Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты «Мүгедектердің спорттық клубы» қазыналық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ұйымдастыруымен Атырау қаласында шахматтан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында іріктеу чемпионаты болып өтті. Шаршы тақтадағы ойшылдардың шайқасы өте тартысты болып, нәтижесінде құрманғазылықтар жақсы нәтиже көрсетті.
Көзі нашар көретіндер арасындағы бәсекеде республикадан жүлде алып жүрген Құрманбай Медеуғалиевке тең келері болмады. Тірек-қимылы зақымдалғандардың сайысында ауданға танымал Мыңбаевтар шахматшылар әулетінің өкілі Боранбайдың бағы жанып бас бәйгені қанжығасына байлады. Ал ойшылдардың ойнындағы тағы бір шахматшымыз Аманбек Төлегенов болса үшінші орынға табан тіреді. Облыстың іріктеу біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көрінгендер алдағы Шымкент қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында бағын сынайды. Спортшыларды жарысқа аудандағы мүгедектер клубының нұсқаушысы Жігер Батырғалиев дайындап барды.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ


