Бизнеспен айналысуға ауыл тұрғындары асығар емес

Аудан тынысы

Елбасының әлеуметтік жаңғыруға бағытталған бес бастамасының бірі – кәсіпкерлікке баулу, шағын несиені өрістету.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және жұмыссыз тұрғындар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында «Бастау-бизнес» жобасы мен жеңілдетілген шағын несие беру бүгінде өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Осыған орай, Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының бір топ өкілдері ауданымызға келіп, кәсіп ашудың қыр-сырын үйрететін «Бастау-бизнес» жобасы бойынша оқыған азаматтар кәсібін ашуға, яғни несие рәсімдеуге құлшыныстары төмен екендігін алға тартып, оған не себеп болып отырғандығын білгілері келді. Топтың құрамында Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов, директордың орынбасары Серік Сәрсекенов, кәсіпкерлердің құқығын қорғау туралы уәкілінің аймақтық сектор меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев, палатаның әкімшілік бөлімінің басшысы Ерлан Убиғалиев, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің сарапшысы Аслан Дәулетов бар. Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында кейбір ауылдық округ әкімдері, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері, аталмыш жоба бойынша оқыған азаматтардың қатысуымен өткен жиналысты аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов ашып, күн тәртібімен таныстырды.

Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов: - Былтырдан бастап еліміз бойынша жаңадан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жүзеге асырыла бастады. Елбасы 2050 жылға қарай еліміздің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі екі есеге артып, ең кемінде 50 пайызды құрауы тиіс екендігін айтқан еді. Мұндай межеге жету үшін мемлекеттік қолдаудың нақты тетіктері де белгіленді. Аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту, тың бастамаларға қол ұшын беру, аудандарда шағын несие беру үлесін көбейту көзделген. Соның бірі «Бастау бизнес» жобасы. Оның мақсаты – бизнестің дағдыларына оқыту, несие алуға қолдау көрсету, өзін-өзі жұмыспен қамтитын және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікке тарту арқылы ауыл халқының экономикалық белсенділігін арттыру. Былтырғы жылы облысымызда бұл жоба бастау алды. Бірақ нәтиже көңілге қонымды болмады.

Биыл Атырау облысы бойынша 1325 адамды оқытуды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 266-сы өз бизнесін бастау қажет. Құрманғазы ауданында тізімдегі 257 адамның 170-ін оқытып үлгердік. Бүгінгі таңда тек 17 жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қаржыландырылды. Биыл әр ауданда кемінде 50 адам өз бизнесін ашу қажеттігі жөнінде тапсырма жүктеліп отыр. Осыған байланысты республикалық бюджеттен 1 млрд.-тың үстінде облысымыз қаражат алды. Бұл қаржы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорына, агро несие корпорациясына, «Даму» қоры арқылы «Сбербанк» және қаржы институттарына бөлініп берілді. Алайда оны игеруде облысымыздағы аудандар өте төмен нәтиже көрсетуде. Сондықтан, несие алып, кәсібін бастауға ауыл азаматтары неліктен білегін сыбана кіріспейді? Әлде бұл бағыттағы үгіт-насихат жұмыстары кемшін бе? – деген облыстан келген лауазым иесі ауылдық округтер бойынша жобалары қаржыландырылған азаматтардың тізімін атап, аудандағы кәсіпкерліктің даму жайына тоқталды.

ҚОРДАЛЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ? Жеке кәсіпкер Б.Амиров несие рәсімдеуде құжат айналымы ұзақ уақыт алатынына, бір қағаз үшін қалаға бірнеше рет барып шығынға бататынына реніш білдірді. Сондықтан ,алдағы уақытта палатаның аудандағы филиалынан құжат қабылдайтын бір орын ашу жөнінде ұсыныс білдірді. Шаруа қожалық иесі С.Алғаязов ауылдық жерлерде несиеге қол жеткізген адамдар көбіне мал шаруашылығымен айналысатынын, ал бүгінгі таңда оларға жер мәселесі қиындық келтіріп отырғанын, яғни оның бағасы екі есеге шарықтап кеткенін алға тартты. Теңіз ауылдық округінің тұрғыны, шаруа қожалық иесі Т.Сұлтанғалиев «Сыбаға» бағдарламасы бойынша малды тек шетелден алуға рұқсат етілетінін, ал олар ауру болып шығып жатқанын ашына айтып, аталмыш бағдарламаға жергілікті жердің төрт түлігін пайдалану жөнінде өзгерістер енгізуге кеңес берді.

Шаруа қожалық иелері Рашид Қабдешовты «Бастау-бизнес» жобасы республикамыздың басқа облыстарында тәжірибе жүзінде нәтижесін берді ме, мақсатына жетті ме?» деген сұрақтар толғандырса, Е.Құбашев малды асылдандыру, қолдан ұрықтандыру, жүн-теріні пайдаға асыру, субсидия алудағы қиындықтар, бағдарламалардың өміршеңдігі, өңірде мал шаруашылығын өркендетудегі ортақ түйткілді мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Жеке кәсіпкер М.Хайрлиев егін салуға алған субсидияға қатысты сұрағын қойса, «Бастау-бизнес» жобасының тыңдаушысы Ж.Утесинов кепілдік бойынша кейбір жайттарды қозғады. Жеке кәсіпкерлер М.Ғабдушев несие беруде банктермен ортақ ереже бекітудің маңыздылығын қаперге берсе, ардагер ұстаз Ш.Жәлелов мал шаруашылығын дамытуға кедергі келтіріп отырған қыр өңіріндегі су мәселесін көтеріп, заман талабына сай маман дайындау үшін колледждерге «Бастау-бизнес» жобасын енгізу туралы ұсынысы мен ескертпелерін ашық талқыға салды. Шаруа қожалық иесі Т.Избанова ауданымызда жылқы шаруашылығын дамытуға жер мәселесі қиындық келтіріп отырғанын тілге тиек етсе, жеке кәсіпкер С.Мұқашева шағын нан пісіру цехына өз қаражатымен жылуын тартқан кезде, енді ток көзінен ажырап қалғандықтан амалсыз кәсібін жабуға тура келетінін айтып ренішін білдірді. Өз кезегінде кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайтын облыстан келген лауазым иелері айтылған мәселелерді жан-жақты зерделеп, кейбір түйткілді жайларды қағазға түсіріп алды. Жиналысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ж.Хасанов бизнесті дамытуға тиімді әрі қолайлы орта қалыптастырудың нақты жолдарын көрсетіп, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мақсатында жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізген аталмыш палатаның өкілдеріне қатысушылар атынан зор ризашылығын жеткізді. Соңынан кәсіпкерлердің құқығын қорғау туралы уәкілінің аймақтық сектор меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев пен палатаның аудандық филиалының басшысы Ұлыбек Өтегенов кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелерін толғандырған мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізді.

Айнагүл ШАКУПОВА,

Құрманғазы ауданы.