«Ардагерлер ісі – болашаққа тарих»

Аудан тынысы

Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мептепте полиция подполковнигі, «Қазақстан Республикасы ішкі істер қызметінің құрметті ардагері» медалі, «Қазақстан Жол полициясының ардагері» төсбелгісінің иегері, аталған білім ошағының түлегі Гайсин Дүйсенбек Тастанбайұлының «Ардагерлер ісі – болашаққа тарих» атты кітабының тұсаукесер кеші өтті.

Оған округ әкімшілігі, ауыл үлкендері, ағамыздың бірге оқыған сыныптастары, педагогикалық ұжым мен мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Ауылдық ардагерлер ұйымының мүшелері А.Тойлыбаев пен Ө.Амиров оқырманға жол тартқалы отырған рухани қазынаға сәттілік тілеп, тұсаукесер лентасын қиды. Олар өз сөздерінде халқы үшін еңбек еткен азаматтарды бүгінгі жастар білу қажет¬тілігін, мұндай іс-шаралардың ұрпақ үшін жиі ұйымдастырылғаны маңызды екенін жеткізді.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Қаменова жарыққа шыққан еңбек жайында танымдық талдау жасап, оның ішкі мазмұнымен таныстырды. Автор өз туындысында жан дүниесін тебіренткен ой-толғамдары, өмірде көрген-түйген пікірлерімен бөліскенін айтып, әрі қарай оқушылар кітаптағы шығармалардан үзінділер оқыды. Кеш қонағы Дүйсенбек Тастанбайұлына округ әкімі аппаратының бас маманы Н.Сағынғалиева ауыл әкімі О.Тәжібаевтың атынан алғыс хат пен естелік сыйлығын табыстады. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Сапарғалиев автордың азаматтық қырына, адамгершілік қасиетіне тоқталып, сый-сияпатын жасады. Ағаның бірге оқыған сыныптастары да өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, балалық шақтың қызықты кезеңдерін еске алып, өздерінің мақтанышы санайтын Дүйсенбек Гайсиннің ел мүддесіне қызмет ете беруін тілек етті.

Соңында кеш қонағы аға буыннан бойына сіңірген тағылым мен тәжірибенің жемісі өзіне әлі күнге азық болып келетінін, сондықтан шығармаға осындай атау бергенді жөн көргенін алға тартып, туған жерінің кеңпейілділігіне, бауырмалдығына, ыстық ықыласына тәнті екенін жеткізді.Ұйымдастырушыларға өзінің атынан ризашылығын айтып, алтын ұя мектебінің алдағы уақытта зор табыстарға жете беруіне тілектестігін білдірді.

А.Шакупова