«Қоштасқанда сөз сөйлеудің айыбы жоқ»

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына Атырау облысы бойынша өкілдігіне қарасты «Темірәлі» мешітінің ұйымдастыруымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты семинар өтті.

Шара барысында «Иманғали» орталық мешітінің наиб-имамы Мұрат Мұстафа жаназа мен жерлеу рәсімдерінде сақталуы тиіс шарттар мен тәртібін түсіндірді. Ысырапшылық пен дәстүрге сай емес жағдайларға жол бермеу, жерлеу рәсімдеріне қатысты дәстүрлерді бір ізділендіру мәселелерін сөз етті.

Осы орайда ол «Иманғали» орталық мешіті ұсынып отырған ас мәзірін шектеу, тек қажетті деген тағамдарды дастарханға қою, қаралы үйде марқұм жерленбей тұрып дастархан жаймау, қаделерді мейрамханаларда емес өз үйінде өткізу, діни жоралғыларды арнайы рұқсаты бар дін қызметкеріне жасату, митинг өткізбеу, табыттың алдына азагүлдер, фотосуреттер қоймау сияқты бес ұсынысты ортаға тастады.

Алдымен мінберге көтерілген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев: – «Әркімнің қазанының құлағы өзінде» дегендей, мен бұл ұсыныстардың кейбіріне келіспеймін. Ас мәзіріне шектеу қоюды үй иесінің еркіне қалдыру керек шығар. Дастархан жаймауды да солай ойлаймын, алыстан ағайындар келеді, қалайша ас-сусыз отырғызып қоясың. Қадені мейрамханада өткізу өзінің тиімділігін көрсетіп жүр. Біздің жақта бата оқуға көп адам келеді, кезек күтіп тұрып қалатын жайт та жиі кездеседі. Сондықтан, бұл ұсыныспен де келіспеймін, - деді. Жапырық ауылының тұрғыны Иса Қараменов ақсақал да «ауданымыздың жер көлемі үлкен, бір-екі мешіт қызметкері өлімді жердің барлығына бірдей бара алмайды, жөн-жосықты білетін ауыл молдаларына рұқсат етілуі керек» деген пікірін білдірді.

Ардагер журналист Мадат Сәрсекеев: – Бұл әңгіме бұрыннан да айтылып жүр, он төрт жыл аудандық газетте істеген адаммын, кезінде газетке де жазылды. Қаралы митинг жөнінде айтқым келеді, үн-түнсіз мүрдені алып кеткеннен гөрі азаматтық қоштасу дейміз бе, бір-екі адам марқұм жайлы жылы сөздерін арнап, артында қалғандарға басу айтып жатса еш оғаштығы жоқ деп ойлаймын, – деп көптің көкейінде жүрген ойды айтты. Ганюшкин ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Қадірбай Жармұхамбетов ауданға бір теолог маман, мешітте тәртіп болуы қажеттігін қаперге берді.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521