«Нұрын төккен Нұржауымның мектебі»

(0 Votes)

Нұржау жалпы орта мектебі оқушыларының «Туған жер» бағдарламасы аясында осы топырақтың түлегі, ақын-журналист Таңатар Дәрелұлымен «Өлеңім - өмірімнің айнасы» атты кездесу кеші өтті.

Шараға округ әкімі Қайрат Исмагулов, кеш қонағының ұстазы, ауылдың батагөй ақсақалы Мәдениет Харесов, бірге оқыған сыныптастары ауылдық ардагерлер ұйымының жетекшісі Бауыржан Наурызбаев, шаруа қожалығының басшысы Оразғали Алғаязов арнайы шақырылды.

Шараны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Г.Талапбекқызы мен Ә.Исатайқызы жүргізіп, ақынның өмір жолымен, шығармашылығымен таныстырды. Кеш барысында мектептің жас көркемсөз оқу шеберлері ақынның бір топ өлеңдерін нақышына келтіріп орындап, шығармашылықпен айналысатын шәкірттер жүрекжарды жыр шумақтарын арнады.

Сөз кезегі берілгенде Т.Дәрелұлы кештің тақырыбында айтылғандай өлеңдері - өмірінің айнасы болып келе жатқанын ерекше ілтипатпен атап өтті. – «Сөз дертіне» ерте шалдықтым, сонау бала кезімнен бастап мектеп, ауыл өмірінен шағын мақалалар жазуға әуес болдым. Кейіннен өлең жаза бастадым. Онымды аудандық газетке жолдап, шығуын асыға күтетін едім. Мектептегі белсенділердің бірі ретінде қабырға газетіне, тәрбиелік шараларға тақпақтар шығарып, суреттер салатынмын. Мына Нәрешов Жаңбырбай ағайларың да суретті тамаша салатын, саз аспаптарының қолда барының бәрінде ойнайтын. Атақты музыканттарға еліктеп ансамбль құрғанымыз да есімде. Жылдар өте келе бір кездері арманым болған аудандық газетке жұмысқа келдім, кейінгі 36 жылдық ғұмырым осында өтіпті, соның 23 жылында редакторлық етіп келемін. Мойын бұрғызбайтын редакция жұмысынан да уақыт тауып өлең жазуымды тоқтатқан емеспін. Он бір буынды қазақы қара өлең стилінен ауытқымадым, шығармашылығыма зер салсаңыздар осы сөзіме дәлел табасыздар, - деп жазуға икемі барлардың тоқтамай, тоқмейілсімей еңбектенулерін ескертіп, бірқатар соңынан ерген, ұстазым деп танығандардың есімдеріне тоқталды.

«Газетке жарияланған ең бірінші өлеңіңіз?», «Ақындық қабілетіңізді алғаш байқаған кім?» деген оқушылардың сауалдарына кеш қонағы: - Жарық көрген тырнақалды өлеңім «Нұржауым» деп аталады, жаңа балалар оқығандардың ішінде бар, ал, талпынысымды алғаш таныған марқұм ұстазым Қыдырқожа Хасанов ағайым ғой деймін, - деді.

Ақ кезіміз шапағындай ақ таңның,

Жоқ болатын санамызды жапқан мұң.

Нұрын төккен Нұржауымның мектебі,

Білім дәмін өзіңде алғаш татқанмын.

Бала көңіл жасағанда келтелік,

Анамыздай салушы едің сен кеңіп.

Еркелікті кешірмейді бұл өмір,

Сенде ғана жарастырдық еркелік, - деп келетін су жаңа өлеңін оқып берді.

Мектептің мақтаулы түлектері, ақындығымен танылып жүрген «Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, жақында ғана «Серпер» сыйлығының иегері атанған Серікбол Хасан, Алматыдағы № 148 мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жеткіншек Меңдіғалиев бейнесәлемдемелерін жолдады. Шарада түрлі ән байқауларының жүлдегерлері Бекет Ділмағанбет, Эльнара Игілік, Думан Еділбай өнерлерін көрсетіп, шараның шырайына шырай қосты. Қорытынды сөзінде мектеп директоры Гүлбаршын Кенжеғалиева мұндай тәлімі мол шаралар алға қарай да ұйымдастырылып отыратынына тоқталып, кеш қонағына, оның зайыбы, кезінде осы мектепте ұстаздық еткен Зоя Есқалиеваға ризашылығын білдірді. Оқушыларға рухани ілім, патриоттық тәрбие берген тағылымды кездесу Мәдениет ақсақалдың ақ батасымен аяқталды.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521