Мерейлі отбасылар марапатталды

(0 Votes)

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық деңгейіне арналып марапаттау шарасы ұйымдастырылды.

Бұл байқау отбасы институтын қалыптастыру, ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру мақсатын көздейтіні баршамызға белгілі. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен шараны Абай атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Р.Тоқаев жүргізіп, жеңімпаздарды құттықтау үшін алғашқы сөзді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Шамбузовқа ұсынды. – Отбасылық құндылықтар – баға жетпес байлығымыз. Шаңырақтың үйлесімді дамуы мемлекеттің іргетасының берік болуына қызмет етеді.

Елбасының әр жылдағы халыққа арнаған Жолдауларында отбасылық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесі мәселесі тұрақты қозғалып келеді. Ұлттық «Мерейлі отбасы» конкурсының да үлгілі отбасыларды өскелең ұрпаққа өнеге етуде маңызы зор, - деген Ж.Шамбузов аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен осы конкурстың аудандық деңгейінің лауреаты атағын беру туралы комиссияның бірлескен шешіміне сәйкес әртүрлі номинацияларға ие болған қатысушыларды дипомдар, естелік сыйлықтармен ұлығылады. «Үлгілі отбасы» еңбекшілік Бидоллаевтар, «Жарасымды отбасы» Ганюшкин ауылдық округінен қатысушы Мардановтар, «Салауатты отбасы» орлылық Дүйсеновтер, «Білімді отбасы» Асан ауылдық округінен қатысушы Алиповтар, «Белсенді отбасы» нұржаулық Бекетаевтар, «Өнерлі отбасы» нұржаулық Нәрешовтер, «Парасатты отбасы» азғырлық Жәбеловтер отбасылары атанды. Жүлделі ІІІ орын Ганюшкин ауылдық округінен қатысушы Иманғалиевтер, ІІ орын теңіздік Өтегеновтер отбасыларына тиесілі болды. Ал Ганюшикн ауылдық округінен бағын сынаған Әуез Ізжановтың отбасы өзгелерден оза шауып, І орынды қанжығаларына байлады. Салтанатты шара С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521