Отбасы – бақыт мекені

Аудан тынысы

Халықаралық отбасы күніне орай Гагарин атындағы жалпы орта мектепте «Қазіргі отбасы: ата-ана-бала – рухани құндылық» атты облыстық семинар өтті.

Мақсаты - ата-аналардың педагогикалық-психологиялық мәдениетін арттыру, бала тәрбиесіндегі өз орнын түсіну, отбасы өміріндегі белсенділікті арттыру. Оған облыстық білім департаменті әдістемелік орталығының басшысы Зина Керейқызы,аудандардан әдіскерлер, мектеп директорларының тәрбиежөніндегі орынбасарлары қатысты. Семинарды ашқан мектеп директоры Жамал Хасанова оның жүру барысымен таныстырып, алғашқы сөз кезегін аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Нәйля Хасановаға ұсынды. Ол шараның мәні мен мақсатын түсіндіріп, қонақтарға қош келдіңін айтты. Бұдан кейін «Бүгін менің көңіл-күйім тамаша!» атты мектептің әлеуметтік педагогі Р.Жақсылықова тренинг өткізді.

Тәжірибелік бөлімде «Ата-аналар жаңартылған бағдарлама бойынша үй жұмысына қалай дайындайды?» тақырыбында коучингті бастауыш сынып мұғалімі А.Байдаева скрайбинг әдісімен жүргізді. Одан әрі мектептің үшінші қабатына көтерілген қонақтарға әкелер клубының мүшесі Н.Оразжанов «Қанатымен қағып ұшқан – туған жер» атты облыста үздік болып танылған бұрышты таныстырды. Мұнда осы білім ұясының түлегі, қазақтың классик жазушысы, белгілі драматург Рақымжан Отарбаевтың өмірбаяны мен шығармашылығы келтірілген.

Мектеп директоры Ж.Хасанова алдағы уақытта ұлтымыздың мақтанышына айналған тұлғаға арналып осында музей ашылатыны жөнінде жағымды жаңалығымен бөлісті. Мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Ш.Әнесова кейінгі ұрпағына өнеге болған әкелерді таныстырып, республикаға белгілі игі жобаларды атап көрсетті. Балаларын табиғатты қорғау, еңбексүйгіштікке баулу мақсатында ашылған әкелер аллаеясы, шабақ қорғау жұмыстары көпшіліктің назарына ұсынылды.

А.Шакупова