Қиғаштың бойы кәсіпкерлікке ден қойды

Аудан тынысы

Аудандық Қоғамдық Кеңестің кезекті отырысында аудан әкімі Б.Шаяхметов «Ауданымыздың 2018 жылғы бірінші жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы» есебін берді.

- Біздің аймақтың негізгі саласы мал шаруашылығы болып есептеледі, - деп бастады өз сөзін аудан әкімі. Жартыжылда 4638,1 тонна ет, 6205,0 тонна сүт, 52,6 мың дана жұмыртқа өндіріліп, мүйізді ірі қара 62969, қой мен ешкі 223345, жылқы 24022, түйе 5221 басты құрады. Қой малын өсіру көрсеткішіміз төмендеп кетті.

Аудандағы 4 ауылшаруашылық құрылымы мал басын өз дәрежесінде өсіруді қамтамасыз етіп отыр. Асыл тұқымды мал алған, ірі қара мен қой малын тұқымдық түрлендіруіне қатысып жатқан шаруашылықтар электронды түрде берген өтінішіне қарай субсидияларын алып отыр. Биылғы көктемде 530 гектар картоп, 280 гектар көкөніс пен бақша, 70 гектар астық дақылдары егілді. Сөйтіп, облыс әкімі берген тапсырма ойдағыдай орындалды. Қазірде егіс өнімдері тұрғындарға ұсынылуда. Балық шаруашылығымен 7 шаруашылық субъектісі айналысады. Жылдық лимиттің 41 пайызы ғана орындалды. Күзгі маусымда айтылған межеден шығуды жоспарлап отырмыз.

2018 жылдың 6 айының қорытындысымен аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2495-ке жетті. Оның жұмыс істейтіні 2203 құрап отыр. Олардың өндірген өнімінің көлемі 4245,6 млн теңге, нақты көлем индексі 120,1 пайыз құрады. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 31 жоба ұсынылып, түрлі бағдарламалар аясында барлығы 22 жобаға 66,8 млн теңге несие берілді. Сондай-ақ, 9,5 млн теңгеге ауылшаруашылығы техникалары алынды. Жартыжылдықта 1799 жаңа жұмыс орны ашылып, 445 адам тұрақты, 1354-і уақытша қызметке алынды.

Жұмысшы кадрларды еңбек нарығынан сұраныстарға даярлау, шағын несие беру, қысқа мерзімді курста оқитындарға грант алу, инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жастар тәжірибесін, қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыруға қажетті қаржылар бөлінді. Жұмыссыздық, кедейшілікпен күрес туралы және әлеуметтік сала бойынша нақты зерделеулер жүргізіліп, тиімді шаралар іске асуда.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде денсаулық, білім, мәдениет, малдәрігерлік салалары бойынша келген 13 маманға 2189,1 мың теңге біржолғы көтерме жәрдемақы төленді. Білім саласының үш маманына тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие берілді. 2017-2018 оқу жылында 11 сыныпты бітірген 875 оқушының 330-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, қорытындысында орта ұпай 59,8 пайыз болып, көрсеткіш өткен жылғыдан 0,9 пайызға төмендеді. Аудан бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметке сай 711 оқушы тегін тасымалдануда, барлығы 20 автокөлік бар. Ал, Гагарин, Алтынсарин, Гоголь атындағы орта мектептерінің ескірген автокөліктерін ауыстыру үшін 33 млн теңге бөлінді.

Биылғы жылы 3 мектепке және бір жатақханаға күрделі жөндеуге 721 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аудан мектептері мен бала бақшаларына жай жөндеуге 77 млн, қыр бойындағы білім мекемелеріне сұйық отын сатып алуға 77 млн, оқулықтармен қамтамасыз етуге 167 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, 300 орындық Гагарин, 80 орындық Нәжімеденов, Лабай, Уалиханов атындағы орта мектептерінің жаңа ғимараты салынып жатыр. Аудан бойынша 63 дәрігер, 361 орта буын медицина кадрлары қызмет етеді. Бұл салада 10 дәрігер жетіспейді. Ауданда түрлі дәрігерлік алдын алу шаралары жүргізілгенімен, өкпе ауруына шалдығушылардың саны азаймай тұр. Мәдениет спорт салалары бойынша да жоспарлы әрі тиімді шаралар іске асуда. Ақкөл, Шортанбай ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сараптама жасауға 1 млн 758 мың теңге, аудандық балалар кітапханасын күрделі жөндеуге 59 млн қаржы бөлінді. 18 ауылдық мәдениет мекемелеріне 63,5 штат бірліктерін алу қаржысы шешіледі. Аудан спортшылары бірінші жарты жылдықта облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға 71 рет қатысып, жоғары жетістіктерге ие болды. Біздің мемлекеттік қызметшілер облыстық спартакиадада жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

2018 жылдың 6 айында 4836 шаршы метр құрайтын 34 тұрғын үй қабылданды. Сондай-ақ, 4 дүкен, бір-бірден сауда үйі, бизнес орталық, қойма ғимараты, мұздатқыш цехы, база пайдалануға берілді. «Котяевка – Шортанбай», «Жасталап – Жыланды» автомобиль жолдарын жаңғыртуға тиісінше қаржылары беріліп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрманғазы ауылында ауылішілік жолдар қайта жөнделіп жатыр. Хиуаз, Нұржау, Орлы, Бірлік, Сафон, Приморье, Котяев ауылдарының кірме және ауылішілік автомобиль жолдарының құрылысына қажетті қаржы қарастырылды. Құрманғазы, Приморье, Дыңғызыл ауылдарында жекелеген санаттағы азаматтарға тұрғын үйлер сатып алынды. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында жергілікті бюджеттің кіріс бөлігіне 1343,0, млн теңге түсімдер түсіп, жоспар 134,7 пайызға орындалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 49,0 млн теңге артық түсті. Есепті мерзім ішінде ауыр қылмыс 26 пайызға төмендеді. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық фактілері де азайып келеді.

Одан әрі аудан басшысы алдағы міндеттерді саралап, бірлесіп жұмыс жасауға, басты мақсаттарды ойдағыдай жүзеге асыруға шақырды. Қоғамдық Кеңес мүшелері Ш.Жалелов, Т.Өтеулиев, Қ.Жармұханбетовтың қойған сұрақтарына орай ұғынықты жауап қайтарды. Қоғамдық Кеңес мүшелері Қ.Жармұханбетов, Т.Өтеулиев ауданда 6 айда бірқатар жұмыстардың атқарылғандығына тоқталып, су проблемасы, инфрақұрылым, қой шаруашылығы, санитарлық тазалық, өкпе аурулары жөнінде өз пікірлерін айтып, назар аударатын жайларды атады. Қоғамдық Кеңес мүшесі Ш.Жалелов көптеген проблемалық мәселелер жөнінде сөз қозғап, жұмысты жетілдіруді ұсынды.

Қоғамдық Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы міндетін атқарушы Ф.Қисымов "Жергілікті полиция қызметінің 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмысы туралы" хабарлама жасады. Ол аудан бойынша криминогендік ахуалдың тұрақтылығын атай келіп, тіркелген қылмыс санының алты айда 26,3 пайызға төмендегеніне тоқталды. Полиция қызметімен жүргізілген тексерістер мен зерделеулерге талдау жасады. Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кешенді іс-шаралардың орындалысы туралы түсінік берді. Жасы кәмелетке толмағандармен атқарылған жұмыс, олардың құқығын қорғау жайлы кеңінен сөз болды. Жол қозғалысы мен көшедегі қоғамдық тәртіпті қадағалау, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, табиғатты қорғау жөніндегі полиция қызметінің өз міндеттерін орындау барысындағы жұмысына да тоқталды. Аудандық атқарушы органдардың полиция қызметін одан әрі жетілдіруге ерекше қамқорлық жасап отырғанына ризашылық білдірді. Азғыр аймағынан құрамында 13 қызметкері, 4 автокөлігі бар полиция бөлімшесі ашылды. Кудряшов, Құрманғазы, Асан, Көптоғай ауылдық округтерінде жаңа жобамен тірек пункттері салынып, учаскелік полиция қызметкерлеріне тұрғын үй бірге берілетін болып шешілуде.

Б.АБДОЛОВА,

аудандық Қоғамдық Кеңестің хатшысы.