«Туған ауылымызды көрсетсек дейміз»

Аудан тынысы

Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп, одан әрі туған жерге деген сүйіспеншіліктің туған елге деген сүйіспеншілікке ұласатынын жеткізеді.

Әрбір адам үшін өзінің кіндік қаны тамған мекеннен қымбат ешбір өлке жоқ. Оны көркейту бәріміздің міндетіміз. «Көл тамшыдан құрылады», - дегендей кең байтақ еліміздің әр шетінде қазақстандықтар туған жерін көркейтуді бастаса Қазақстан гүлденген мемлекетке айналары сөзсіз. Бұл іске атсалысуды біздің ауданымыздың жастары бастап та кеткендей.

«Кімде-кімнің қолында бір тал шыбығы болса, қиямет-қайым басталып кеткенше оны отырғызып үлгеретін шамасы болса, соны дереу отырғызсын», - дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде. Бабаларымыз да: «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», - деп айтып кеткен. Осының өзі-ақ ағаш отырғызудың сауапты іс екенін дәлелдейді. Құрманғазы ауылдық округінің Рембаза бөлігінің бір топ жастары Шора өзенінің оң жағалауына жағалай тал-теректер отырғызыпты. Мұны олар өз күштерімен атқарған.

-Біз мақтаныш үшін немесе өзімізді көрсетейік деген ниетпен еккен жоқпыз, туған ауылымызды көркейткіміз келді. Сондықтан аты-жөнімізді жарияламай-ақ қоярсыздар. Жасыл желек деген табиғаттың сәні. Өсіп кетсе күн ыссыда өзен жағасының таза ауасын жұтып, суға шомылып, көлеңкесінде демалуға болады. Көктемде бір топ жігіт бірігіп осы жерді қоршап, жетпіс шақты тал отырғыздық. Талдарды Бірлік ауылынан, Атыраудан сатып әкелдік. Қоршауына да ақшаны өзімізден шығардық. Содан бері қараусыз қалдырмай аптасына екі рет суарып жүрміз. Бірнешеуі жерсінбей қурап қалғаны болмаса қалғандары өсіп келеді. Су жіберу үшін генератор мен насос та сатып алдық. Бәріне су құйып шығу үшін үш сағат уақытымыз кетеді. Күзде жаға бойына тағы да талдар отырғызып, қоршауды әлде де ұзартпақ ойымыз бар, - дейді жастар.

Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев олардың бұл істеріне қолдап, ризашылығын білдіріп, ақыл-кеңесін айтып: - Сіздерге мүмкін болып жатса қоршау жасауға соқалар тауып берерміз. Алға қарай тал отырғызғанда үлкендеулерін алыңыздар, сонда жылдам өседі. Араларын да қашықтау еткендеріңіз дұрыс. Қоршау ішіне өскен ошаған шөбін жұлуға «Жасыл ел» жасақтарын жіберіп көмектесеміз, - деді.

Ауыл жастары бізбен әңгімесінде демеушілер табылып, жер беріліп жатса, алға қарай балалардың ойын алаңын салсақ деген ойлары барын да жеткізді.

-Құрманғазы ауылының барлық жерінде бар алаң тек осында жоқ. Балалар көше бойында ойнайды. Анау көрініп тұрған қақпалар футбол алаңы. Ол да өр суы келгенде суда қалады, - дейді олар. Біраз әңгімелескеннен кейін өз еріктерімен туған жерімізді көркейтуге кіріскен, жалындап тұрған жас жігіттерге біз де ризашылығымызды білдірдік. Еккен талдары өзеннің арғы бетінде көрініп тұрған «Қайролла теректеріндей» жайқалып өсіп кетсін деген тілегімізді айтып, аттандық.

Қанат ҒҰМАРОВ.