Азғырға дейінгі алты жүз шақырым

Аудан тынысы

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ауданымызда болып, әлеуметтік нысандарды аралады.

"ҚҰРЫЛЫСҚА АР-ҰЯТЫҢЫЗБЕН ҚАРАҢЫЗ"

Бейсенбі күні түстен кейін облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев ауданымызға іссапармен келді. Ауданымызды аралауды Нұрлан Асқарұлы алдымен Кадырка ауылында салынып жатырған 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысынан бастады. Бұл құрылыс учаскесінің жалпы алаңы 1,23 гектар. Жобаның сметалық құны 753,190 млн. теңге. Биылғы жылы ақпан айында басталған, келесі жылдың қаңтарында тапсырылады деп күтілуде. Мердігер мекеме «GAZ story montazh KZ». Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы, жұмыс «НКОК Н.В» компаниясы арқылы жүргізілуде. Мұнда 40 шақты адам жұмыс жасауда, оның 30-ы жергілікті жерден.

Облыс басшысы құрылыс материалдарының қайдан әкелініп отырғанын, нысан жұмысында не себепті кідіріс болғанын сұрап, қазақстандық материалдарды қолдану керектігін айтты. Құрылыс басына қызыл кірпіш ауданымыздан, селикат тастар Ақтөбеден жеткізіліпті. Осындағы техникалық бақылаумен айналысатын атыраулық жас маманға үнемі құрылыс басында болып, жұмыстың сапасын қадағалап отыруы ескертілді. Мердігер мекеме өкілінен Нұрлан Асқарұлы өзінің, аудан басшысының тарапынан қандай көмек керектігін сұрады.

Сол күні облыс басшысы Бұзауслан ауылында салынып жатқан 75 төсек орындық аурухана құрылысының басына да барды. Аталған құрылысты жүргізіп жатырған мердігер мекеме «КАЕС Строй ко» ЖШС. Биылғы жылдың мамыр айында басталған нысан, 2019 жылдың қарашасында аяқталады деп жоспарланған. Аурухананың іргетасы әзірге жарты метрдей көтерілген. Нұрлан Асқарұлы мұнда геологиялық зерттеу дұрыс жүргізілмегенін айтып: - Бірінші рет қайталанып отырған жоқ. Шарасын алу қажет. Әлеуметтік нысан дұрыс салынуы тиіс. Жобада қате жіберілмеуі керек. Әйтпесе ертең бір жері отырып, қабырғасы жарылса қырауыр қаржы далаға кетеді. Сіздер мынаны әлде де көтермейінше өре алмайсыздар ғой. Бұған жоба осылай жасалды демей азамат ретінде өзіңіздің ар-ұятыңызбен қараңыз. Бәрі ұсақ-түйекке мән беруден басталады. Бұл көптен күткен нысан, бір салған құрылыс мәңгі тұрсын, - дей келе «КАЕС Строй ко» ЖШС директоры Бақтығали Қонақбаевқа кейбір материалдарды Тараздан тасу уақыт алмай ма деген алаңдаушылығын білдірді. Мердігер мекеме басшысы Ақтауда құрылыс салғанда да Тараздан алғандарын айтып, нысанды уақытында тапсыратындарына сендірді. Аудандық орталық арухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева облыс басшысымен әңгімесінде жобаға ауруларды қабылдау бөлмесінің енбей қалғанын жеткізіп, емхана мен аурухананың ортасы 70 метрдей жер екенін айтып, арасына қосымша құрылыс салып біріктіруді ұсынды. Денсаулық сақтау министрлігі перзентхана, хирургия, терапия, өзге де жұқпалы ауруларға қатысы жоқ бөлімшелерді бір жерге шоғырландыру жөнінде шешім шығарған. Ауа райының өзгермелі екенін ескертіп, аруларды ашық аспан астында екі ортаға тасып жүру тиімсіздігін, әрі оған жедел жәрдем көлігі де ауыса бермейтінін жеткізді. Аймақ басшысы құрылыс қарқын алмай тұрғанда мұны шешіп, қаржы бөлуді орынбасары Серік Шапкеновке тапсырды.

 

ҚҰБЫР ТАРТУ 75 ПАЙЫЗ ОРЫНДАЛДЫ

Ертеңіне облыс әкімі Азғыр өңірін аралау мақсатымен жолға шықты.

Нұрлан Асқарұлы сапарын газ құбырларын жіргізудің барысымен танысудан бастады. Сары құбырлар бұған дейін жазғанымыздай жер бауырлай жылжып келеді. Біраз тұстары көміліп те үлгеріпті. Жұмыс жасап жатырған мердігер мекеме басшыларының мәлімдеуінше күні бүгінге дейін жалпы ұзындығы 365 шақырым құбырдың 274 шақырымы тартылған, яғни, бұл жұмыс 75%-ға орындалған. Суық түскенге дейін оны жерге салып үлгеру жоспарлануда. Қыркүйектің 4-і күні желі бойымен газ жіберіліп, сынақ жасалады. Құбыр бойында 100-ден аса техника, 125 адам шоғырланған. Келесі жылы 19 сәуірде толықтай аяқталады деп күтілуде. Аймақ басшысы жақында болған өрт кезінде қандай зиян келгенін сұрап, газды тек елді мекендерге тартпай жақын маңда отырған шаруа қожалықтарын да қамту керек деген ұсыныс жасады. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бұл жұмыс аяқталмай тұрып көгілдір отынды әлеуметтік нысандарға тартудың жобасын жасау, қазірден бастап газ қазандарын сатып алу қажет деген өз ойын айтты. Нұрлан Асқарұлы мұны округ әкімдерімен арнайы жиналыс жасап, халыққа түсіндіруді аудан әкімі Бибоз Шаяхметовке жүктеді.

 

ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫ ЖАНҒА БАТАДЫ

ҚОШАЛАҚ. Сұрқы қашқан шағын ауылдағы жалғыз үлкен ғимарат бұрынғы бастауыш мектеп өткен жылы бала саны толмауына байланысты жабылды. Ғимараты бос тұр. Облыс басшысы қасына ерген лауазымды басқармалар басшыларымен бірге мұнда жолаушылар үшін жылыну пунктін ашу, қыста жолда батып қалған көліктерді құтқару үшін ауданымызды қуаты күшті автокөлікпен қамту жайын талқылады. 9 үйі бар, қырық шақты адам тұратын ауылдағы кітапханада 5 мыңдай кітап жиналыпты. Кітапханашы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есмұхан Жанизиннің айтуынша газ тартумен айналысып жатырған жұмысшылар да кітап оқуға құштар. Нұрлан Асқарұлы онымен әңгімесінде ауылдың болашағына, судың қандай тереңдіктен шығатынына қызығушылық танытты.

Үштағанға бет алған сапарында облыс басшысы қыр бойы жолының жағдайын көзбен көрді. Бұл енді көптен бері көтеріліп келе жатырған мәселе. Азғырдың жолын жөндеу үлкен мінберлерден айтылғанымен әзірге шешімін таппауда. Мұндағы басты мқсат жолды құм басуын тоқтату. Қаншама рет күрегенімен де әзірге ол мүмкін болмай отыр. Одақ кезінде жартылай салынған биік жолдың да біраз тұсын құм басып, автокөліктер төмен жағымен жүруге мәжбүр. Еріксіз: «КСРО-ның дәурені жүріп тұрған, кеңшарларда қыруар техника бар кезде Азғырға дейін жол неге салынбады?», - деген ойға кетесің. «Жолдың жайы жанға батады», деген облыс басшысы қырға келген сайын осы мәселенің түйінін тарқату жолын іздестіреді. Бұл жерге асфальт төсей алмайсың, жұмсақ құм отырып кетеді немесе оның үстін басады. Кейбір елдердегідей құмның үстімен өтетін биік көпір сияқты жол жасауға жағдай тартпайды. Оған миллиардтаған қаржы жұмсалады. Қырға газ бен ауыз су барғаннан кейін жол жөнделсе халық та тұрақтары анық. Мұны қалай шешуге болады? Атырау облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаев бұрын өтуі қиын сорларға қиыршық тас төселіп, нығыздалғаннан кейін көліктердің жүруі жақсарғанын жеткізді. 282 шақырым Азғыр жолында 11 сор бар. Алға қарай оларды биіктетіп, қыр жолының құмы сұйылып кететін тұстарына оны қатыратын арнайы қоспалар қолдану жайын түсіндірді. Бұл бұрын айтылмаған идея. Оны қалай іске асыруға болатынын сұраған облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы қиыршық тас алатын карьерді заңдастырып, жолдың жүруі қиын жерлерін жөндеудің жобасын тездетіп жасауды тапсырды. Ол жүзеге асқан күнде аудан орталығымен қатынас жақсара түсері анық. Жолай аймақ басшысы Сағырбай қыстауындағы Құрманғазыға қойылған белгіге, Кененбай үңгіріне ат басын бұрды. Ескерткіштің алдындағы киіз үй тәрізді орынға кіріп, ішін жөндеу қажеттігін айтты. Өкініштісі қатты жаңбыр салдарынан ба үңгірдің аузы опырылып, кірер жері бітеліп қалыпты. Алға қарай бұл орынды туристер тартатын аймаққа айналдырғымыз келсе оны аршу қажеттігі айтпаса да түсінікті.

ҮШТАҒАН. 2006 жылы пайдалануға берілген Құрманғазы орта мектебінің директоры Уәлитхан Сағынғалиев мектепте 145 бала білім алатынын, 25 ұстаз, 3 тәрбиеші барын жеткізді. Білім ордасына 3 млн. 650 мың теңгенің парталары мен оқу құралдары алыныпты. Облыс басшысы мектепті түгел аралап, 1983 жылы салынған жатақханасында болды. Ескі мектепті, клубты көріп, жағдайымен танысты. Клубта жастармен өтетін шаралардың, ақылы қызметтің жайын естіген соң Нұрлан Асқарұлы құлау қаупінде тұрған бұл ғимараттың орнына жаңасын салу үшін қанша қаражат қажеттігін білді. Ауылдағы дәрігерлік емханада бір дәрігер, бір акушер, 3 медбике жұмыс жасайды. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Үштағанда өткен жылы 14 бала дүниеге келсе, биылғысы 6 сәби. Емхана ғимараты ескі, 1988 жылы салыныпты. 2015 жылы жеңіл жөндеуден өткен. Жақында жаңбыр жауғанда төбесінен су кетіпті, күрделі жөндеу жүргізу керек.

АЗҒЫР. Кезінде ядролық полигон болған елді мекенде 1986 жылы салынған 8 жылдық мектеп, 70-ке жуық үй бар. Ескі білім ұясының ішін аралап көрген облыс басшысы оның директорынан қандай көмек керегін сұрады. Ауыл тұрғындары жол кеңейтілсе, клуб салынса, үйлерге газ тартылса деген тілектерін жеткізді. Жол жөнінде облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Қ.Нұртаев түсінік беріп өткен соң, оларға клубтың ЖСҚ жасақталғаны, көгілдір отын бюджет арқылы мектептер мен әлеуметтік нысандарға, аз қамтылған отбасыларына тартылатыны, ал жеке үйлерге тұрғындар өз қаражаттарымен кіргізетіні түсіндірілді. Одан әрі Н.Ноғаев Балқұдық жеңілдетілген шекарадан өткізу пунктінде, жақында ашылған Азғыр полиция бөлімшесінде болып, жай-күйін көрді. Балқұдық шекара заставасындағы жауынгерлердің хал-жағдайларымен танысып, олардың Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып шығуларына тілектестігін білдірді. Балқұдық орта мектебіне барғанда жасалған жөндеу жұмыстарының сапасы ренішін туғызды. Облыс басшысы осындағы ауруханаға да кіріп, дәрігерлермен әңгімелесті. Қандай мамандар жетіспейтінін сұрағанда мұнда тіс дәрігері қажет болып шықты.

ӘЛЕУМЕТТІК ОБЪЕКТІЛЕР КҮТІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

СҮЙІНДІК. Ауылдық мәдениет үйіндегі кітапханада болған Нұрлан Асқарұлы газет-журналдар аптасына неше рет келетініне қызығушылық танытты. Мәдениет үйінің директоры Жанабіл Шадановпен сөйлесіп қандай үйірмелер барын сұрап, ардагерлер, би бөлмелерін көрді. Ғимарат алдындағы Ұлы Отан соғысында қаза болғандар ескерткішінің сиқы кетіп тұр екен, округ әкіміне соны күтіп ұстауды тапсырды. Сүйіндік орта мектебіне жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасы, сынып бөлмелерінің кейбірінің есігіндегі тұтқасы қисайып тұрғаны, терезе жақтауы астынан бермен қарай жаңбыр кеткені де Нұрлан Асқарұлының сынына ілікті. Мектеп алды дайындық ғимаратына жөндеу жүргізу жөніндегі осыдан екі жыл бұрын берілген тапсырма да орындалмаған. Балабақша басшысы Гүлбара Лұқпанова облыс басшысына тәрбие орынына керуеттер, төсек-орндар, жиһаз керектігін айтты. Жалғызапан ауылындағы Лабай орта мектебі құрылысының уақытынан кешігу себебін сұрағанда ЖСҚ-ын жасақтағанда материалдарды тасымалдау шығындары қаралмағандықтан екені анықталды. Облыс басшысы жауапты адамдарға алға қарай мұндай кемшіліктерге жол бермеуді тапсырды. Мердігер мекеме «Атырау ЖБИ-2005» ЖШС өкіліне құрылысты биылғы оқу жылына дейін аяқтауды міндеттеді. Шағын ауылдағы 1972 жылы салынған ауылдық клуб та ескіріпті. Келесі кезекте облыс басшысы Жалғызапан-Басқұншақ шекаралық бақылау бекетіне ат басын бұрды. Мұндағы шекарашылармен әңгіме барысында тұрғындардың әрлі-берлі өтуі мен жүк тасымалына қойылатын шектеулер жайы қозғалды.

Қоянды топтық су құбыры басында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевты «Атыраусушар» ЖШС басшысы Асланбек Русжанов қарсылады. Екі жақты әңгіме барысында қыр бойындағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жайы талқыланды. Мұнда 60 ұңғы, 2 су жинайтын орын бар. Қыр бойын түгел қамту үшін тағы үш ұңғы бұрғылануы қажет. Ауылдарға су құбыры тартылған. Тұрғындарға есептегіш орнатқан жағдайда суға төленетін ақша 30, ол болмаса 40 теңгемен есептеледі. Қалған төлемді субсидия жабады. Бірақ, су құбыры тартылса да әлі күнге дейін оны ауласына кіргізбей, бір автокөлік ауыз суды 1200 теңгеден алып отырғандар да бар екенін естідік. Облыс әкімі Н.Ноғаев ауыз суды үйлерге тартудың жобасы жасалуы қажеттігін нақтылады. А.Русжанов өз тарапынан «К-700» тракторы, қуаты күшті су таситын көлік бөлінуін сұрады. Сапар барысында Қоңыртерек, Егінқұдық, Батырбек ауылдары да араланды. Егінқұдықтағы жабылған мектеп ғимаратына бірер жыл бұрын қыруар қаржы жұмсалып жөндеу жүргізіліпті. Ауылдағы жалғыз әлеуметтік нысан қазір бос тұр. Бір жылдан кейін жабылатын ғимаратқа не себепті жөндеу жүргізілгені түсініксіз. Осыған қынжылыс білдірген облыс басшысы енді оны қандай мақсатқа пайдалануға болатынын сұрап, азып кетпеуін қадағалау қажеттігін ескертті.

Асан ауылдық округінде Н.Ноғаев Б.Момышұлы орта мектебінде, медпунктте, салынып жатырған полиция мекемесі мен учаскелік инспекторға арналған баспананың құрылысы басында болды. Тұрғындарды көргенде бұрылып барып амандасатын дағдысынан жаңылмайтын Нұрлан Асқарұлына олар: - Тікұшақпен келмей, үнемі біз жүретін жүздеген шақырым қиын жолмен жетесіз. «Ұлық болсаң кішік бол», деген ғой халқымыз. Бәрін осылай аралап, өз көзіңізбен көретініңізге дән ризамыз, - деді ағынан жарылып. Екі күн Азғыр өңірін түгелге жуық аралаған аймақ басшысы әлеуметтік нысандарды көзбен көріп, біраз жағдайларға қанықты. Олардың шешімін күткен мәселелерімен жергілікті жерде танысып, қасына ілескен лауазым иелеріне тиісті тапсырмаларын берді.

Қанат ҒҰМАРОВ.