Ынтымағы жарасқан...

Аудан тынысы

Аудандық орталықтандырылған кітапханада аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Ынтымағы жарасқан туған өлкем – Қазақстан» атты кездесу кеші өткізілді.

 

Жүргізушілер Г.Утепова мен Р.Каримова ауданымызда тұратын қалмақ және неміс ұлтының өкілдері еңбек ардагері Антонина Даваева мен жоғары санатты ұстаз Виктория Халменованы ортаға шақырды. Сонымен қатар, жақында «Мерейлі отбасы» конкурсының аудандық деңгейінде жеңіске жеткен Әуез Ізжановтың отбасыларына да төрден орын берілді.

Интернационалды отбасының мүшелері Қазақстанға қалай келгендері жөнінде өткенді еске алып, қызығы мен қиындығы қатар жүрген өмір деректерімен таныстырды. Қасиетті Құрманғазы өңірінде ата мен ененің тәлім-тәрбиесін алып, қанаттанғандарына ризашылық сезімдерін сүйсіне сөз етті.

Өзге ұлт өкілдері болғанымен туған тілдерін ұмытқан кеш қонақтары қазақша сайрап, елге, халыққа мың алғыс айтудан жалықпайтындарын жеткізді. «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазы Ә.Ізжанов жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары музыкалық сәлемдемелерімен шара көркін қыздырды. А.Даваевадан қонақ кәде сұралып, ол бірден ортаға шығып, «Ана» әнін шалқыта орындады. Кеш соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Б.Хасенова қонақтарға аудандық ішкі саясат бөлімінің атынан Құттықтау хаттар табыстап, естелік сыйлықтар тапсырды.

А.ШАКУПОВА.