикаға жақсы еді. Өмекеңнің үйінде құдасы баласы Жанаш екеуміз жаттық. Үшеуміз үнемі бірге жүріп, ойнаймыз. Оныншы сыныпта оқитын балалар бізді «Үш мушкетер» дейтін. Бірде Өмірзақ он екі шақырым жердегі біздің үйге қонаққа келді. Таңертең үйіне қайтуға жиналғанда тағы да қалуын өтінгенімде: «Жол ақысы жету, кісі ақысы беру» деген. Мен кетейін, екі ара біраз жер ғой» деді. Сонда одан 2-3 жас үлкен болсам да 13-14 жасар баланың ақылдылығына таң қалдым. Себебі, мен ондай мақал-мәтелді білмейтінмін. Музыкаға да жақсы еді, домбырасын тастамайтын. Маған үйреткісі келген, онымен ештеңе шықпады, - деп шара кейіпкерінің балалық шақтағы қызықты сәттерін еске алды. Орлы ауылының тұрғыны, аудандық білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлығайын Нұғыманов: - Жасынан зерделі азамат көргенін, білгенін, оқығанын ойға тоқи жүріп әбден толысқан шағында жазуға отырды. Жазушымын дегендердің ешқайсысының шығармаларынан кем емес туындыларды өмірге әкелді. Қаламынан туған «Биіктерге беталыс», «Жолдар мен жылдар», «Мүслимат», «Дариға дәурен», «Жанкешу», «Алтынды тот баспайды», «Кемел», «Мәңгі Мақаш» тағы басқа кітаптарын оқығанда көңілге түйген өмір түйіндері, қиын да күрделі белестер мен асулар, еңбек адамдарының жасампаз жетістіктері мен көрген қиыншылықтары, өткен ғасырдағы жаңару үрдістері көз алдымыздан тізбектеліп өтеді. Әрбір кейіпкерінің ішкі дүниесін, оның болмысын, өмірге көзқарастарын дара суреттейді, ешқайсысын қайталамайды, баяндау тілі жатық, - дей келе Мақаш Бекмұхамбетовтің еңбегін халқымызға қайта танытуға сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Қатарластары аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев, медицина саласының ардагері Зейнетолла Ақбанов және «Мақаш» ӨК төрағасы Жеңіс Әбілхайыров та жылы лебіздерін жеткізді. Аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Жанаргүл Құлбаева жазушы шығармаларына слайд арқылы «Талғамы биік дара тұлға» тақырыбымен библиографиялық шолу жасады. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев Ө.Қажымғалиевтің кеудесіне «Құрманғазы ауданына 90 жыл» мерекелік төсбелгісін тағып, естелік сыйлығын табыс етті. Шара соңында Өмірзақ Қажымғалиев осындай тағылымы мол шара ұйымдастырғандарға ризашылығын білдіріп, мемлекеттік тапсырыспен жаңадан шыққан «Жаңғырық» кітабының бір-бір данасын аудандық партия филиалына, аудандық орталықтандырылған кітапханаға, аудандық ардагерлер кеңесіне, «Мақаш» ӨК-іне сыйға тартты. Сонымен қатар, шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін ортаға салды. Қанат ҒҰМАРОВ