Атырауда жазғы кештерді мазмұнды әрі көңілді өткізуге бағытталған мәдени жоба өз жалғасын тапты. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Салтанат сарайының алаңында өткен «SOL BIR KESH» мәдени-демалыс кештері қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған жоба тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, мәдениет пен өнерді көпшілікке жақындатуды мақсат етті. Жаздың жаймашуақ кешінде қала тұрғындары арнайы безендірілген алаңға жиналып, өнерпаздардың өнерін тамашалап, әсем әуенге бөленді.

Жоба аясында көрермен назарына түрлі жанрдағы концерттік және ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Шығармашылық ұжымдардың концерттері, караоке кештері, акустикалық музыкалық бағдарламалар, балаларға арналған мюзикл, арт-терапия, сондай-ақ ретро және эстрадалық әндер мен билер кеші көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Әсіресе ашық аспан астындағы музыкалық кештер қала тұрғындарының қызығушылығын арттырды. Әуезді ән мен әсем биді ұштастырған өнерпаздар көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жазғы кештің ерекше атмосферасын қалыптастырды. Балаларға арналған бағдарламалар да бүлдіршіндердің қуанышын еселеп, отбасылық демалыстың мазмұнын арттыра түсті.
«SOL BIR KESH» жобасы – мәдени шараларды дәстүрлі сахна төрінен ашық кеңістікке шығарып, өнерді халықпен етене жақындастыратын игі бастамалардың бірі. Мұндай кештер тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастырумен қатар, жергілікті шығармашылық ұжымдардың өнерін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Жаз бойы жалғасқан мәдени кештер Атыраудың ажарын ашып, қала тұрғындарына жайдары көңіл күй мен жақсы әсер сыйлады. Өнер мен әуен тоғысқан «SOL BIR KESH» кештері көпшілік үшін жазғы демалыстың есте қаларлық сәттеріне айналды.
Айбөпе САбЫРОВА

