Мүгедектер мұң шекпейді

Аудан тынысы
10 қазан елімізде мүгедектердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау күні болып аталып жүргенімен оның шығу тарихы 1970 жылдың 5 желтоқсанынан бастау алады.
Сол жылы БҰҰ-ның шешімімен бекітілді. КСРО кезінде Ұлы Отан соғысы және басқа да соғыстарда мүгедек болып қалғандар Қорғаныс және әлеуметтік қамсыздандандыру министрліктерінің қамқорлығында болды. 1993 жылы ҚР Конституциясында азаматтардың әртүрлі қоғамдық ұйымдар құруына рұқсат берілуіне байланысты елімізде азаматтық қоғамдардың бірі – мүгедектер қоғамы құрыла бастады. Сол жылы 10 қазанда ол Атырау облысында да құрылып, біздің ауданда бөлімшесі ашылды. Оның алғашқы төрағасы Ұлы Отан соғысының ардагері, партия, кеңес мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған, ардагеріміз, зейнеткер Хамит Жаудин ағамыз қоғамның жұмыс ережесі мен қызмет ету жолдарын жасап кетті. Ол кісіден кейін еңбек ардагері Иса Қараменов ағамыз басқарып, қоғамға зор еңбегін сіңірді. Ауданымыздың мүгедектер қоғамы 2016 жылы қоғамдық бірлестік болып қайта құрылды. Жасыратыны жоқ облыс деңгейінен көмек болады деп күтпей өз күшімізбен жұмыс жасаудамыз. Күні бүгін ауданымызда 2317 мүгедек, мүмкіндігі шектеулі адамдар есебімізде тұр. Бұрынғы жылдардан саны кеміген себебі 2018 жылы ауданымызда соқырлар қоғамы құрылып, біраз адамдар соған енді. Есебімізде тұрған мүгедектердің 155-і бірінші, 1017-сі екінші, 879-ы үшінші топтағылар және 251-і жасы 16-ға толмаған балалар мен жасөспірімдер, 407 жасы зейнеткерлікке жеткен адамдар бар. Мүгедектер қоғамының алдына қойған негізгі мақсаты өзінің қолы жеткен мүмкіндігін пайдаланып, мүгедектер арасында ауруы асқынған адамдардың ем алуына, сауықтыру мекемелерінде демалуына көмектесу, құқықтарының бұзылмауын қадағалау. 2015 жылдан бермен қарай денсаулығы төмендеген 645 науқас адамдардың тізімі жасақталып, аудандық орталы аурухананың бас дәрігеріне тапсырылып, осы адамдарды ауылдық емханалардың дәрігерлері үзбей қадағалап отыруын сұраған едік. Мұндай шаралар аудандағы медицина қызметкерлері тарапынан жүзеге асырылуда. Қазір 169 төсек тартып қалған науқас адамға дәрігерлік қамқорлық тағайындалған. 2018 жылы 33 науқас мүгедектер облыстық және республикалық емдеу орындарына квотамен жолданып, 55-і аудандық ауруханадан ем алған. 40 адам жолдамамен сауықтыру орталығында, 78 мүгедек жан шипажайларда, 19-ы курортта болып оңалту шараларынан өтті. Дейтұрғанмен, медицина саласында әлі де болса мүгедектерге көмек көрсетуде әттеген-айлар жоқ емес. Мүгедектер ем алғанда, медициналық көмекке жүгінгенде ақылы қызметтер саны өте көп. Әсіресе, облыстық дәрігерлік емдеу орындарынан алыс тұратын ауруларға қолайсыз жағдайлар жетіп артылады. Мысалы, Атырау қаласына бару үшін көлікке төлейтін жолақы, қаладан қонуға пәтер жалдау шығындары. Оған қосымша қолында жолдамасы болса да, ақылы медициналық сараптама беретін «Олимп» деген жеке коммерциялық мекемеге жұмсайды. Ондағы сараптаманың құны олар үшін аз ақша емес. Ауылдық округ әкімдерінің, кәсіпкерлердің көмегімен қаражат жиналуда. Оларға біздің алғысымыз шексіз. Соның ішінде әлеуметтік тұрмыс деңгейі төменгі дәрежедегі, жан басына шаққандағы табысы 20 мың теңгеге жетпейтін мүгедектер отбасы ауылдық әкімдердің де, біздің де назарымыздан тыс қалған кезі жоқ. Бізде 167 мүгедектер отбасы мен 152 еңбекке қабілетті мүгедектердің тізімі жасақталған. Мұндай адамдарды маусымдық уақытша жұмысқа болса да тарту шаралары алынуда. 2018 жылы 54 адам уақытша маусымдық, екеуі тұрақты жұмысқа орналасты. 117 тұрмыс жағдайы төмен мүгедектерге мемлекеттік мекемелер тарапынан 930,000, ауылдағы кәсіпкерлер арқылы 872 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетіліп, әз-Наурыз, Құрбан айт мерекелерінде әрқайсысына 5 мың теңгеден кем емес азық-түлік таратылды. Мұндай игі істердің басында жүрген ауданымыздың жомарт азаматтары Болат Жүгінісовтің, Нұрлан Меңдіғалиевтің есімдерін айырықша атаймыз. Солар сияқты қолы ашық азаматтарымыз ондап саналады, қазір 85-ін атап өте аламыз. Осы мейірімді жандар 20 науқасқа облыстық емханаларда емделуге, 42-сіне қымбат дәрілер алуға, 5-іне жарамсыз үйлерін қайта жөндетуге қаржылай көмектесіп, 28 мал ұстап отырғандарына пішенді тегін үлестірген. Бүгінде арамызда өз ыждағатымен кәсіпкерлікпен айналысып жүргендердің қатары да өсуде. Бір кездері ондай мүгедектер 5-6 адамнан аспаса, 2018 жылы 49-ы шағын кәсіпкер ретінде мемлекеттік ресми тіркеуге алынған. Олардың 26-сы мал, 8-і көкөніс өсіріп, 8-і шаштараз, тігінші және т.б. жұмыстарда. 2018 жылы олар 11,8 млн. теңгенің несиесін алып, 70,1 мың гектар жер-су ресурстарын жалдап отыр. Біз 18-28 жас аралығындағы мүгедектерді де осындай жұмысқа үгіттеп, болашақта жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастардың тізімін алдық. Қазір олардың саны 19-ға жетті. Алайда оқу басталып кетіп, кеш қалдық, келесі жылы мұнымен дендеп айналысамыз. Қолымызға түскен аздаған қаржыға 2016 жылы параолимпиада мен көркемөнерпаздардың сайысын өткіздік. Оның жеңімпаздары облыстық сайыстарда үмітімізді ақтады. Оған қаржыны мүгедектер қоғамы жанынан құрылған «Нұршуақ» шеберханасының табысынан алдық. Қазақстан Республикасының Бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әрекеттестігінің «Асар» форумына қатысып, осы шеберхананы өндірістік жетілдіруге 3 млн.500 мың теңге қаражат қолымызға тиді. Енді «Нұршуақты» жетілдіру бағытында жоба-бағдарлама жасап, соған сай жұмыстар жүргізу үстіндеміз. Аудандық мүгедектер қоғамы 2019-2020 жылдарға арналған жұмыс бағдарламасын жасақтады, оны жүзеге асыру алдағы күндердің еншісінде. Біз бұл мақалада атқарылған жұмыстарға қысқаша ғана тоқталдық. «Құрманғазы аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі алға қарай да мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бағытындағы жұмысын одан әрі жалғастыра беретін болады. Ғилыман ҚҰСПАНОВ, «Құрманғазы аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.