Сенбілікте 18 тонна қоқыс шығарылды

Аудан тынысы
Құрманғазы ауылдық округі бойынша бұл жолғы сенбілік біршама ұйымшылдықпен өткізілді.

Округ әкімдігі 3 тиеу, 3 тасымал тракторларының, 2 «КАМАЗ» автокөлігінің тұрақты болып, жұмыстануын қамтамасыз етті. 300-ге тарта адам қатынасқан еңбек мерекесінде белсенділік танытты деп орталық көпірден «Алтын арал» кәсіпкерлік нысанына дейінгі аралықты айнадай қылған аудандық сот ұжымын алдымен атау керек. «Атырау – Жарық», Жастар ресурстық орталығы ұжымдары Кресті елді мекенінде жақсы жұмыстанды. РТС ауылында «Балбөбек», «Нұршуақ» балабақша, Агроколледж ұжымдары көзге ерекше түсті. Жапырық ауылының қоқысын Ломоносов атындағы орта мектеп ұжымы біршама тазартты. Ұстаздар қолдарымен түрлі қалдықтарды теріп жүргенде осы ауылдың не үлкендері, не кейінгі буыны қара көрсетпеді. Кейбірі терезе жабындысынан сығалап тұрды.

Нұрлан Құсайынов қашанғы әдетіндей Самаркин елді мекенін тазартып, жұмысты одан әрі үлкен тас жол бойында Еңбекші округі бағытына қарай жалғастырды. Бұл сенбілікте 18 тонна шамасы қоқыстар жинақталып, арнайы орынға төгілді. Аудандық ішкі істер бөлімі, «ГазТрансАймақ», малдәрігерлік қызмет ұжымдары қатысуды қажет деп таппапты. Бұл мәліметтерді сенбілік біткен бойда Құрманғазы ауылдық округі редакцияға жедел хабарлады. Округ әкімі Мұрабек Рифхатұлы 13 қазандағы сенбіліктің аудан тойы өтуіне байланысты 6 қазанға ауысқанын мекеме, ұжымдар басшыларының қаперіне беруімізді өтінді.
Т.Тасмұханов