Түйткіл бар, түңілерліктей емес

(0 Votes)

Қиғаш ауылдық округінің 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алда тұрған міндеттері туралы округ әкімінің міндетін атқарушы Жігер Жанхановтың баяндамасынан көпұлтты округ тұрғындарына, мұндағы қоғамдық мекемелер, округ, аудан әкімдіктері арқылы жасалып отырған қамқорлық шаралары, барлық игі істер түгел дерлік қамтылды.

Мұнда 1184 тұрғын жайлы ғұмыр кешуде. Үш қылмыстық оқиғалардың әзірге біреуі ашылмапты. Аудандық мәслихат депутаты Мансұр Қуанышәлиевтың осы ауылды интернет жүйесіне қосуға, бірқатар үйлерге телефон тарттыруға, мектептің ішкі жылу жүйесін жөндеттіруге, тағы да басқа түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға қосып отырған үлесі зор делінді.

Бірақ, тұрғындар тарапынан сұрақтар да қойылмай қалған жоқ. Тайыр Қойшыбаев: - «Атырау-Жарық» АҚ күннің кез-келген мезгілінде жарықты өшіріп тастап, кері қосады. Күрделі тұрмыстық техникаларымыз істен шыға ма деп қорқамыз. Мектептің бірінші сыныптағы балдырғандарына білім беруде түсінбестіктер бар, дәптер қолданылмайды. Көшелер жарықтандырылса, - дегендерді айтты.

Округ әкімі Жігер Жанханов: - Аракідік 5-6 минут жарықтың өшіп қалатындығы қай жерде де бар, не себепті екеніне түсінік беруін сұрармыз. Биыл бірнеше көшелер жарықтандырылатын болып шешілді, -деді сенімді түрде.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева бірінші сыныпқа білім берудегі өзгерістер ол Білім министрлігі арқылы болып отырғанын, қазір дәптер түрлері қолданылмайтындығын айтып түсіндірді.

Зейнеткер Әлмұрат Хамашев біраз мәселелерді көтерді. – Көше жарығының жиі өшетіні рас. Балалар мектептен кеш қайтады, сондықтан қауіпті. Бос тұрған үйлер көп осы ауылда, бірнеше миллион шығындап жаңасын салғанша соларды пайдаланса несі бар. Округке келетін жол қашан салынады деп күткелі көп болды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сау болсын біздің жағдайымызды ескеріп «Атырау-Астрахань» қатынасты пойызға бар вагонды қосты. Бірақ, жағдай дабыл қағарлықтай. Жолсеріктер біздің ауылдың кісілерін де, өзге жақтың жүргіншілерін де берген ақшаға қызығып ала береді. Оның ішінде жүріп-тұруға мүлде мүмкін еместей, тәртіпке шақыру керек.

Округ әкімі де қатысып отырған тиісті лауазым иелері де бірінен соң бірі жауап айтты: «Көше жарықтандырылады, қаржы бөлінді. Бос тұрған үйлер ол жеке адамдардікі. 38 адам үй кезегінде тұр, инфрақұрылым мәселесі шешілу сәтінде, біткен соң оларға кезегі бойынша үй-жайларын жақсартуға жер телімі босатылады. Басқа да айтып отырған мәселелеріңіз бойынша жұмыстар жүргізіледі».

Алхам Досмұхамбетов өрт сөндіру машинасы қажеттігін, соның жоқтығынан болып өткен 2-3 қиын жағдайды қаперледі. Жаннат Рәшева мектептің орыс тілі, информатика пәндері мамандығына зәрулік танытып отырғандықтарын жеткізді. – Бұл аудан бойынша, өзге де мектептерге тән жағдай, сұраныс әлдеқашан жасалды, - деді білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева.

Мұқашева Сәуле: - Мектебімізде акт залы, «сан. узель» жоқ, асхана мәселесі қиын. Балалар жалғыз көйлекпен туалетке шығады, деген өткір мәселенің шетін шығарды. «Адрестік анықтаманы округ беріп отыр, шекара қызметі халыққа қызмет орталығынан әкел» дейді деген де мәселе бар екен. Округ әкімі соңғысына: - Әр тұрғын электронды кілтін алды, соны пайдаланыңыздар, қажет дегендеріңізге біз сөзге келместен беріп отырмыз, -деп түсіндірді. Барлық айтылған пікірлер хаттамаға түсті, заңдылықтар негізінде жұмыс жасалады, жауаптары берілетіндігі қаперленді.

Депутат Мансұр Қуаншалиев барлық мәселені бірден шешіп тастауға мүмкіндік келе бермейтіндігін айтса, аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев ауданның барлық сала бойынша өркендеу үрдісінен мол мағлұмат бере келе, әуелі әлеуметтік жағдайға бірінші кезекте көңіл бөлінетіндігін нақтылап түсіндірді. Тұрғындар округ әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Т.Дәрелов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521