Кәсіподақ – қоғамның қозғаушы күші

Аудан тынысы

Абай атындағы жалпы орта мектептің мәжіліс залында Білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының Құрманғазы аудандық комитетінің кезектен тыс ХХХVІІІ конференциясы өтті.

Онда алдымен мандат және есеп-санақ комиссияларының құрамы сайланып, конференцияның жұмыс регламенті бекітілді. Күн тәртібіне орай Білім беру қызметкерлері кәсіподақтары Құрманғазы аудандық комитетінің 2014-2018 жылдары аралығындағы атқарылған жұмысының есебі тыңдалды.

– Бүгінгі таңда аудандық кәсіподақ комитетіне қарасты 62 бастауыш ұйымдарында 3766 мүше біріктірілген. Аудандық комитет 4 жыл мерзім ішінде 8 рет атқару комитетінің мәжілісін, 4 рет Пленум, 2 рет кезектен тыс конференция өткізді. Онда бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы әлеуметтік, мәдени-көпшілік жұмыстармен қатар, ұжымдық келісімшарттардың ішіндегі міндеттердің орындалу барысы, кәсіподақ мүшелерінен түскен арыз-шағымдардың қаралу тәртібі, жарналардың уақтылы аударылуы, статистикалық есептері, іс-қағаз номенклатураларының жасақталуы т.б. өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылды. Есеп беріп отырған мерзім ішінде аудандық комитетке түрлі мазмұнда 2014 жылы – 6, 2015 жылы – 34, 2016 жылы- 32, 2017 жылы – 46, 2018 жылы – 49 өтініш түсті. Олардың басым көпшілігі материалдық көмек пен шипажайларға жолдама сұрады. Аудандық комитет ең бірінші кезекте тұрмысы төмен, көп балалы, сондай-ақ ауыр науқасқа шалдыққан кәсіподақ мүшелерінің өтініштерін қанағаттандыруға жұмыстанады.

Есеп беріп отырған мерзім ішінде мүшелік жарнадан аудандық комитеттің есепшотына 27 млн. 651 мың 200 теңге түсті. Бұл қаражат жоғарыда аталған қайырымдылық көмектен басқа, негізінен сала қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік шараларға жұмсалады.

Біз жылма-жыл Қазақстан Республикасы аумағындағы шипажайларға жолдама сатып алу мәселесін тұрақты жолға қойып келеміз. 2014 жылы «Ақ Жайыққа-33, 2015 жылы-40, 2016 жылы-11, 2017 жылы-40, 2018 жылы- 50 жолдама алынып, олардың жалпы құны 3 500 000 теңгені құрады. Жыл сайын 15 оқушыны сауықтыру лагеріне демалтуды дағдыға айналдырдық, - деген Білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының Құрманғазы аудандық комитетінің төрағасы Әуез Ізжанов көлемді баяндамасында атқарылған жұмыстардың игі нәтижесін саралады.

Жарыссөзде аудандық ардагер ұстаздар ұйымының төрағасы Н.Нұғыманов кәсіподақтың өткен кеңес заманындағы рөлі, құзыры мен міндеттеріне тоқталып, бүгінде оның ардагер ұстаздарға деген қамқорлығына ризашылығын білдіріп, Білім беру қызметкерлері кәсіподақтары Құрманғазы аудандық комитеті төрағасының жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалады. М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Зухра Ажығұлова, Ә.Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі Майра Қуанбаева, қоғамдық құрылымның маңызы, оның бүгінгі таңдағы қызметінің пәрменділігі жөнінде сөз қозғаса, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жұмақай Ғұмаров білім беру мекемелеріндегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жариялылығын жандандыруды мәселе етіп көтерді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева алдағы жылы күшіне енетін «Педагог мәртебесі туралы» Заңға аудан ұстаздары тарапынан орынды ұсыныстар айтылуы қажеттігін, кейбір мұғалімдердің арасында өздерінің құқтарының тапталуы, мүдделерінің қорғалмауы туралы кәсіподаққа жүгінбей, әлеуметтік желілерде жария қылатынына ренішін білдірді.

ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтары Атырау облыстық комитетінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы бүгінгі ұстаздың бейнесі оның мәртебесі, білім саласындағы реформалар туралы жан-жақты айтып өтіп, соңғы уақытта ата-аналар тарапынан да жауапкершілік сұралуы керектігін, ол бойынша арнайы заң қабылдау туралы ұсынысын ортаға салды. Сонымен қатар, Қылышбай Сүндетұлы Білім беру саласына қосқан үлесі және кәсіподақ ұйымын ұйымдастырудағы белсенділігі үшін «Нұршуақ» бөбекжай балабақшасының әдіскері Мәншүк Исмагулованы ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтары облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Конференцияның қаулы жобасын аудандық білім бөлімінің әдіскері Айжамал Арыстанова оқып, делегаттар оны бірауыздан қабылдады. Келесі бөлімде аудандық комитеттің төрағасын сайлау жұмысына кезек берілді. Көпшілік Әуез Изжановтың кандидатурасын қайыра қолдап, оған бірауыздан дауыс берді.Соңында облыстан келген заңгер Юлия Амангелдіқызына конференция делегаттары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, заң тұрғысына сәйкес жауаптарын алды.

А.Шакупова