Қыс малшыға қарасып тұр

Аудан тынысы

Жылда сарышұнақ аязымен анда-санда сес көрсетіп алатын қыс биылғы жылы малшыға қарасып-ақ тұр.

Бүгінге дейін малдарын далаға жайып, қысқа деп жиған жем-шөптерін үнеммен жаратып, артына сақтап отырған шаруашылықтар жетерлік. Тәжірибелі малбегілер біледі, ауа-райы осылай мүмкіндік беріп тұрғанда тиімді пайдаланып қалуға тырысады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, күні ертең-ақ өзге өңірлерді әбден әбігерге салып жатқан қаһарлы қысың салып айдап бізге де жетпесіне кім кепіл?

Осы орайда, несібесін төрт түліктен тапқан малшылар қауымының бүгінгі жай-күйі, қыстақ басындағы хал-ахуалды білмек ниетпен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қабдешовпен хабарласқанымызда төмендегі мәліметтермен бөлісті. -  Аудан бойынша үстіміздегі жылда 568 орында мал қыстату жүріп жатыр. Ондағы жалпы дайындалған пішеннің қоры 156 мың тонна, көздеген жоспарымыз 100 пайыздан аса орындалып отыр. Сонымен қатар, әр шаруашылықтар өз қажеттіліктеріне орай 1560 тонна құрама жемді көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан сатып алудың қамын жасады. Күні бүгін мал қыстату науқаны ойдағыдай өтуде. Қыстақ басындағы дайындалған мал азықтары, күнделікті азық-түлік қоры, жанар-жағармай жеткілікті мөлшерде. Жол қатынасы және ауа райының қолайсыздығы мәселесін бақылау мақсатында ауылдық округ әкімдіктерінен, шаруашылық басшыларынан толық мәлімет алынып отыр. Жалпы биылғы жылы да мал қыстағын жоғарғы деңгейде өткізіп, төрт түлікті аман сақтап, қыстан қысылмай шығу үшін барлық жағдай жасалған.

Айта кетейік, аудандағы «Сүйіндік», «Ақжонас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен Мақаш және Құрманғазы өндірістік кооперативтерінде және «Рсай» шаруа қожалығында 10 бас ірі қара, 25826 бас асыл тұқымды Еділбай қойы, асыл тұқымды 294 бас түйе, 527 бас жылқы малдары бағылуда. Өткен жылдың төл алу науқанында осы шаруашылықтармен 14846 қозы, 115 құлын, 85 бота, 12 бұзау алынған болатын. Алдағы жылы да осы межеден көріну көзделіп, мал мамандарымен жоспарлы жұмыс жүргізіліп келеді.

Ал, шаруа қожалықтарында 17590 бас сиыр, 54995 бас қой-ешкі, 2026 бас түйе, 8086 бас жылқы қыстаққа түсті. Барлыға да жылдағы орындарында маңызды науқанды ойдағыдай өткізу үстінде.

Мақаш ауылдық округіндегі қазақтың ақбас сиырын өсіретін Есболат Құбашевтің шаруа қожалығы жаңа технологияларды енгізу арқылы көптен бері өңірімізде қолға алынбай кеткен мал басын өз төлі есебінен өсіруге, сапалық құрамын жақсартуға ден қойды. Бұл мақсатта мал шаруашылығында ғылыми түрде дәлелденген ең озық әдісті пайдаланып, «Асыл түлік» АҚ-мен келісімшарт жасасты. Тұқымдық түрлендіруге қатысып жатқан 400 бас мүйізді ірі қараның аналығы мұздатылған асыл тұқымды бұқаның ұрығымен қолдан ұрықтандырылды. 

Малды асылдандыру бағытында облыстық бюджеттен күні бүгінге дейін 74 шаруашылық құрылымдары сатып алған 182 бас бұқаға, 63 бас қашарға, түрлендіруге қатысқан 4860 бас аналық сиырға, 2131 бас алынған бұзауға 92 млн 768 мың теңгенің субсидия алынды. Асылдандыруға әкелінген 97 бас қошқар мен күйекке түскен 24551 бас аналық қойға да 54 млн 790 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалды.

Малды ауылдың қыстан қысылмай шығуы төл алу науқанына үлкен септігін тигізері сөзсіз. Қыс мезгілі қазір белортасына келді, ашуын ақпанда алмаса биыл жайлы келді. Дейтұрған мен арқаны кеңге салған малшы жоқ, барлығы да ертеңгі күннің қамымен жүр.

А.НӘЖІМОВ