Мұз қатырған кірпігіне малшы жүр

Аудан тынысы

Сонау бір жылдарды ойша шолып көрсек, ел басына қысталаң жылдар қамшы үйірген уақытта жоқты жетілдіруге, барды көбейтуге үлесін қосқан малбегілер ауданның қай өңірінде де болған. Әсіресе Азғыр даласы құтты қоныстарына айналған Сүйіндікте. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында осы өңірден сегіз бірдей социалистік Еңбек ерінің шығуы бұл сөзімізге анық айғақ болғандай. Одан бергі уақыттардағы орденді шопандар Асылбек, Адайбек Қапетовтерді, Жәбел Қожановты қайда қоямыз?

 

Есіл ерлердің ізі қалған құнарлы топырақ бүгінгі Тәуелсіздік жылдарында да ісімен өнеге көрсетіп отырған малбегілерден кенделік танытып отырған жоқ. Солардың бірі деп Сейітханов Русланды айтуымызға әбден болады. Бұл Руслан Сейітханов 2017 жылдың қорытындысымен облыс орталығында өткен алқалы жиналыста облыстың таңдаулы, табысты шопандарының бірі ретінде облыс әкімінің қолынан Алғыс хат иеленді. Оның өткен жылы қол жеткізгені не екен деп көңілі ауғандар табыла қалса, мынаны айтар едік.

Бағымындағы 737 саулықтың әрқайсысынан бір-бірден қозы аламын деген уәдесінде тұра білді. Және көрінген қозыларының енесіне ілесіп кетулері үшін күндіз-түні бірдей жүріп еңбектенді. Әлжуаздары кезіксе, емізікпен сүт беруге жұбайы Гүлзада Сейітханова әбден машықтанып алған. Бұл күндері ерлі-жұбайлы Гүлзада-Руслан Сейітхановтар сындарлы қыс маусымын үлгілі өткізу қамында. Олардың кәнігі қыстақ орыны - «Алғабас» деп аталады. Сүйіндік мекенінен 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Обалы нешік, құнтты шопанға еңбегіне орай жаққан орын деуге келеді.

Күні кешелерге дейін күзгі жайылыс жақсы пайдаланылды. Уақтылы суарылып, талапқа сай жатар орнын қамдау, астын тазалаудың игілікті нәтиже бергені сол, малы күйлі. Арық-тұрақ, мал шығыны деген түске енбейтін нәрсе. Бәрі жақсы, бәрі сайлы, шаруасы гүрлеп тұр дейтіндей. Бүгінгі шопандар өмірін бағзы кездегімен салыстыруға мүлде келмейді. Сүйіндіктен недәуір қашықтықта тұруына қарамастан қала-даланың қай нүктесімен де байланысқа шыға алады. Бұрынғы аға буын малбегілер сияқты «ақ астық, сары май көрмегелі көп болды, фонарикке, транзисторлы радио қабылдағыштың батареясына зәруміз» деген өтініштер мүлде ауыздарынан шықпайды. Орталықтағы ағайындар нендей жағдайды тұтынып, көріп отырса, бұлардың олардан артық тұсы болмаса, кем қалған жері жоқ.

Өткен әзірде болған қалың қар ертеңінің олжасы дегенмен біраз әбігерге түсіргені бар. Мал өрісін тұмшалап, қора-жайды түгел басып қалды. Қара суықта қар аршу да оңай шаруа емес. Азықтандыруы және бар. Бірақ, ерлі-жұбайлы шопандардың бұл бірінші көріп тұрған қысы емес. Талай қысты көрген, Алла жазса әлі талайын көретін шығар. Тек үйлесімді тірлік, қажымас қайратынан Тәңірім кенделік көрсетпесе болғаны да. Елдің ортақ игілігіне септесу, отбасындағы үш ұрпағын жетілдіріп өсіру көздеген мақсаттары. Арман - мұраттары үйлескен берекелі тірлік иелерінің бірлескен қимылына кім-кім де сүйсінер еді.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.