Атыраулық көкпаршы Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан намысын қорғады

(0 Votes)

«WORLD NOMAD GAMES 2026» VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынында көкпардан жеңіске жеткен Қазақстан ұлттық құрамасының сапында атыраулық спортшы Абылай Ұлықпанов та өнер көрсетті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Абылай Ұлықпанов 2024 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының сапына қабылданған. Алайда 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық кезінде жарақат алып, жарысқа қатыса алмаған. Араға екі жыл салып, спортшы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ұлттық құрама сапында бақ сынады.

– Биылғы додаға дайындық үш кезең бойынша жүргізілді. Алғашқы кезеңде Алматыда физикалық дайындыққа басымдық берілді. Кейін Ұзынағаш ауылында атпен жаттығулар өткіздік. Ал үшінші кезең Қырғызстанда өтіп, команда жарыс жағдайына бейімделді, – деді А.Ұлықпанов.

Спортшының маңызды жетістіктерінің бірі – 2023 жылы Қызылорда облысында өткен Қазақстан чемпионатындағы жеңісі. Сол жарыста «Нарын» командасының капитаны болған Абылай Ұлықпанов бастаған құрама Қостанай командасын 5:1 есебімен жеңген. Бұл додада спортшы оң аяғынан жарақат алған.

Ал биылғы Көшпенділер ойынында атыраулық көкпаршының ойыны әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударды.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT