Пара берген де жауапқа тартылады

(0 Votes)

Аудан әкімдігі жанынан сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, «Парасыз болашаққа.Бірге!» ұранымен еңбек ұжымдары мен тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру шараларын жүргізу және азаматтарды қабылдауды жүзеге асыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ құрылған болатын.

Мобильді топ кезекті кездесуін М.Әуезов атындағы орта мектепте өткізді.

Аталмыш топтың төрайымы Ұлмекен Сапарова шараны ашып, қатысып отырған топ мүшелерін, аудандық емхана, прокуратура,білім беру, жұмыспен қамту, ішкі істер бөлімдерінің өкілдерін таныстырды.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров:

- Көбіміз сыбайлас жемқорлықты пара беру және алу деп түсінеміз. Негізінде оның басқа да көріністері бар. Мысалы, өзінің қызмет бабын, туысқандығын пайдалану және басқа да түрлері көп. Оған жол бермеу бір мемлекеттік мекеменің немесе органның жұмысы болып есептелмейді, әрбір қазақстандық азамат осы елде тұрып жатқандықтан мұндай фактілер кездессе арнайы органдарға хабарлауы тиіс. Қазір әкімдіктердің, мемлекеттік мекемелердің алдында сенім жәшіктері орнатылып, сенім телефондары ақпарат құралдарында жарияланды. Бірақ, біздің менталитетіміз әлі де дамыған елдерге жете қойған жоқ, ешкім телефон соқпайды, - деп аудан бойынша салынып және жөндеуден өтіп жатырған нысандар жайынан хабардар етіп, жемқорлықпен күреске тұрғындарының атсалыспайтыны жөнінде бірқатар дәлелдер келтіріп, алға қарай бірігіп жұмыс жасауға шақырды.

Аудан прокурорының орынбасары Аянбек Сүйінәлиев тақырыпқа сай қысқаша түсінік беріп өтіп:

- Қуантарлық жағдай, аудан бойынша 2018 жылдың 9 айында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелген жоқ. Жемқорлықтың жиі кездесетін түрі пара алу, беру және екіарада делдал болу. Көп қылмыстар пара беру бойынша қозғалады. Кеше жұмыс уақытынан кейін Жылыой ауданында әкімшіліктің 1991 жылы туылған жас қызметкері жер мәселесін шешу үшін 135 мың пара алып ұсталды. Бұл жерде айта кететін жайт, пара беруші де заңға сай жауапкершілікке тартылады. Мұны біліп жүргендеріңіз абзал деп ойлаймын. Жалпы екі айлық есептік көрсеткіш, 5 мың теңге мөлшерінде пара алса қылмыстық іс қозғалады. Оған жетпесе әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз, - деді.

Кездесуде аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Базарбай Өтеулиев сөйлеп, өздерінде ондай фактілер орын алмағанын жеткізді. Одан әрі қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарылды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521