Біраз мәселе көтеріліп, жауаптар қайтарылды

Аудан тынысы

Аудандық Қоғамдық кеңестің есеп беру жиынына аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихаттың депутаттары, бөлім мен мекеме басшылары, округ әкімдері, қоғамдық кеңестің мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Есеп беру жиынын аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров жүргізді.

Алғашқы кезекте аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ауданымыздың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы (толық мәтіні газетімізде жарияланды) баяндама жасады. Баяндамасында аудан басшысы атқарылған жұмыстарға және алда тұрған міндеттерге қысқаша тоқталды. Өз хабарламасында аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов VI сайланған мәслихат депутаттарының жыл ішінде атқарған жұмыстарын тілге тиек етті. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров та хабарлама жасап, үш жыл ішінде жасалған жұмыстармен таныстырды.

Қоғамдық кеңестің мүшесі Шайхатолла Жәлелов кейбір мектептерде, аудандық агроколледжде күрделі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмағанын, қыр бойындағы округтерде мал басы кемігенін, өткен жылы кәсіпкерлер саны да азайғанын, Ғилаев көшесінде апатты жағдайда тұрған қос қабатты үйлер барын айтты. Ақкөлдегі балабақшаны мектепке беруді жоспарға кіргізу, Құрманғазы ауылының Шипажай, Болашақ мөлтек аудандарына инфрақұрылым тарту жайын сұрады. Берген жауабында аудан әкімі Б.Шаяхметов білім ордаларында жөндеу жұмыстары жалғасып жатырғанын, оның мезгілінде аяқталмағаны мердігердің жауапсыздығынан екенін, қазір ол экономикалық сотқа жолданғанын жеткізді. Мал басының төмендеп кетуінің басты себебі Азғыр бойындағы үш округте интернет желісі баяулығынан деректердің дер кезінде мәлім етілмеуі салдарынан болғанын түсіндірді. Құрамында мәслихат депутаттары бар арнайы комиссия қыр бойында болып, орын алған жағдаймен танысқанда мал басы кеміп кетпегенін анықтаған. Ақкөлдегі балабақша мектепке берілмейді, қазіргі ғимараты оқушыларға тарлық етіп отырғандықтан бұл округте жаңа мектеп салу жоспарда бар. Одан әрі аудан басшысы Құрманғазы ауылының жаңа екі мөлтек ауданына инфрақұрылым тартылуда екенін айтты. Кәсіпкерлікке қатысты сұраққа жауап қайтарған аудан әкімінің орынбасары Ж.Бектеміров оның саны аздап кемігені патент алып, кейін вахтаға кетуіне байланысты кәсіпкерлігін тоқтатқан таксистермен байланысты екенін жеткізді.

Қоғамдық кеңес мүшесі Төлеп Өтеулиев қоқыс төгетін полигон маңы қоқып жатырғанын, зейнетақымен бірге баға да көтерілетінін айтып, бір шарасын алуды сұрап, мәслихат депутаттары алты айда немесе жылына бір рет болсын халыққа есеп беріп отыруы қажет деген ұсынысын ортаға салды. Қоғамдық кеңес мүшесі, Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов жөндеу біткенше оқушылар ата-аналарының келісімімен арнайы бөлінген орындарда оқуда екенін жеткізсе, аудандық мәслихаттың депутаты Мансұр Қуаншәлиев Азғыр өңіріне интернет тарту жайын қозғады. Аудан әкімі Б.Шаяхметов округ әкімдеріне мал басы туралы мәліметтерді уақытында жіберуді тапсырып, қыр бойына талшықты-оптикалық байланыс жүйесі көршілес Орал облысынан тартылғалы отырғанынан хабардар етті.

Коғамдық кеңестің есеп беру жиынының соңында аудан әкімі Б.Шаяхметовке «Құрманғазы ауданына 90 жыл» төсбелгісі, бір топ адамдарға аудан әкімінің, облыстық, аудандық мәслихаттардың алғыс хаттары табысталды.

Қанат ҒҰМАРОВ.