Мал ұрлығына тосқауыл қояйық!

(0 Votes)

Қазіргі таңда ауылдағы халықтың негізгі күнкөрісі – төрт түлік мал. Онсыз қазіргі нарық заманында өмір сүру қиынға түспек.

Ал, сол жазғы-қысқы бағымын қадағалап, азық-суын сайлап, тұратын орнын жайлап, күтіп отырған үй жануарының табан астында қолды болып кететіні әрине қиын жағдай. Осы мал ұрлығы қылмысының алдын алу, болдырмау жөнінде Құрманғазы ауылдық округ әкімі аппаратының мәжіліс залында Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары, аудандық ветеринария стансасының қызметкерлері, округ тұрғындары, шаруа қожалық иелері қатысқан жиын өтті. Бұл алқалы басқосудың мақсаты «ҚР ІІМ-нің «Ұрлыққа қарсы іс қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру бағытында округ тұрғындары арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, мал ұрлығының алдын алу үшін ерікті құрылымдар, бақташы ұйымдастыру жөнінде ұсыныс беру.

Жиынды округ әкімі Мұрабек Мұғалім ашып, Президентіміз Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көтерілген мәселелердің маңызын атап өтті және негізгі табысы төрт түлікті өсіруден түсетін ауылдық жерлерде болатын мал ұрлығы тұрғындарға елеулі түрде зиян келтіріп отырғанына тоқталды. «Қазіргі уақытта ұрлыққа қарсы іс-әрекет елеулі мәселелердің бірі болып отыр, оның шешімін табу үшін тек полицияның ғана емес, біздің, яғни жергілікті атқарушы органдардың және жұртшылықтың бірлескен күш-жігері де қажет. Сонымен қатар, сіздерге жеке меншік малдарыңызды қараусыз қалдырмай, олардың ұрлануының алдын алу мақсатында ұйымдасып мал бағуды немесе бақташы жалдап, екі жақты келісім шарт жасауды ұсынамын» деп, орын алған қылмыстың ашылуы үшін малдың уақтылы сырғалануының, ен салынуының, малды табындау мен таңбалаудың өте маңызды екенін ескертіп мал ұрлығы бойынша қылмыстардың алдын алу, болдырмау тұрғысында полиция бөлімі тараптарынан қандай жұмыстар атқарылғаны туралы хабарлама жасау үшін Құрманғазы аудандық ПБ-нің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Т.Медеуовке сөз берді.

Келесі ретте округ тұрғындары У.Масалов, Ә.Теміралиев, Қ.Жармұхамбетов ағаларымыз сөз алып, округ аумағындағы мал ұрлығының алдын алуға бағытталған іс-қимылды тек полиция қызметкерлеріне немесе округ әкім аппаратына жүктемей, жалпы қоғам болып қолдауымыз қажет деді. «Қазіргі уақытта мал ұрлығы қай жерде де кездеседі. «Шығасыға иесі басшы» дегендей, бәріне өзіміз себепші болып жатамыз. Олай дейтініміз, осы малдардың кейбіріне ветеринариялық паспорт алынбаған, тіпті таңба түгілі сырға да салынбайды. Бұған мұқият болуымыз шарт. Тағы бір басты себеп – малдың қараусыз қалуы. Тұрғындар жайылымға малды бағусыз бос жібереді. Бұл – ұрыларға үлкен мүмкіндік. Көп жағдайда малдар өрісте қалып жатады. Негізінде ұры алыстан келмейді, өйткені сырттағылар жергілікті жердің жағдайын білмейді. Басқа жақтан келгеннің өзінде ұрлық оқиғасы орын алған жерде сыбайластары болуы мүмкін. Сосын шаруаның бейғамдығы да сан соқтырып жатады. Иелері жоғалған малдарын өз күштерімен бірнеше күн іздейді. Таппаған соң біраз уақыт өткізіп, ішкі істер органдарына арызданады. Бұл жағдайлар қылмыстың ізін суытпай ашуға кері әсерін тигізіп, қылмыскерлердің басқа да ұрлыққа қатысуына жол береді. Ұрлықтың деңгейі белгілі бір дәрежеде қылмыстық жолмен пайда болатын малға деген сұранысқа байланысты. Оны сатуға қарсы іс-әрекет және ұрланған малды сатып алу мен сатып жіберуге жауаптылық жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өте төмен. Мал ұрлығы бойынша қылмыскерлердің аты- жөнін басқа азаматтарға тәрбие болсын деген ниетпен газет бетіне жариялау керек деген ойдамын. Сонда мал ұрлығына да, көшедегі бұзақылыққа да тыйым болады. Себебі, адамдар жариялылықтан қорқып, бұл қылмысқа бармауы да мүмкін» деген өз ойларын білдірді. Жиынды қорытындылаған округ әкімі көтерілген мәселеге қатысты ұсыныстар мен нақты тапсырмалар берді.

Әспет Қуандыққызы,

Құрманғазы ауылдық округінің бас маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521