Зағип жанға қол созды

(0 Votes)
Қайырымдылық – адам баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Қамқорлыққа зәру жандардың жанашыры болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну сауабы мол іс. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегендей, осы үрдісте мұқтаж адамдарға қолынан келгенше көмектесіп, тұрмыс-тіршілігіне әрдайым қарайласып отыру ауыл басшысының күнделікті жұмысының бірі болса тіптен жақсы. Бұл ретте Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтахты ауылдастың қамын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жанауырта жүретіндің бірі дегеніміз орынды. Қазан – қамқорлық айында да жақсы бір істің ұйытқысы болды. Ауыл тұрғыны, І топ мүгедегі Хамзин Жасжанның үйін шатырлап беруге тілеулес жандарды жұмылдыра білді. Мектепті күрделі жөндеу барысында шыққан ағаш материалдарын пайдалануды оңтайлы шешіп берді. Ауылдағы құрылысқа қолдары епті ағайынды Олжабек, Сәндібек Дүйсеновтерді жұмысқа тартып, бас-аяғы бір аптаның ішінде үйдің шатырын жауып беріп, мүгедек жанның отбасына қуаныш сыйлады. Шаңырақтың отанасы Дүйсенбаева Жаңылсын апамыз бізбен әңгімесінде сауапты іске атсалысқан баршасына ақ алғысын қарша жаудырды. – Бұл үйіміздің іргесі сонау 1984 жылы қаланған болатын. Әкелері кеңшарда жүргізушілік жұмыста, балалардың өздері самантасын қолдан құйып көтерген жылы ұядай құтханамыз еді. Шатыры болмаса да күзгі жамап-жасқаудың, сылаудың арқасында еш су өткізбейтін. Үш-төрт жылдың жүзі болды, азаматым зағип халге түсіп үйіміз қараусыз кетті. Өткен жылғы жауын-шашын біраз әуре-сарсаңға салды. Ауыл әкімі Асқаржанға қиын жағдайымызды құлаққағыс еткенбіз. Мың болғырдың ойында жүреді екен, өткен әзірде жігіттерін әкеліп, төбеге құйылған саз балшығын азайтып, майысқан тастамаларын түзетіп біраз іс тындыруға септігі тиді. Ең бастысы, шиферлап су ақпайтындай еткізді. Еңбегі елене берсін, біздей егде тартқан жандарға жасаған жақсылығы алдынан шықсын, - деген тілегін жолдады. А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521