Мерейжасымен құттықтады

(0 Votes)

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров Құрманғазы аудандық сотының төрағасы Ерболат Аманғалиевті қабылдап, елу жасқа толуына орай құрмет көрсетті.

Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, округ әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты. Мерейгерді құттықтаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Мнафихұлы:

– «Көл - тамшыдан құралады» дегендей, Тәуелсіз Қазақстанның дамуында сот саласының да үлесі мол. Тұңғыш Президентіміз егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ құқықтық базамызды жетілдіруге күш салды. Соның нәтижесі аудандық соттың қызметінен де көрінуде. Ұжым мүшелерімен тіл табысып, халықпен тығыз қарым-қатынас орнатып, сот қызметінің жариялылығына үлкен мән беріп, аудан тұрғындарын жыл ішінде жасалған жұмыстардан ақпарат құралдары арқылы хабардар етіп жүрсіз. Елбасымыздың сот саласында жүргізіп жатқан реформаларын қолдап, оның жергілікті жерде жүзеге асуына үнемі атсалысып, өз үлесіңізді қосудасыз. Адам тағдыры шешілетін қиын қызметте әрдайым әділдіктің ақ туын желбіретіп ел ықыласына бөлену үстіндесіз.

Мемлекет басшысы алға қойған тапсырма - тараптарды сотқа дейінгі татуластыруды, яғни медиация жұмысын аудан көлемінде жолға қойдыңыз. Соның нәтижесінде қаншама шайқалған шаңырақтар түзеліп, болмашыға бола араздасқандар өзара татуласып жатса, ол да сіздің еңбегіңіздің бір көрінісі деп санаймыз. Сот төрағасы ретінде де сіздің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетіңізге тәнтіміз. Жұмыс жасай жүріп, өмірдің қиындығы мен қызығын қатар көріп, шаңырағыңыздың түтінін түзу шығарған, ұрпақтарын алақанға салып қамқорлап ержеткізген аяулы жар, асыл әкесіз, айналасына қамқор абзал азаматсыз. Сүйікті Қазақстанымыздың батыс қақпасы Құрманғазы ауданын гүлдендіріп, әлеуметтік-экономикалық дамуын өркендете түсу жолындағы бірлескен қызметіміз алға қарай да жалғасын таба берсін! - деп құттықтау хатын табыс етті.

Одан әрі ақ тілектер легін аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев, аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі Таңатар Дәрелұлы, жеке кәсіпкер Еркеғали Таяшов жалғастырды.

Көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген аудандық соттың төрағасы Ерболат Қалешұлы: - Маған Құрманғазы ауданы оттай ыстық. Осы жерден өзімнің судьялық қызметімді бастадым. Биыл желтоқсанда бесінші жылға кетіп жатыр. Баршаңызға үлкен рахмет, жұмыстарыңыздың әрқашанда жемісін көріңіздер! Өмір болған соң әр түрлі жағдайлар кездеседі. Сіздерде тек көлеңкелі жақтары емес, шуақты тұстары көп болсын! - деп жақындап қалған Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, отбастарына амандық тіледі.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521