«Суға жауапты болсаң, шуға төзімді бол» қияметі көп жұмыс туралы оның басшысы сыр қозғайды

(0 Votes)

Аудан орталығының жаз мезгілінде ауыз сумен қамтылуы мен осы бағытта туындап отырған мәселелер жөнінде газет тілшісі «Тұрмыстық қызмет» ҚМК басшысы Жанғабыл Шамұратовпен сұхбаттасқан еді.

- Жанғабыл Мұғалімұлы, Құрманғазы ауылының орталық көшелеріне, шеткірек тұстарына тартылған су құбырлары жаздың ортасына жетпей жиі жарылып, күн-түн демей шапқылап жүргеніңізді жиі көреміз. Шамалауымызша екі-үш жыл төңірегінде бірнеше рет жаңаланды емес пе? Мұның себебіне аз-кем тоқталып өтсеңіз? Қай көшелерде жиі жарылады?

- Жиі жарылып, ауыз су жетпей жататын РТС елді мекеніндегі Достық, Кәрім Шайхымов, Тәуелсіздік көшелері. Ол жерлерде менің есебімде жоқ ескі құбырлар қалған. Соған су шығып кетеді. Оны жаңасына кей тұстарында құбырды салған мердігер мекеме, енді бір жерінде тұрғындар өздері қосып тастаған. Ауласында кімнің немен айналысып жатқаны бізге беймәлім. Мысалы, біреудің моншасының артынан жаңа және ескі құбыр өтеді дейік. Ескісі жақын болса, оны жаңасына қосады. Содан кейін одан моншаға тартады. Тікелей жаңасынан алмайды. Нәтижесінде судың жартысы моншаға кетіп, қалғаны ескі құбырдың бір жерінен жарып шығады. Осындай ескі құбырлар ПМК ауылындағы біздің су тазалау ғимаратынан бастап «Атырау-Жарық» мекемесіне, Кресті ауылына дейінгі аралықта да бар. Қазір «Атырау-Жарықта», «Балауса» балабақшасында, сол маңдағы 4-5 үйде су жоқ. Жексенбі күнінен бері демалмай жарылған жерін жасап жатырмыз.

- Жаңа ғана мердігер мекеме ескі құбырға қосып кетеді дедіңіз. Су тарту жүйесі іске қосылғаннан кейін күн-түн демей сіздің қызметкерлер бұрқ етіп су жарылып, көлкіп жатқан жерлерде әбігерге түсіп жүреді. Жұмысты орындаған тендер жеңімпазы тапсырғанда өзіңіз араласып қабылдау жасамадыңыз ба? Кемшіліктер жайлы оларға неге ескертпедіңіз? Бұл көпшілікті жиі ойландыратын сауал.

- Жоқ, оған мен араласа алмаймын. Тендер жеңімпазы – жеке тұлға. Бізге кәсіпкердің жұмысына қосылуға болмайды. Оларды бақылау тапсырыс берушінің, аудандық құрылыс бөлімінің, техникалық бақылаудың міндеті. Солар басы-қасында жүріп қадағалап қабылдауы тиіс. Маған құбырды қарауға болмайды, монополист ретінде реестрдемін. Салынған нысанға артық ақша жұмсамауымыз қажет. Жөндеу жасасақ, ауыстырған бөлшегімізді фотосуретке түсіріп, алынған бағасын қоса тіркейміз. Негізі бұл жұмыстармен айналысу құбырды жүргізген мердігер мекемелердің міндеті болғанымен, кепілдемесін бере тұра олар шақырғанда келмейді. Жұмыс жасап ақшасын алғаннан соң тарап кетеді, орнын сипап қаламыз. Оны да көріп жүрміз. Субподряд деген қазір де бар. Тендерді жеңіп алған мекеме бригада құрып, мынандай жерге дейін жасайсыз деп соған береді. Олар ақшасын алғаннан соң қарасын батырады. Жерді қазып, теп-тегіс етіп көміп кетеді. Астында не бары белгісіз. Қабылдау комиссиясы оны аршып қарамайды. Біткен істі бұрын облыс әкімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, құрылыс бөлімі, округ әкімі бірігіп қабылдаса, қазір екі адамға тапсырылған.

- Жанғабыл Мұғалімұлы, аудан орталығының бірқатар бөліктерін сумен жабдықтау өткен жылы өте нашар жағдайда болды. Апталап тоқтап қалады не жеткіліксіз беріледі. Биыл қалай болмақшы? Былтыр терегіміз қурап, үй маңында еккен егініміз солып қалды деген сынды тұрғындар тарапынан реніштер көп айтылды. Бұған не демекшісіз?

- 6-7 мың текше метр су жинаймыз. Сол су жетпейді. Жан-жақтан құбыр бойынан насоспен сорып отыр. Жағадан кері айдаймыз. Ол таза су болғандықтан сүзгіден өтіп, құдыққа жиналады. Біздің сусорғылар өзенде 4-5 метр тереңдікте орналасқан. Сондықтан басына құм тұрып, кейде сормай да қалады. Қыста су жетіспеушілігі болмайды. Өйткені егін, терек суармайды. Мекемелер де жан-жағындағы жасыл желекті қуратпау үшін екі-үш насостан қолданып отырғанынан хабардармыз. Бірақ оларға қалай тыйым саламыз, өйтсек теректері қурайды. Насос пайдаланбаса сорып отырған тұрғындардан оларға су бармайды. Аудан орталығының тұрғындары ауыз сумен ауланың сыртын, көлікті жуып, шаңды басу үшін айналаға шашады. Мен ол суға хлор, басқа да тазартатын нәрселерді қосамын. Оған қыруар ақша жұмсалады. Қазір су лас болған соң сөйтеміз. Осыны тұрғындар түсінсе дейміз.Тариф жағын көтере алмай жүрміз, 2008 жылдан бері өзгерген жоқ. Халық есептегіш орнатпайды. Кісі басына есептесек, үйде 2-3 адам тұрады деп айтады, барсаң он адам жүреді. Суды көп тұтынатындар Самаркин, Жапырық, Бұзауслан, Кресті ауылдары. Жіберген суымыз ескі дайындау кеңсесі болды ғой, соған дейін барып тұр. Олар біртабан жақын, әрі көп егін екпейді, кілең жаңадан қоныстанғандар. Егін егетіндер негізінен Үлкен, Кіші Ганюшкин және РТС тұрғындары.

- Мұның шешімі неде деп ойлайсыз? Жазғы су құбырын тарту қажет пе? Әлде су айдайтын қосымша насостар қойған дұрыс па?

- Әрине, жазғы су құбырын тарту тиімді. Бұзауслан және РТС ауылдарында 3,5 шақырым жазғы су тазарту қондырғысы бар. Десек те халық таза ауыз су алып отырмыз, екеуіне бірдей төлей алмаймыз деп қарсылық білдіреді. Алға қарай тағы бір су тазарту ғимаратын салу керек немесе Маңғыстау су құбырына қосылуымыз қажет. Оған қосылу да мәселені толықтай шешеді деп ойламаймын, өйткені халықтың ауыз суды тұтыну мөлшері тым жоғары. Бірақ, әйтеуір сумен қамтуда үзіліс болмайды ғой. Қазір менде 45-55 квт моторлар тұр. Электр энергиясына төлейтін ақшамыз 3-4 млн. теңгеге шығады. Халық бізге берешегін бірден төлемейді. Шамалы субсидия беріледі, оны алған бойда, электр энергиясына, газге берешегімізді төлеп тастаймыз. Жанармайға, жағармайға ақша таба алмаймыз. Бір муфтаның өзі 25-30 мың теңге. Оның өзін Атырау қаласынан алдырамыз. Шеврон зауытынан ақша аударып немесе қолма-қол беріп әкелеміз. Таксимен барамыз, себебі ауданда 30 мыңмен алса, үстіне қосып 40-50 мың теңгемен сатады. Құбырлар да Шеврондікі, ресейдікін алсақ жабыспайды. Өндіріс болған соң мәселелер бізде аз емес. Біресе мотор істемей қалады, біресе 55 квт-қа келіп тұрған электр энергиясының қуаты жетпейді. Әрі бәрі автоматтандырылған, бағдарламалары қиын. Бірдеңесі істемей қалса оңдайтын адам іздейміз, маман жоқ. Білетін бір-екі жігітті шақыртамыз. Күрделі жерлеріне олар да кіре алмайды. Бәрі жабық, кілең кнопка, автомат клапын, реле, бір жерін ашып, бірдеңесін бұрай алмайсың. Тетігін басасың, өзі бәрін атқарады. Іші толған сым, оларды жөндеуді тіпті «Атырау-Жарықтың» электриктері білмейді. Бізде жарық та жиі өшеді. Сол себепті автоматты бағдарламалар шатасады. Мысалы, мына жерде Қытайдан келген, анау жерде Германиядан келген мотор тұрса, екеуі бір автоматпен істемейді. Үшеуі де немістікі болса істей береді. Ондай менде Бірлік, Арна, Шортанбай ауылдарында орнатылған. Бірақ оларда суды тұтыну біздегіден аз.

- Өздеріңіз ұсыныс жасап, оқытып, арнайы мамандарды неге дайындамайсыздар?

- Мұны біз жиналыстарда көтеріп, аудан әкімінің орынбасарларына айтып жүрміз. Әзірге шешілер емес. Бұзыла қалса Орал қаласынан маман шақыртамыз. Оңдап кеткен соң 1-2 күннен кейін қайтадан істемей қалып, әуре-сарсаңға түсіреді. Оралдағылар сервистік қызмет көрсетуді тиімсіз деп өз құзыреттеріне алмай отыр.

- Жалпы аудан орталығын сумен жабдықтауға сіз қаншалықты жауаптысыз? Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын ретінде мұның сізге қаншалықты пайдасы немесе зияны бар?

- Ауыз су құбырларын аудандық құрылыс бөлімі салдырып, келісімшартпен маған сенімгерлік басқаруға берді. Пайдасы халықты уақтылы сумен қамтудамыз. Бұл оңай жұмыс емес. Қазір сегізінші, үшінші бекеттерде, Хиуаз ауылында су тазарту ғимараттарын сенімгерлік басқаруға тіпті кәсіпкерлер де алмай отыр. Себебі, шығыны көп. Біздер пайда көрмесек те алып отырмыз. Қысқы алты айда жылудан түскен ақшамен ауыз судың шығынын жабамыз. Оператор жігіттерді бір-екі ай еңбек демалысына жіберіп, жұмысшы етіп ауыстырамын. Жігіттерімнің бір тобы ПМК ауылында «Балауса» балабақшасының қасында, екінші тобы РТС-та жарылған жерлерді жөндеуде. Бізде уақытпен санасу деген жоқ, таңертең 8-де келіп, түн ортасына дейін жүреміз.

- Аудан орталығында неше жерде сіздерге қарайтын су тазарту қондырғылары бар? Олардың бүгінгі жағдайы, материалдық-техникалық базаларыңыз қандай?

- ПМК ауылындағы су тазарту қондырғысы және жағадағы бірінші су көтеру стансасы, РТС-тағы екі су тазарту қондырғысы, Шортанбай, Жасталап, Арна, Бірлік ауылдарындағы осындай нысандар қарайды. Менің қарауымда 53 адам жұмыс жасайды, одан артық штат бермейді. ПМК ауылында 300-дік құбыр саздың ішінде, 2 метр тереңдікте жатыр. Құбырды, муфтаны дәнекерлеу үшін іші-сыртын ацетонмен сүртіп, кептіріп, сүлгімен тазалаймыз. Сосын аппаратпен қыстырып, өзінің бағдарламасына салып қояды. Болғаннан кейін өзі ажыратады. Дәнекерлеу компьютерлік бағдарламамен жүзеге асады. Бір жерінде құрттай су, топырақ қалып қойса, желімденбейді. Арасына су кетсе, бәрін қайтадан бастаймыз. Батпақтың ішінде оны бірден қалай кептіре қоясың. Сондықтан таңертеңнен кешке дейін басында боламыз, екінші күнге қаламыз. Бойында қалып қойған су тамшылай береді, қанша сорғанмен кептіру ұзаққа созылады. Өзінің жәшігі бар, соған салып қойып суытып, содан кейін су жібереміз. Мұқият жасамасаң тағы болмайды. Кейде құбыр жүйесі бойын толтыру үшін 55 квт-тық моторлардың екеу-үшеуі қатар істеп кетеді. Дұрыс жасамасаң 7-8 атмосфералық қысым деген өте қуатты, ол құбырды бірден қайырып тастайды. Сосын оған материал іздейміз. Мұндай қысымдағы су адам көзіне тисе ойып түсіреді. Бұрынғы темір тұрбалар болса шұңқыр қазып түсіп, бірдеңе етіп бітей салар едік. Материалдық-техникалық базамызда бір жаңа, бір ескі эксковаторым, ваккум автокөлігім, дәнекерлеу аппараттарым бар. Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі қажетті техникаларды алып беріп отырғанымен, соның өзінде үлгермейміз.

- Суды жоғары қысыммен айдамай, жайлап жіберуге болмай ма?

- Олай етсек, су жиналатын құдық қапелімде толмайды.Тиісті ақшаларын төлемегенімен, су жіберу кідірсе болды адамдар аптығып бізге жетеді. Ақауын жөндеп жатырмыз дегенді түсінбей дауыс көтеріп, әкімге, «Нұр Отанға» арыздануға кетеді. Жұмысымыз халық көңілінен шығуы үшін жігіттерім батпаққа малшынып, демалысты ұмытып жүрсе де жақсы атты бола бермейміз. Бірақ, біз өз міндетімізді адал атқарудамыз. Алға қарай да солай жұмыс жасаймыз.

- Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбатты жүргізген Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521