Тұрғындар белсенділігі төмен

Аудан тынысы

Тазалық сақталмаған жерді ауру жайлатыны бесенеден белгілі. Сондықтан күн жылынғаннан бастап оған айрықша көңіл бөлгеніміз абзал. Көкірегі ояу, көзі ашық әрбір саналы азамат табиғатының тазалығына алаңдаушылық танытқаны жөн.

Аудан әкімінің тапсырмасына орай, Құрманғазы ауылдық округінің тазалық мәселесі бойынша халықпен өткізілетін жиындарының іс-шара жоспары бекітілген болатын. Осыған байланысты,тұрғындарға үй айналасында шашылып жатқан қоқыс қалдықтарын ретке келтіру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Жасыратыны жоқ, аудан орталығында тазалығы бетімен кеткен кейбір көшелер кездеседі. «Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші, тұрғындар әлі де болсатазалық сақтауды үйрене алмауда. Олар әлі күнге дейін айналаны таза ұстау әкімшіліктің қызметкерлері немесе округ аппаратының міндеті деген түсініктен арыла алмай келеді. Оның дәлелі, жақында өткен жалпыхалықтық сенбілікте тұрғындардың қатысуы аз болды. Бұл туралы округ әкімі аппаратының бас маманы Н.Қайырмеденов хабарлады. Құрманғазы ауылдық округіне қарасты тек «Жангелдин», «Гилаев», «Өркениет», «М.Қабдолова», «К.Шайхимов», «А.Нұрғалиев», «Қ.Елемесов» көшелерінің адамдары белсенділік танытты. Округ тарапынан бөлінген 2 трактор тұрғындардың жинаған қоқыстарын алды. Сенбілікке қатысқан техникалар арқылы 18 тонна қоқыс шығарылды.

Алдағы уақытта да сенбі күндері үй-жайымыздың айналасын, асыл мекеннің қоқыс-кір басқан бөлігін тазалауды қолға алып, табиғатымызға жанашырлық танытатын кез жетті, ағайын!

А.Шакупова.