Құрылысқа жергілікті өнімдерді пайдаланған дұрыс

(0 Votes)

Қиғаш ауылдық округінің әкімі Жігер Жанқановтың мәлімдеуінше қос қабатты көп пәтерлі үйлерді ауыз сумен қамту қиындық туғызып отыр.

Оған себептердің бірі Маңғыстауға кететін су құбыры арқылы келетін ауыз су лимитпен беріледі. Оны көтеру жөнінде бірнеше рет айтылғанымен әзірге шешілмеуде. Аудан әкімі Қ.Нұртаев ондай жағдайда суды өзімізден беруді қамтамасыз ету қажеттігін алға тартып, ұсыныс беруді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ж.Сүндетовке тапсырды. Қиғаш орта мектебі акт залымен, асханамен қамтылмаған. Спортзалының төбесінен су кетеді. «Айгөлек» балабақшасында жиһаздар жаңаланбаған.

Ақкөл ауылдық округінің мәдениет үйі күрделі жөндеу жүргізуді қажет етеді. Ауылдағы су тазарту стансасы шебері Ризуан Суфалдияровтың айтуынша ғимарат 50 жылдан бері халыққа қызмет көрсетуде. Салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы жақсы жүруде. Округ әкімі Бисембай Рамазановтың хабарлауынша шілде айында пайдалануға берілуі тиіс. Аудандағы ең үлкен білім ұясы Ақкөл орта мектебінде шағын орталықты қосқанда 1074 бала оқиды. 2010 жылы күрделі жөндеу жасалған. Енді жеңіл жөндеу жүргізуді керек етеді. Ақкөл дәрігерлік емханасында 3 дәрігер, 13 техникалық қызметкер бар. Сумен тұрақты қамтылмайды. Автокөлігі ескі. «Каспий Құбыр Консорциумы-К» АҚ демеушілігімен салынып жатқан 290 орындық балабақша басында мердігер мекеме «Мұнай Автоматика ЛТД» ЖШС басшысы Нұргүл Сатылғанова «Жарық болмаған соң 4 ай тұрып қалдық. Астына төселетін топырақты да әрең алдым. Сметада көрсетілмеген. 1 гектарға жоқ дегенде 40-50 текше метр топырақ қажет. Құрылысты қарашаға дейін бітіреміз», деп аудан басшысынан топырақпен қамтуды шешіп беруді сұрады. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы көмектесуге уәде етіп, жасалатын барлық жұмыстың кестесін жасап өзіне беруін тапсырды. Ауылдағы Арқалық көшесімен екі ортада теміржол жатыр. Аудандық мәслихаттың депутаты Теңел Исмағұловтың мәлімдеуінше бұл балалардың мектепке қатынуына қауіпті жағдай туғызуда. Сондықтан бұл жерге аспалы жаяу жүргіншілер көпірі қажет.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521