Браконьерлер енді басына алмайды

(0 Votes)

Бұған дейін қанша қадағалап, қанша жерден бақылау жасағанымызбен браконьерлік жалғасып келді.

Ұсталып, тұтылып, айыппұл төлеп жатырғандары да бар. Темір торға басы түскендерді аяғанымызбен қолдан келер шара жоқ. Өйткені еліміздің Заңы ортақ. Қай жерде, қандай ма болмасын браконьер атаулыда аяушылық деген болмайды. Олар хайуаннан бетер жыртқыштар. Туған жер туралы ойлау, мүлгіген табиғат дүниесіне сүйіспеншілікпен қарау деген түсініктен олар мақұрым қалғандар. Осылай деп ренішпен айтпасыма болмай отыр. Өйткені нуымызды өртеп, аң біткенді қырып, су тыныштығын бұзып, балық-байлығымызға ашкөздікпен тиісіп жатырған жайларды осы салада өткен 40 жылдан астам ғұмырымда талай кездестірдім.

«Мың асқанға – бір тосқан» демекші, енді Заң күшейтілетін болады. Заңсыздықпен табиғат байлығына қол сұқтың ба, өзіңе-өзің өкпеле! Ұсталасың, қатаңырақ емес, қатаң жауап бересің! Өйткені күні кешегі жаңа Жолдауда Президент 2 айда браконьерлерге қарсы заңды күшейтуді тапсырды. Ендігі жерде оңай олжаға құныққандар Президенттің Жолдаудағы мына сөздерін еске ұстаулары тиіс: «Таяудағы қайғылы оқиға ұйымдасқан қылмыстың қауіпті түрі ретіндегі браконьерлік проблемасын ашып берді. Браконьерлер жақсы жабдықталған, қаруланған, жазаланбайтындықтарын сезінеді. Тек осы жылдың өзінде ғана олардың қолынан жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі екі инспектор мерт болды... Браконьерлер біздің ұлттық байлығымыз – табиғатты аяусыз құртып жатыр». Осылай деген Президент Жолдау мәтінін таныстыру сәтінде таяуда Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл көлінде браконьерлердің жолы кесілгенін айтты.

Бұдан біздің аумақтағы браконьерлер де сабақ алулары тиіс. Бұл кімдерге қаратып айтылған сөз екенін іштері біліп отыр деп ойлаймын. Заңсыз олжаларымен қолға түскен соң, беделді туыстарын іздейтіндер енді ондайдан мүлде үміттенбеулері тиіс. Заң қатайды. Тікелей Президенттің өзі маңыз беріп отырғанда басқадай деуге келмейді. Дұрысы, мүлгіген табиғатымыздың тыныштығын бұзбай, заңнан тыс әрекеттерге бармай тыныш жүргенге не жетсін! Өкінішке орай көбінде олай болмай жатады.

Жаңа Жолдауда табиғатымызды қорғау мәселесіне айырықша көңіл бөлінді. Президентіміз нақтылы мысалдар келтіріп айтты. Табиғат қорғаумен ауданда тікелей айналысып отырған біздің инспекцияның да материалдық-техникалық базасы одан әрі нығаяды деген сенімдеміз. Өйткені, кейде браконьерлердің техникалық құралдары біздікінен асып түсіп жатады.

Таңатар Қуанәлиев,

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция мемлекеттік мекемесінің

Құрманғазы инспекция бөлімінің бас маманы, «Құрмет» орденінің иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521