Адал еңбекке – лайықты баға

Аудан тынысы

Жыл сайын дәстүрге сай еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күніне орай өз өңірлерінің өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан азаматтар Елбасының Жарлығымен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарға ие болып, абырой-мәртебелері асқақтайды.

Биылғы жылы осындай марапаттардың біріне қол жеткізіп, мерейі тасыған ауданымыздың балық шаруашылығы саласында 45 жыл үзбестен еңбек еткен «Атырау облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» ММ-нің Құрманғазы инспекция бөлімінің бас маманы Таңатар Қуанәлиевті зор мақтанышпен айта аламыз. Астана қаласында өткен салтанатты шарада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген «Құрмет» орденін табыстады.

Бұл құрманғазылықтар үшін биік мәртебе, ортақ жетістік десек артық айтқандығымыз болмас. Таңатар ағамыз өмірінің саналы ғұмырын аталмыш саланың дамуына арнап, елдің байлығы – су маржандарын қорғау және молайту бағытында тынбай жұмыстанып келеді. Қарапайым еңбек адамының мұндай дәрежеден көрінуі оның өзіне тән байсалды, кішіпейіл мінезімен қатар қызметіне адалдық, асқан жауапкершілік танытып, абыройға бөленгенінің арқасы деп білеміз.

А.Шакупова